Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Баламды 2,5 сағат бойы қабылдамады": Ақтөбе облысында алты айлық сәби дәрігерлердің салғырттығынан көз жұмды

Ақтөбе облысында алты айлық сәби дәрігерлердің салғырттығынан көз жұмды деген ақпарат тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: life.ru

Мәліметтерге сәйкес, алты айлық Бәйтеби Ақберен жедел ішек инфекциясынан қайтыс болған. Баланың анасының сөзінше, Шалқар аудандық ауруханасының дәрігерлері шұғыл медициналық көмек көрсетудің орнына, баланы 300 шақырымнан астам жердегі Ақтөбеге жіберген.



“Жолда баламның жағдайы нашарлап бара жатқан соң, жанымдағы медбикемен бірге Ембі қаласына тоқтадық. Онда, облыстық ауруханада, екі жарым сағат бойы баламды қабылдаудан бас тартты. Артынша осы аурухананың дәрігерлері баланы тікұшақпен Ақтөбеге жіберу үшін санитарлық авиацияны шақырды. Бірақ ол кезде кеш болған еді. Дәрігерлер келген кезде балам көз жұмды”, – деді сәбидің анасы. 

Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Ақтөбе облысының полиция департаментінен мән-жайды сұрап білді.  

“Аталған факті бойынша Шалқар аудандық полиция бөлімі Қылмыстық кодекстің 317-бабының 3-бөлігі (Медицина немесе фармацевтика қызметкерінің кәсіптік міндеттерін тиісінше орындамауы) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады. Ауырып жатқан балаға аурухана қызметкерлерінің уақытында көмек көрсетпеуі туралы тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Іс бойынша Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті департаментінің тексеру нәтижелері ескеріледі. Сол бойынша жәбірленушіні емдеуге қатысқан барлық қызметкердің әрекетіне құқықтық баға беріледі”, – делінген хабарламада.

Айта кетейік, бұған дейін Ақтөбе облысында жеті айлық ұлынан айырылған әке екі жарым айдан бері аудандық дәрігерлерді жазаға тарта алмай жүргені туралы жазған едік. Оның сөзінше, екі мәрте ота жасалған жалғыз ұлына медицина мамандары дер кезінде көмек көрсетпеген.

Талқылау