"Балам тәртіпті, сенбеймін": Атырауда өлі табылған ерлі-зайыптының құдағиы күдікті туралы айтты
Фото: Qamqor.gov.kz/Видеодан скрин
Атырауда із-түссіз жоғалып кеткен отбасының хабарсыз кеткеніне қатысы бар деп сол әулеттің күйеу баласы күдікке ілініп отыр. Күні кеше мәйіттері өз үйінен табылған Мақсот Мұқанғалиев пен Нәсіп Өтешқалиеваның құдағиы ұлымен соңғы рет қашан хабарласқанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Күдікті Сұлтан Сәрсемәлиевтың анасы Гүлнар Әзмұқанова ұлымен соңғы рет 11 желтоқсанда сөйлескен. Содан бері хабар ала алмай отыр. Келіні Ақбаян Мұқанғалиева психдиспансер есебінде тұрған көрінеді. Сол себепті балаларды өзі бағып-қағады екен. Ал күдікті мен әйелі Атырауда үй жалдап тұрған.
“Мен баламды өйтіп тәрбиелеген жоқпын. Балам тәртіпті. Ондай жолға барады деп ойламаймын. Құдай сақтасын, мүмкін емес ол, мүмкін емес. Сенбеймін. Әкесі қатты, әкесінен қорқады негізі. Әскерден келген соң күзетте жұмыс істеді. Қазір істемейді, жүк тасушы болып істеп келеді”, – дейді Гүлнар Әзмұқанова.
Әйел марқұм құдаларымен етене араласпаған. Тіпті келіні Ақбаян ауырғалы “қызын іздеп келмеді” деп ренжіп отыр. Ол зейнет жасында болса да, немерелерімді өз жауапкершілігіме аламын деп бекініп отыр. Бес баланың үлкені 10 жаста, кішісі бір жаста. Махамбет ауданы білім бөлімі мамандары “балаларды бақылауға алдық, әзірге ата-әжесінде болады” дейді.
“Балаларға беретін ата-аналарының жоғалғаны, хабар-ошарсыз деп танылғаны, я болмаса, басқадай ақпарат қолымызда жоқ. Қорған болу мәселесі осы іс анықталғаннан кейін қаралады. Оған дейін ата-әжесі қараймыз деп отыр, сол кісілерге сенім білдіріп отырмыз”, – деді Махамбет ауданы білім бөлімінің қызметкері Айтөре Әбенова.
Айта кетейік, өз үйінен өлі табылған ерлі-зайыпты күні кеше жер қойнына тапсырылды. Ал полиция қанды қылмысқа осы отбасының күйеу баласы Сұлтан Сәрсемалиевтің күдікті екенін бүгін ғана ресми растады.
Атырау облысы ПД Криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары Абай Жұмабаевтың айтуынша, Атырау облысында Жангелді ауылының тұрғындарын өлтіру дерегі бойынша күдіктіге іздеу жарияланды. Қылмысқа күдікті – Атырау облысы Махамбет ауданының 29 жастағы тұрғыны. Сондай-ақ өзге де тұлғалардың қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.
- Атырауда жоғалған отбасы: Күдікті күйеу баланың ағасы бауыры туралы айтып берді
- "Өте діндар, әйелін сыртқа шығармайтын": Атыраулық отбасының өліміне күдікті күйеу бала жайлы не мәлім
Сұлтан Сәрсемалиев пен оның әйелі Ақбаян Мұқанғалиева Атырау қаласынан осы үйдің бір жағын жалға алып, бір жарым жылдай тұрған. 5 қараша күні Жангелдин ауылынан жоғалғандардың бірі Мейрамгүл Қарабалиеваны алып шығып, олар осында келген деген болжам бар. Ал Наурыз Мұқанғалиевті туыстары соңғы рет тек мамыр айында көрген. Бірақ ол да осы үйде қарындасы мен күйеубаласының қасында болған дейді жақындары. Қазір құзырлы органдар осы маңды нысанаға алған.
Еске салайық, Атырау облысы Жангелді ауылында бір отбасының бірнеше мүшесі із-түссіз жоғалып, іс қоғамда үлкен алаңдаушылық туғызды. Тергеу барысында 1959 жылы туған ерлі-зайыпты Максот Қарабалин мен Насип Өтешқалиеваның мәйіттері табылып, қылмыс адам өлтіру бабы бойынша тіркелді. Атырау облыстық полиция департаменті күдіктілер анықталғанын, оларды ұстау шаралары жүріп жатқанын хабарлады. Ал тағы екі адамның тағдыры белгісіз күйінде қалып отыр.
Шымбұлақтан да үлкен жаңа Көкжайлау тау шаңғысы курорты салынады: Жоба алматылықтар үшін не береді