Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Балаларымның болашағы үшін ажырасып кеттім": Жолдасы хиджаб киюге мәжбүрлеген әйелдер оқиғаларымен бөлісті

Еліміздің әрбір азаматы діни еркіндікке ие. Бұл қазақстандықтар өз таңдауы бойынша діни қауымдастықтарға қосылып, ешкімнің рұқсатынсыз діни жоралғыларды орындай алады деген сөз. Дегенмен күштеп әйелдерге хиджаб кигізу сынды оқиғалар жайлы да естіп жатамыз. Мұндай жағдайға тап болғандар не істей алады? Алматы қалалық Дін істері жөніндегі басқармасының өкілдері мен заңгер айтып берді. 

Самал (есімі өзгертілген – ред.) тұрмысқа шыққан кезде күйеуінің өте жақсы адам болғанын айтады. Алайда уақыт өте келе ол өзге діни ағым өкілдеріне ілесіп, мүлде басқа жанға айналған.

“Адамның осыншалық өзгеретініне сенбейтін едім, алайда көзім жетті. Жұбайым теріс ағымға ілесіп, мені хиджаб киюге мәжбүрлей бастады. Балаларымызға ораза ұстауға талап қойып, бәрімізге дұға оқытты. Бізге өзінің сенімдерін насихаттап, түрлі видеолар көрсетті”, – деді Самал. 

Күйеуінің қысымына түскен әйел онымен ажырасуға мәжбүр болған. Алайда бөлек кетсе де азамат бұрынғы жарын әлі күнге дейін мазалайтын көрінеді. Тіпті мас күйінде балаларын көруге келіп, олардың дінге бет бұрмағанын көріп ренішін білдіреді екен.

“Балаларымның әкелерімен кездесуге құлқы жоқ. Олар мектепте түрлі үйірмелерге қатысып, белсенділік танытқанды жақсы көреді. Ал бұрынғы жолдасым мұны харам деп санайтынын айтып, балалардың ынтасын сындыруда. Оның миға қонымсыз талаптарынан шаршағандықтан ажырасуға бел будым. Балалар әлі кішкентай, олардың әкесінің ұстанымына еріп, болашағын аяқасты етуін қаламаймын”, – дейді Самал . 

Әйел шарасыздықтан Алматы қаласының Дін істері жөніндегі басқармасына жүгінген. Қазір басқарма жанындағы «Кеңес беру және оңалту орталығының» мамандары Самалға заң тұрғысынан жол нұсқап, көмек беруде.

Шынар (есімі өзгертілген - ред.) да осыған ұқсас жағдайға тап болғандардың бірі.  Өзбекстаннан  2008 жылы көшіп келгенін айтқан ол жұбайы Ерланның есірткі мен алкогольді қолдана жүріп, діни теріс ұстанымдарды да насихаттап кеткенін жеткізді.

“Күйеуім 2006 жылдан бері намаз оқи бастады. Мешітке барамын деп жүріп, шындығында деструктивті діни ағымның өкілдерімен кездесіп жүрген. Олар мессенджерлер арқылы түрлі діни рәсімдер мен ережелерді талқылайтын”,- деп еске алады Шынар.

Теріс ағымның шырмауына түскен отағасы мұнымен қоймай, жұбайы мен кәмелетке толмаған төрт баласына қысым жасап, дегенін істетуге тырысқан.

“Мені хиджаб киюге, балаларды діни рәсімдерді орындауға мәжбүрледі. Ұлдарыма намаз оқуды үйретіп, кішкентай қызымның шашын қысқа қылып, қиып тастады. Кенже ұлымызға ораза ұстатып қыспаққа алғаны сонша, ол күйзеліске түсіп, өзіне қол жұмсауға дейін барды”, – деді ол Nur.kz порталына берген сұхбатында.

Мұндай қысымға төзе алмадым деген Шынар жолдасымен ажырасуға шешім қабылдаған. Алайда ерлі-зайыптылар екіге кетсе де, Ерлан үнемі үйлеріне келіп шу шығаруын тоқтатпаған.

“Ол бес уақыт намаз оқыса да, есірткі, алкогольдік заттарды тұтынуын қоймады. Бұған қоса балалардың мектепке барып, үйірмелер мен шараларға қатысуына қарсылық танытады. Тіпті ұлымызға уағыз айтып, өзінің діни ұстанымын таңғысы келеді”,- деген Шынар қазір ұлымен мектептегі психологтардың жұмыс істеп жүргенін айтты.

Бұл ретте Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы жанындағы «Кеңес беру және оңалту орталығының» маманы Бауыржан Ахметов қоғамда мұндай жағдайлардың түрлі сипатта орын алатынын жеткізді. Психологтың сөзінше, қыспаққа іліккен қыздардың отбасында көріп өскен тәрбиесі қандай жағдайда да үлкен рөл атқарады.

“Бұл - екіұшты мәселе. Кей отбасыларда тәрбие қарапайым, ал кейбіреулерде керісінше қыз кішкентайынан анасының хиджаб кигенін көріп өсуі мүмкін. Екі жағдайда да өскен қыздардың көрсетілген қысымды көтеруі де екі түрлі. Мысалы, хиджабты бала күнінен көріп өскен қыз оны киюден бас тартпайды. Ал егер діни отбасыда тәрбиеленбеген қызға хиджабты мәжбүрлі түрде кигізсе, ол бәрібір түбінде шешіп тастауға әрекет етеді. Бұл мәселенің түбі тереңде жатыр, сондықтан бірнәрсені кесіп айту қиын. Алайда жұмыс тәжірибемде кезіктіргенім бойынша, мұндай жағдайдан сытылып шығып, тығырықтан жол іздеп табуы үшін қыз-келіншектердің бастапқы тәрбиесінің маңызы зор”, –  деді психолог.

Бұған қоса ол мұндай жағдайға тап болғандар орталықтың көмегіне жүгіне алатынын сөз етті. 

Айта кетсек, Қазақстан Республикасы Конституциясының 14-бабына сәйкес, тегіне, әлеуметтік, лауазымдық, мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, дініне, көзқарасына байланысты ешкімді кемсітуге жол берілмейді. Заңгер Нұра Өтебаеваның айтуынша, заң тұрғысынан хиджаб киюге мәжбүрлеуді қоқаң-лоққы мен күш көрсету ретінде қарастыруға болады.

"Бұл жағдайда әйел құқық қорғау органдарына шағымданып, еліміздің заңына сәйкес, кінәліні жауапқа тартуына болады. Бастысы әйел өзіне көрсетілген қысымды, зорлық-зомбылық, қорлау әрекеттерін қорықпай айтып, арыз жазуы керек. Сонда оның құқығы соңына дейін қорғалады”- деді Нұра Өтебаева.

Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы 2016 жылдан бері шаһарда деструктивті діни ағымдардың жетегінде кеткен азаматтарға психологиялық кеңес беріп, теологиялық оңалту жұмыстарын жүргізетін "Кеңес беру және оңалту орталығы" жұмыс істеп жатқанын хабарлайды. Дәстүрлі исламды тереңірек білгісі келетіндер де орталыққа жүгіне алады. Бұл ретте әйелдер мен ерлер үшін жеке сенім телефоны жұмыс істейді. Дін саласындағы барлық мәселелер бойынша кеңес ала алуға болады. 

Байланыс номерлері:

Ерлер үшін +7 (701) 120-75-70

Әйелдер үшін +7 (701) ) 120-05- 03.

Талқылау