Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Балаларыммен мазарға қонған кезім болды": "Бірақ..." бағдарламасында жылап қалған әйел басынан кешкенін айтты

20 жыл бойы күйеуінен таяқ жеп келген Гүлмира Тұрмыстық “Қорғау Астана” қорына берген сұхбатында күйеуінен қандай қорлық көргенін баяндады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Видеодан скрин 

“Мен 20 жыл тұрмыста болдым, осы уақытқа дейін көрмегенім жоқ. Бұл туралы ешкімге тіс жарып айтқан емеспін, тіпті туыстарыма да. Біздің 6 баламыз бар. Күйеуім түзеліп, адам болатын шығар деп үміттендім. Бірақ адам өзгермейді екен. Балаларыммен қашып, мазарға қонған күнім болды. Басымнан өткен қиын күндерді есіме алғым келмейді. Мені ұрып-соғып, қолымды, омыртқамды сындырды. Күнде мені қарғап-сілеп, өлімімді тілейтін. Мұрнымды сындырды, бәріне көндім. Ішіп алып, соғатын”, – дейді Гүлмира.

Оның айтуынша, күйеуі басқа әйелдері барын жасырмайтын.

“Ол әйелдерді үйге алып келуі үшін менің кетуім керек екен. Осыған қарамастан балаларым жетім қалмас үшін қолымнан келгеннің бәрін істедім. Көп жұмыс істедім. Жұмыстан келген соң тағы ұратын. Оның ойынша, мен жұмыс істемей басқа еркектермен жүреді екенмін. Өзі менің көзіме шөп салып жүрген соң, мені де өзіндей көретін”, – дейді келіншек.

Гүлмира өзінің тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны екенін айтып, полицияға талай жүгінген. Алайда олар көмектесудің орнына, керісінше, “6 балаңа бәрібір ме?” деп қысым көрсеткен.

“Полиция шақырдым, шағым түсірдім. Бірақ полиция қызметкері маған күйеуімсіз 6 баланы асырай алмайтынымды айтты. Күйеуім менің арызымды ешқандай полиция қабылдамайтынын айтатын. Өйткені бәрін сатып алған көрінеді. Маған ешкім көмектеспейтінін түсіндім”, – дейді әйел.

Бұған дейін “Бірақ...” бағдарламасының алғашқы шығарылымында күйеуінен ұзақ уақыт таяқ жеп жүрген әйел келіп, мәселесін айтқан. Желідегі жазылған пікірлерде әйелдің ток-шоуға күйеуінің келетінін білмегені айтылады. Бағдарлама барысында күйеуі ортаға шығып, ұйымдастырушылар ұсынған гүлді әйеліне беруге ұмтылады. Алайда әйел одан көп жыл қорлық көргенін айтып, гүлді алудан бас тартты. Осы сәтте жүргізуші “рамазан айы” екенін еске салып, татуласуға шақырады. Бірақ әйел бағдарламаның ортасында қатты қорқып, жылап қалғанын көруге болады. Тіпті жүргізушілер де осы сәтте не істерін білмей, абдырап қалғаны байқалды.

Осы хабардан соң желіде “Күйеуінен таяқ жеген әйелге көмектесудің орнына қайта күйеуіне қосуға тырысты, отбасындағы зорлық-зомбылыққа көз жұма қарады” деген сын көбейді. Кейбір адам телеарна әйелді жұрттың алдында қорлады деп бағдарламаның жабылуын талап еткен. Көп уақыт өтпей мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева “Бірақ...” бағдарламасының жабылатынын мәлімдеді.

 

Талқылау