Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қатарластарын ұрып-соққан": "Кішкентай Бишімбаев" деп атанған баланың анасы өтірік айтты деп айыпталды

Күні кеше астаналық әйел елорда әкімі Жеңіс Қасымбекке баласының балабақшада "буллингке" ұшырағанын айтып шағымданды. Әйелдің сөзінше, 2024 жылдың тамыз айында оның ұлы елордадағы жекеменшік балабақшаға барған. Қыркүйекте ата-аналар арасында келіспеушілік болып, ақыр соңында 2 жасар баланы балабақшадан заңсыз шығарып жібергенін алға тартады. Дегенмен балабақша иесі Stan.kz тілшісіне істің шын мәнінде бұлай болмағанын және ақпарат шындыққа жанаспайтынын айтты. Балабақша иесі әйелдің үстінен осымен үшінші рет сотқа шақыртып жатқанын жеткізді.

Фото: Stan.kz

"Екі сотта жеңіліп қалды, енді үшіншісіне де келе жатыр"

Астанадағы жекеменшік "Еркеназ" балабақшасының басшылығының мәліметінше, бұған дейін аталған ата-ана электронды қосымшада шындыққа жанаспайтын, балабақшаның іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтер жариялаған.

"Ата-аналардың бірінің балабақша әкімшілігі баланы буллингке ұшыратты деген ақпараты шындыққа жанаспайды. Балабақша қызметкерлері балаға қатысты ешқандай қорлайтын немесе орынсыз сөздер айтқан жоқ. Аналар балабақшаның бейресми "ата-аналар чатында" өзара ұрсысып қалған. Балаға қатысты сөздерді біздің атымыздан ойдан шығарып, жала жапты деп көрсетті. Біз осыған байланысты полицияға арыз жаздық, тіпті, кеше арыз беріп те қойдық", – деді балабақша басшылығы.

Балабақша басшылығы бұған дейін де бұл әйелмен екі рет соттасып, екеуінде де жеңіп шыққанын атап өтті.

"Бір күні әйел біз туралы 2GIS платформасына жалған пікір жазып, құжаттарымыз жоқ деп, басқа да жалған мәлімет таратқан. Біз ол үшін сотқа арыз беріп, сот біздің жаққа шықты. Сот шешімімен ол пікірлер өшірілді және кеткен барлық шығынды сол әйел өтеп беруге міндеттелді. Кейін бұл әйел Астанадағы білім басқармасына арыз жазды. Бірақ сот бұл әрекетін де заңсыз деп танып, оны да жоққа шығарды. Енді жақында әкім жиын өткізгенде әйел қайтадан негізсіз айып тағып, бізге жала жапты. Қазір біз Алматы аудандық полиция басқармасына оның үстінен арыз жаздық. Өкінішке қарай, бұрынғы арызымыз бойынша іс әлі ашылмаған. Сондықтан қайтадан арыз бердік", – деді балабақша басшылығы.

Балабақша әкімшілігі мектептерде ата-аналар өз чатында жиі ұрсысатынын мысалға келтірді. Басшылықтың пікірінше, бұл мектептің жабылуына себеп бола алмайды.

"Бұл әйел қазірдің өзінде екі сотта жеңіліп қалды, енді үшіншісіне де келе жатыр. Мұндай бейресми чаттар әр балабақшада бар. Бәрінде ата-аналар арасында ұрыс-керіс болып жатады. Бірақ бұл балабақшаның жұмысына қандай қатысы бар?" – деп түсіндірді балабақша басшылығы.

"Бірнеше рет өзге балаларға дене жарақатын келтірген"

Астана қаласының білім басқармасы жағдайдың екі жақтан сараланып жатқанын мәлімдеді. Білім басқармасы мұнда арызданған ананың баласы балабақшадағы балаларға дене жарақатын келтіргенін атап өтті.

"Тексерістен кейін арызданушының баласына бағытталған сөзді балабақша педагогі айтпағаны анықталды. Бұған дейін ата-аналардың айтуынша, арызданушының баласы бірнеше рет өзге балаларға дене жарақатын келтірген. Осыған байланысты жәбір көрген балалардың бірінің ата-анасы эмоцияға беріліп "Бишімбаев" деген сөзді қолданған. Қазір арнайы мониторингтік топ құрылып, екіжақты тексеру басталды", – деп жауап берді Астананың білім басқармасы.


Еске салайық, бұған дейін Астана тұрғыны қала әкіміне екі жасар баласы балабақшада әлеуметтік буллингке ұшырағанын айтып шағымданғаны туралы жазған едік. Жеңіс Қасымбек бұл жағдайды жеке бақылауына алуға уәде беріп, балабақшада тексеріс жүргізуді тапсырды.

Талқылау