Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Балалардың көңілін гаджеттен аулайды": Таразда тұрғын тотықұс асырап кәсіп ашқан

Фото: Сюжет кадрларынан скрин

Тараз тұрғыны 200-ден аса тотықұс асырап кәсіп ашқан. Тропикалық құты асыраушы Нұржан Нұрмаханұлы тіпті бұл ісі үшін мемлекеттен 1,5 миллион теңге грант ұтып алған. Тұрғынның айтуынша, бұл құстар балалардың көңілін гаджеттен басқа нәрсеге аударуға көмектеседі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 24.kz арнасына сілтеме жасап хабарлайды.  

Нұржан Нұрмаханұлы құс шаруашылығына әкесінің жолымен келген. Бала кезінен құс асыраудың қыр-сырын көріп өскен ол бүгінде тотықұстарды еркін баптайды. Қазір оның қолында 15-ке жуық тропикалық құс бар. Былтыр өз жобасын мансап орталығына ұсынып, нәтижесінде мемлекеттен 1,5 миллион теңге грант алған. 

 “Барлығы үйлеріне алғысы келеді. Үйіне эстетика үшін қойғысы келеді. Үйдің көркін ашады. Балалар гаджеттен кішкене босап, жан-жануарлармен әлек болып, оның астын тазалап, кішкене жақсы қасиеттерді бойына сіңіріп өседі. Сол негізгі мақсатым”, – деді жеке кәсіпкер Нұржан Нұрмаханұлы.

Кәсіпкердің қолында қазір 200 ден аса тотықұс бар. Оларды өсіру үшін құсхана ішінің температурасы қысы-жазы 18-20 градус болуы тиіс. Сонда ғана күтімі жақсы құс бір жылда 3 рет балапан баса алады екен.  Сонымен қатар азамат қазір тотықұстың түрін 10-ға жеткізген. Арасында корелла, амадина, роззела мен пенанта секілді тұқымдар бар.

Нұржанның айтуынша, тазалықты сүйетін құстың әрқайсысына әртүрлі күтім қажет. Мәселен, кіші тұқымдысы 12-күнде балапан шығарса, сол балапанның өзі 45 күннен соң жұмыртқалайтын жағдайға жетеді. Ал үлкені 20 күнде жұмыртқа жарғанымен, жұмыртқа басу үшін 2-3 жыл уақыт керек.



Бұл құстарға Тараздан басқа Шымкент, Алматы қалаларынан сұраныс көп екен.

Қалалық мансап орталығының директоры Ерғали Кембаевтың мәлімдеуінше, өткен жылы қалада Нұржан секілді 215 тұрғын қайтарымсыз грантқа ие болған. Қаржылай қолдау алғандар қатарында қоян өсіру, кондитерлік және тігін цехтарын, сондай-ақ мал шаруашылығы бағытындағы кәсібін бастаған азаматтар бар.

Биыл өз кәсібін ашуға ниетті жандарға 1 млн 700 мың теңге көлемінде бөлу қарастырылып отыр. Қолдау тапқан 220 жобаның иесіне қаражат мамыр айында берілмек. 

STAN.KZ
Сәрсенбі, 28 Қаңтар, 2026 16:01