Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Балалардың емізігі – TikTok, бесік жыры – Instagram": Депутат кәмелетке толмағандарға TikTok-қа кіруге тыйым салуды ұсынды

Депутат Жанарбек Әшімжанов ел аумағында кәмелетке толмаған жастарға TikTok желісіне кіруге тыйым салуды ұсынып, премьер-министрге сауал жолдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

тикток сток

Фото: pixabay.com

Депутат өзінің сауалында бүгінде балалардың әліппесі – әлеуметтік желі, емізігі – TikTok, бесік жыры – Instagram десек артық болмайтынын мәлімдеді. Сөзінше, бұған дейін әріптесі Ерлан Сайыров TikTok платформасының қоғамдағы кері әсері туралы дабыл қаққанда ешкім селт етпеген. Дегенмен ұлттық тәрбие мен дәстүр-салтымыздың уықтарын талқандап, ақыл тоқтатпаған, жақсы мен жаманды әлі толық ажыратып үлгірмеген балалар мен жасөспірімдерді меңдуана жегендей меңіреу әлемге бастап бара жатқан жағдайдың алдын алмасақ, опық жейміз деді.

“Бұл ретте, балалар мен жасөспірімдер арасында TikTok кеңінен танымал. Кейінгі екі жылда 14,1 млн қазақстандық тіркеліпті. Бұл желінің негізгі тұтынушылары да – сол бесіктен белі шықпаған балалар мен жастар. Онда пайдалы контенттен гөрі, жастарға теріс әсер ететін зиян ақпараттар өріп жүр. Құмар ойындарды жарнамалау, стримдер арқылы әдепсіз әрекеттер көрсету, боқауыз сөздер, порнография, суицидке шақыру, діни уағыздардың оңды-солды таралуы, буллинг, тыйым салынған заттардың жарнамасы секілді теріс әрекеттерге шақыратын лас ақпараттар осы TikTok арқылы тарап жатыр. Жасөспірімдердің TikTok-тан көргенін қайталап, жағымсыз қылық пен әдепсіз іске үйір болып бара жатқаны да жасырын емес”, – деді ол.

Депутат мысал ретінде "Мысық серуені" деп аталатын челленджді келтірді. Айтуынша, мұны қайталаған мыңдаған қатысушы подиум моделіндей көшеде өтіп бара жатқан адамдардың алдында жүруге тиіс.



“Мән-мағынасы жоқ челлендждің қаралымы 500 миллионнан асқан. Екі жастың біріне келмеген қыздарымызды бөксемен билеуге шақырып, арнайы үйрену үлгілерін ұсынып жатқан контенттер саңырауқұлақтай қаптады. Расында, қазір ұрпақ тәрбиесімен тікелей әлеуметтік желілер айналысып отыр. Соның салдарынан ұлттық құндылықпен сусындамаған жас ұрпақ өсіп келеді. 

Осыны ескеріп әлем елдері мұның одан әрі етек алуына жол бермеу мақсатында TikTok-қа шектеу қою немесе ондағы контентке бақылауды күшейтуді қолға алып жатыр. Мәселен, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан елдері TikTok желісіне ішінара немесе толық шектеу қойды”, – деп қосты ол. 

Жанарбек Әшімжанов Франция үкіметі жасөспірімдердің интернетке кіруін заңнамалық деңгейде реттегенін де атап өтті. Сондықтан Қазақстанда да әлеуметтік желіге шектеу енгізу мәселесін қолға алу керек деп мәлімдеді. 

“Австралия 16 жасқа дейінгі балаларға қолдануды заңмен шектеді. Осы жоғарыда аталған елдердің бір білгені бар шығар... Еуропалық Одақ, Канада, Ұлыбритания, Жаңа Зеландияда балалар қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылыққа байланысты 2023 жылы шешім қабылдап үлгерген. Керек десеңіз, TikTok-тың атасы саналатын Қытайдың өзінде бұл платформа қолжетімді емес. Біз де жеделдетіп TikTok-қа шектеу қою мәселесін қарастырғанымыз жөн. Өйткені TikTok-ты шамадан тыс қолданудың психологиялық әлеуметтік және академиялық салдары, баланың санасы мен денсаулығына кері әсері аз емес”, – деді ол.

Депутаттың пайымдауынша, офтальмолог дәрігерлер телефонға телмірген балалардың арасында кейінгі бес жылда көз аурулары күрт көбейіп кеткенін айтады.

Сондықтан Әшімжанов TikTok-тағы әдепке, ұлттық құндылықтарға, дәстүріміз бен салтымызға қайшы келетін, балалардың санасын улайтын, теріс әдеттерге шақыратын барлық контентке шектеу қою керегін айтады. Сонымен қатар TikTok-ты кәмелеттік жасқа толмаған балалардың пайдалануына қатаң шектеу қою немесе мүлдем тыйым салу тетіктерін қарастыру керек дейді. 

Талқылау