Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Балалардың белсенділігі мен зейініне кері әсер етеді": Ауғанстанда жасалған газдалған сусын Қазақстанда тексерістен өтті

Ауғанстанда жасалған, Қырғызстанда сатуға тыйым салынған анар хош иісі бар корольдік газдалған сусын Қазақстанда тексерістен өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Tengrinews сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: canews4u.com

Бір күн бұрын Бішкекте Ауғанстанда өндірілген анардан жасалған газдалған "Golden Life" сусынының сатылымнан алынғаны белгілі болды.

Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің хабарлауынша, олар анар хош иісі бар Royal, Paradise, Mani, Pure, "Golden Life" газдалған сусындарына санитарлық тексеру жүргізді.

"Аталған газдалған сусындардың таңбалануы Кеден одағының "Азық-түлік тауарлары таңбалануы бойынша" техникалық регламентінің талаптарына сәйкес келмейтіні анықталды", – делінген хабарламада. 

Қазақстандық сарапшылар сусындардың банкаларында "бояғыш (азорубин Е122) бар" деген ескерту белгісі жоқ екенін анықтады. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бұл зат балалардың белсенділігі мен зейініне кері әсер етуі мүмкін.

Сонымен қатар қаптамада сусындардың құрамы мен тағамдық құндылығы, жасалған күні мен жарамдылық мерзімі көрсетілмеген.



"Сусындарға сәйкестік туралы декларацияның жоқтығы анықталды. Бұл өндірушінің (импорттаушының) Кеден одағының техникалық регламенттерінің міндетті талаптарына сәйкестігін бағалау рәсімдерінен өтпегенін көрсетеді", – деп хабарлады министрлік. 

Ішкі нарықты қорғау мақсатында комитет тексеру қорытындысын "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасына хабарлады. Ол өз кезегінде сауда кәсіпорындарына бұл өнімдерді рұқсатсыз сатып алмауды ескертуі керек. Golden Life сусынының немесе басқаларының сатылуына ресми тыйым жоқ.

Газдалған сусын ішкен қазақстандықтар арасында улану туралы шағым түспеген.

Еске сала кетейік, Қырғызстанның Ош қаласындағы сауда нүктелерінен Ауғанстаннан әкелінген газдалған сусын алып тасталды. Зертханалық зерттеулердің нәтижелері бойынша сусын құрамында E122 азорубин бояғышы бар. Ол балалардың белсенділігі мен зейініне теріс әсер етуі мүмкін.

Ақпарат желіде тарағаннан кейін Өзбекстанның санитарлық-эпидемиологиялық бақылау және денсаулық сақтау комитеті сусынды қайта сынақтан өткізіп жатқанын хабарлады.

Талқылау