Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Балалардың 88%-ында смартфон бар": Қазақстанда әлеуметтік желіні қолдануға жас шектеуін енгізу мәселесі тағы да көтерілді

Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр мен вице-премьер Ермек Көшербаевқа депутаттық сауал жолдап, әлеуметтік желілерді пайдалануға жас шектеуін енгізу мәселесін қозғады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

балалар сток

Фото: pixabay.com

Депутаттың сөзінше, әлеуметтік желіге қатысты "Лайк көңіл көтереді, бірақ мақсатқа жеткізбейді" деген қанатты сөздер қалыптасып үлгерген. 

“Бұл – төрткүл дүниеге дамыл қақтырып отырған мәселе. Әлемдік деңгейде белгілі психологтар Жан Твенге, Джонатан Хайдт, Шерри Теркл, Николас Карр, Адам Альтер әлеуметтік желі жастар арасында депрессияны күшейтіп, назар аудару қабілетін төмендетіп, тәуелділік тудырып, адамдар арасындағы шынайы қарым-қатынасты әлсірететінін дәлелдеп, авторлық кітаптарын жазды. Әлеуметтік желінің рухани-мәдени зиян-залалын қазірдің өзінде сезініп отырмыз.

Халықаралық Kaspersky Lab компаниясы өткен жылы жүргізген сауалнамаға назар аударсақ, санаға салмақ түсіріп, көңiлге мұң әкеледi. Оның деректеріне сүйенсек, Қазақстандағы балалардың 88%-ында жеке смартфон бар. Ал оның 28%-ы барлық бос уақытын гаджетте өткізетіні белгілі болды”, – деді ол. 

Депутат келтірген деректерге сәйкес жасөспірімдердің 74%-ы TikTok, 59%-ы YouTube, 57%-ы Instagram желісін белсенді пайдаланады.

“Әр бесінші ата-ана өз баласының әлеуметтік желілердегі парақшасында қандай ақпарат жарияланғанын білмейді. Ата-аналардың 62%-ы балаларының экран алдындағы уақытын бақылау үшін ешқандай арнайы бағдарлама мен шектеу қолданбайды. 4-6 жас аралығындағы балалардың 17 пайызы интернет арқылы тауар сатып алады. Бұл ата-аналарға қаржылық шығын келтіріп қана қоймай, бала үшін де қауіп төндіретіні айтпасақ та түсінікті. Әлеуметтік желіге деген тәуелділіктің зардабы тым ауыр. Қазір Оңтүстік Корея мен Канада ондаған сауықтыру орталығын ашып, заманауи гаджеттерге тәуелділерді сауықтыруды қолға алды”, – деп қосты мәжілісмен. 

Депутат келтірген мысалға сенсек, Гонконг Қытай университетінің зерттеулері бойынша интернетке тәуелді жасөспірімдер арасында психологиялық ауытқуларға тап болу көрсеткіші 2,5 есе жоғары. Депрессияға шалдығу ықтималдығы 3 есе көп болады екен.

“Бүгінде әлеуметтік желіні шектеп жатқан елдер аз емес. Олардың қатарына Қытай, Оңтүстік Корея, Франция, АҚШ, Австралия және тағы басқа дамыған елдерді жатқызуға болады. Атап айтсақ, Қытайда 2023 жылы кәмелетке толмағандардың мобильді құрылғыларды қолдануын реттейтін заң жобасын ұсынылды. Оған сәйкес, балаларға кешкі 22:00-ден таңғы 6:00-ге дейін смартфондарды пайдалануға тыйым салынды. Франция үкіметі 15 жасқа дейінгі оқушылар үшін мектептерде телефон пайдалануға тыйым салып, балалардың интернетке қолжетімдігін заңнамалық деңгейде реттеді. Осындай ондаған мысалды келтіруге болады”, – деп қосты ол.

Өз сауалында депутат келесі ұсыныстарды енгізді: 

  • Еліміздің Оқу-ағарту министрлігі, Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ведомствааралық топ құрып, әлеуметтік желілердің өскелең ұрпаққа тигізетін зиянын жан-жақты сараптап, саралап, арнайы заң жобасын әзірлеуі қажет.
  • Әлеуметтік желілер мен онлайн ойындарды пайдалану бойынша жас шектеулерін енгізу, кәмелетке толмағандарға гаджеттерді пайдалану уақытын белгілеу бойынша тиісті ұсыныс әзірленуі керек.
  • Ата-аналар үшін балаларының интернет әлеміндегі іс-әрекеттерін, өткізген уақытын қадағалауға мүмкіндік беретін бірыңғай мемлекеттік бақылау жүйесін құруды ұсынамын.
  • Жасөспірімдер арасында физикалық белсенділікті дамыту – интернетке тәуелділіктің алдын алудың тиімді жолдарын қарастыру қажет.
Талқылау