"Балаларды "бонус береміз" деп алдайды": Қазақстандық ата-аналарға алаяқтықтың жаңа түрі туралы ескерту жасалды

Желіде балалар мен жасөспірімдерді нысанаға алатын жаңа интернет-алаяқтық түрі пайда болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мұны Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасы Насымжан Оспанова айтты.
Оның айтуынша, алаяқтар алдымен “ойынды бұзамыз”, “бонус береміз” немесе “жасырын функцияларды ашамыз” деп уәде ететін видеолар жариялайды. Видеода сыртқы сайттарға немесе Telegram-арналарға сілтемелер болады, балаға “тексеру” немесе “ID-доступ” алу ұсынылады.
Алаяқтар қалай жұмыс істейді
Бала ұсынылған әрекеттерді орындаған соң, алаяқтар п сихологиялық қысым көрсетеді. Олар "сенің телефоныңды бұздық", "жеке хаттарыңа немесе аккаунттарыңа кірдік" деп қорқытып, ақша аударуға мәжбүрлейді.
"Анықталған қауіптерге байланысты Балалардың құқықтарын қорғау комитеті Ішкі істер министрлігінің киберқылмысқа қарсы департаментіне шұғыл түрде жүгінді. Бұл дерек тексеріліп, бақылауға алынады", — деді Насымжан Оспанова.
Аустралия әлемде алғаш болып балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салды
Ата-аналарға кеңес
Насымжан Оспанованың айтуынша, ата-аналар балаға күмәнді сілтемелерге және түрлі "тексерулерден" өтудің қауіпті екенін түсіндіруі керек.
“Ешбір жағдайда жеке деректерді, SMS-кодтарды немесе құпиясөздерді айтуға болмайды. Тіпті біреу “телефоныңды бұзамын” деп қорқытса да, сенбеу қажет. Егер балаға қорқынышты хабарламалар келсе, бірден хат алмасуды тоқтатып, үлкендерден көмек сұрауы тиіс”, - дейді Оспанова.
Сондай-ақ комитет ата-аналарға баласымен ашық әрі сенімді әңгіме құруды, алаяқтардың қандай тәсілдер қолданатынын түсіндіруді және қауіпті сайттарға кіруді шектеу үшін ата-аналық бақылау функцияларын пайдалануды ұсынды.
Қазақстанда қаралып жатқан заң жобасына сәйкес, онлайн-платформаларға тіркелу 16 жастан бастап рұқсат етілуі мүмкін (мессенджерлерден басқа). Бұл балаларды зиянды ақпарат пен интернет-алаяқтардан қорғауға бағытталған алдын алу шарасы. Комитет төрағасының сөзінше, бұл балалардың интернетті қауіпсіз пайдалануына көмектеседі.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерге тіркелуге тыйым салынатыны туралы жазған едік.
Екі күнде үш рет төтенше жағдайда қонды: Авиация сарапшысы қыс мезгілінде ұшудың қаншалық қауіпті екенін айтты