Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Балалар далаға шығудан қорқып қалды": СҚО-да бір айда жүзге жуық адамға қаңғыбас иттер шабуылдаған

 

Еліміздің солтүстігінде қаңғыған иттер көшедегі адамдарға шабуылдай бастады. Соңғы бір айда ғана жүзге жуық адам бұралқы иттерден зардап шекті деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.

қаңғыбас иттерТүсірілімнен скриншот

Қаңғы иттер мектептен қайтып келе жатқан 12 жастағы баланы талай жаздаған. Алдынан шыққан иттерден қорыққан жасөспірім қашып құтылмақ болады. Иттер Ильяның аяғына жармасқан. Анасының айтуынша, бала жеңіл жарақат алды. Ата-аналар енді балаларын далаға жалғыз шығарудан қорқып отыр.

“Иттер аяғына жармасып жұлмалады. Шалбарын жыртып, аяқтарына тісін батырып үлгеріпті. Сол кезде өзім шығып үлгердім. Көрмесем, баламды аман қалдырмас еді”, – деді Петропавл қаласының тұрғыны Юлия Ирлица.

Мал дәрігерлері иттерді аулауға бөлінген 50 миллион теңгеге жуық қаражатқа әлі тендер өткізбепті. 

Қабаған иттер қазір қаланың әр бөлігінде қаптап жүр. Әсіресе жер үйлердің жанында жүру қауіпті. Қала көшелерінде көбейіп кеткен еліктер қаңғыбас иттерге жем болуда. Аш иттер бірін талап, жаралап үлгерген.

“Ботаникалық бақтың аумағына кіріп, еліктер мен осындағы жануарлар мен құстарды қуады. Құстарды талап тастайды. Еліктерді жаралады”, – дейді ботаникалық бақ директоры Артур Рязапов.

Мамандар қаңғыбас иттерде маусымдық құтыру ауруы өрши бастағанын айтады. Бірақ мал дәрігерлері қабаған иттерді ұстай алмайды. Өйткені оларды аулағаннан кейін апаратын орын жоқ. Заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес, қаңғыбас иттерді атуға болмайды.

“Қаңғыбас иттерді тек зарарсыздандыру арқылы ғана реттей аламыз. Оларды аулап, зарарсыздандырғаннан кейін көшеге қайта жібереміз. Немесе құтыруға қарсы вакцина егеміз”, – деп түсіндірді СҚО ветеринария басқармасынының бөлім басшысы Наталья Тараканова. 

Ол мақсатта бюджеттен 42 миллион теңге бөлінді. Қаражат бөлінгенімен, тендер ойнатылмады. Сол себепті бұл жұмыстар жүргізілмей келеді. Санитарлық сала мамандары төбеттер тістесе, медициналық көмекке дереу жүгіну керек дейді. Себебі құтыру ауруы адамға жұғуы әбден мүмкін.

Талқылау