"Жаңа үйлердің іргетасы қозғалмалы": Жапонияда тұратын қазақ қызы халық жер сілкісінен қалай сақтанатынын айтты
Ақниет Құрманбекқызы – Жапонияда ағылшын тілі маманы болып жұмыс істейді. Жапония жер сілкінісі көп болатын елдердің бірі болғандықтан алғашында елде тұруға қорыққан. Дегенмен уақыт өте келе апат жағдайларына бойы үйреніп кеткен. Қазақ қызы Stan.kz тілшісіне жергілікті тұрғындардың жер сілкінісіне қалай дайындалатынын және елдегі құрылыс компанияларының жұмысы мен сақтандыру жүйесі туралы айтып берді.
Фото Stan.kz коллажы
2023 жылы Ақниет Құрманбекқызы жоғары оқу орнын “Ағылшын тілі” мамандығы бойынша бітіріп, Жапонияға сол жылдың қыркүйегінде көшіп барған. Отандасымыз Күн шығыс елінде жиі жер сілкінетіндіктен, шетелге көшіп бару туралы ұзақ ойланып, мың толғаныпты.
"Әлем жұрты білетіндей, Жапония – жер асты дүмпулері жиі болатын мемлекет. Мұнда келместен бұрын көшіп бару туралы ұсынысты естігенде қорықтым әрі елден жатырқадым. Себебі “жер сілкінісі кезінде көз жұмсам ше” деген секілді түрлі ой мазалады. Кейін бұл елді зерттей келе, еш қауіп жоқ екенін және барлық қауіпсіздік шарасы ұйымдастырылғанын білдім", – деді Ақниет Құрманбекқызы.
Қазір қазақ қызы Жапонияның Сэндай қаласында тұрып жатыр. Қаладағы ірі жекеменшік мектептердің бірінде ағылшын тілі мұғалімі болып жұмыс істейді. Оның айтуынша, елге көшіп келген бірінші айда қалада жер сілкінген.
"Келгеніме 1 ай өтер-өтпес уақытта қатты жер сілкінді. Жер дүмпуінің күші – 5,6 балл болды. Түннің бір уағында, яғни 04:00 шамасында ұйықтап жатқан кезде сезілді. Менікі құс ұйқы болмаса да, жер қозғалғанын сезіп оянып кеттім. Бөлмедегі заттар бір мезетте тасыр-тұсыр етті. Жерде жатқан мен де матрасыммен бірге қимылдадым. Әуелде, шошып оянғаннан ба, түсім не өңім екенін ажырата алмадым. Өзім енді ғана джетлагтан (сағат белдеуі ауысына байланысты адам ағзасының жаңа уақытқа бейімделуі) шығып, ұйқым түзелген уақыт еді. Әрі-сәрі кезде телефоныма "Еarthquake, Еarthquake" деген қатты дауысты хабарламалар оятқыш секілді қызыл жазумен келді. Хабарлама келген соң, одан бетер қорқынышты болды", – деді Ақниет.
Фото Ақниет Құрманбекқызының жеке архивінен
Ақниет жер сілкінген уақыттағы өмірін кино іспетті деп ойлапты.
"Мысалы, Қазақстанда жер сілкінгенде мұндай хабарлама келген жоқ. Дабыл қосылмағанын көріп көңілім түсті. Себебі соның салдарынан қала тұрғындары не істерін білмей, абдырап қалды. Ал бұл елде бәрін түсінікті етіп қойған. Онда "Жер сілкініп жатыр. Қауіпсіз жерді табыңыз. Сабыр сақтаңыз. Жапония метеорологиялық агенттігі мәлімдейді" деп жазылған. Сол кезде жұмыс істейтін әріптесім екеуміз бір-біріміздің жанымызға келіп, жер сілкінісінің тоқтағанын күттік. Артынша зілзала да тоқтады", – деді ол.
Шетелдегі отандасымыз мұндай әсерден кейін 2-3 күн ұйықтау өте қиын болғанын еске алды.
"Себебі қайта жер сілкінетіндей сезіліп, ұйықтар алдында қорқып жаттым. Уақыт өте келе, бұлай қорқудың қажеті жоқ екенін түсіндім. Ең бастысы, заттар құлап кетпесе, қатты қорқудың қажеті жоқ екен", – деді қазақ қызы.
Оның айтуынша, 2024 жылдың 1-2 қаңтарында жапониялықтар қатты жер дүмпуін бастан өткізген. Жер сілкінісінің күші 7 балға дейін жеткен. Ол жапон халқының қазақстандықтар секілді қатты дүрлікпейтінін атап өтті.
"Әлеуметтік желіде Алматыдағы төтенше жағдай кезінде адамдар шомылып жатқан жерінен шашы су болғанына қарамай, далаға шығып кеткені жайлы видео тарады. Қала тұрғындарының сабырсыздыққа бой алдырып, терезеден секіргендерін де көрдім. Ал мұнда адамдар өте сабырлы. Өйткені жапониялықтар төтенше уақытта дүрмекке салынбайды. Керісінше, тоқтағанын күтіп, бір-біріне қорған болады. Бұған қоса олар төтенше жағдай кезінде қандай шара қабылдау керек екенін нақты біледі", – деді Жапонияда тұратын отандасымыз.
Ақниет жапониялықтардың әрқайсысында "дабыл сөмкесі" (Emergency bag) барын айтты. Бұл сөмкелер елде арнайы сатылады екен.
"Дабыл сөмкесінде қажет қорғаныс құралдарының бәрі бар. Бірінше кезекте сөмкенің ішінде су мен тамақ болуы қажет. Тез әзірленетін тамақтар, яғни сумен бірге немесе құрғақтай жей алатын өнімдер (консервілер, жоғары калориялы тағамдар) болады. Сонымен қатар оған жарамды мерзімі ұзақ, ашымайтын және адамды аш қалдырмайтын өнімдер салынады.
Екіншіден, құрал-саймандардан Power bank, телефон, радио, қолшам, батареялар, сіріңкелер, ысқырық болуға тиіс. Қолшамда радио мен дабыл жүйесі бірге қосылған. Егер жарақаттанып қалсаңыз, дабыл батырмасын бұрап, көмекке шақыра аласыз. Сонымен қатар сөмкеде арқан, сіңіргіш дезинфекциялаушы ұнтақ (үлкен және кіші дәретті сіңіріп алады), жиналмалы су ыдысы, жоғары беріктігі бар қолғаптар болғаны абзал.
Фото Ақниет Құрманбекқызының жеке архивінен
Үшіншіден, күн ыстық және суық болғанда қолданатын термо және қорғаныс киімдері болады. Адамдар мұндай киімдерді өлшеміне және жасына қарай сатып ала алады. Көбіне кең тұратын және жамылуға ыңғайлы киімдерді салу қажет.
Төртіншіден, алғашқы көмек қобдишасы, жеке гигиена заттары, биотуалет және ылғал майлықтарды ұмытпау керек.
Бесіншіден, үрлемелі матрас пен көрпе салынады", – деді Ақниет Құрманбекқызы.
Ол Жапонияда жаңадан тұрғызылған үйлерді жер сілкінісі кезіндегі төзімділікке қалай тексеретінін айтып берді.
"Жалпы Жапонияда қатып қалған ереже бар. Бұл елде ғасырлар бойы жер сілкінісі болғандықтан, инженер-архитекторлар сейсмикалық аймақтарда үйді әбден зерттеп барып қана салады. Жаңа үйлердің бәрінде қозғалмалы іргетас (дөңгелек труба) тұрады. Жер сілкінгенде ғимараттың өзі де жердің тербеліс амплитудасымен бірге ауада қозғалып тұра береді. Бұл ретпен тұрғызылған үйлердің көбі бүгінге дейін бұзылмаған", – деді ол.
Ақниет бұл елде жұмысына салғырт қараған жұмысшыларға қандай заң қолданатынын әлі зерттемедім дейді. Дегенмен әр жапониялық жұмысына адал екенін айтады.
"Құрылысшылар үйді тұрғызбас бұрын стандарттарға сәйкестігін тексереді. Іргетасы салынып жатқанынан бастап бақылайды. Олар – өте еңбекқор халық. Жапон халқы бір нәрсені дұрыс істемесе, "менің кесірімнен басқа адам зиянын шегетін болды" деп қатты уайымдайды. Егер адам құрылысты cалу барысында салғырттыққа жол берсе, айыппұл төлейді және үйді қайтадан соқтырады деп ойлаймын. Негізі бұл елде сақтандыру полисі қатты дамыған. Жапонияның медициналық сақтандыру жүйесі (Japan's Health Insurance System) апаттар болған жағдайда шығынды өтейді. Сәйкесінше сақтандыру полистеріне жапониялықтар ай сайын ақша төлеп отырады. Мұндай жағдайлар болған уақытта үйлерді толық тұрғызып береді. Сонымен қатар сақтандыру компаниялары өздерінің талаптарына сәйкес қаражатты да қарастырады", – деді қазақ қызы Ақниет.
Бұдан бөлек, Ақниет жер сілкінісі болады деген қорқынышпен өмір сүретіндерге кеңес берді.
"Бала кезден бері үлкендерден өлімнен қорықпау керегін естіп өстім. Есейе келе түсінгенім, маңдайыңа жазылған нәрседен құтыла алмайды екенсің. Дегенмен жер сілкінісінен қорқып, қауіпсіздік шараларын қолданған дұрыс деп ойлаймын", – деп түсіндірді отандасымыз.
Ақниет мектепте бастауыш сынып оқушыларына сабақ береді. Ересектерден бөлек, балалардың да Emergency bag-ы бар екен.
"Дабыл сөмкесінде балаларға қажет киім-кешек, қорғаныс құралдары, ата-анасымен түскен фотосы, ойыншығы және аты-жөні жазылып тұрады. Бұдан бөлек ата-анасының телефоны және үйдің мекенжайы жазылады. Өрт және жер сілкінген жағдайда әр оқушының орындығында қорғанатын қалпақтары ілініп тұрады. Ол қалпақтар жұмсақ болғанымен, түтіннен және ауыр заттардан қорғайды. Ата-аналары балаларына 1-2 жастан бастап қауіпсіздік шараларын үйретеді. Себебі апат болғанда, бала жоғалып кетуі мүмкін. Баланы тапқан адам кімге хабарласатынын, үйінің қай жерде екенін біліп, тауып бара алады. Арыста болған оқиға әлі есімде. Елді-мекенде болған жарылыс кезінде балалардың көбі жоғалып кетті. Әлеуметтік желіде "баланы көргендер бар ма?", "қай мектепте оқитынын білесіздер ме?" деген іздеу хабарламалары тарады. Жапониямен салыстырғанда еліміз мүлдем мұндай апаттарға, зілзалаға дайын емес екеніне көзім жетті. Әрине, ешқандай қауіп-қатер болмасын. Бірақ төтенше жағдай бола қалса, біздің халық қиналатынын, дәрменсіз екенін көрдім. Тіпті, жапониялықтардың әр мектебінде шкафтар адамдарға құлап кетпеуі үшін есіктері қатты құлыппен жабылады", – дейді Ақниет.
Фото Ақниет Құрманбекқызының жеке архивінен
Дегенмен Ақниет Құрманбекқызы елге қайту туралы ой мазалап жүргенін жасырмады.
"Зілзала уақытында Қазақстанға қайту туралы ой болмады. Себебі мұнда үйлер сапалы салынғандықтан, аса қорықпадым. Түркиядағы жағдай қайталанады деп ойламадым. Керісінше, отбасым елге тезірек қайтуымды тіледі. Қатты қорқып, мен үшін қобалжыды. Сонымен қатар достарым, тіпті танымайтын адамдар да мені уайымдап жазып жіберді. Жапониядан көшу туралы ой келіп жүр. Бірақ жер сілкінісіне байланысты емес. Мұнда адамдардың өмір сүру қағидалары қазақстандықтардікіне мүлдем кереғар. Қазақстандағы климатқа және адамдарға үйреніп қалғандықтан, қиын соғып жатыр. Сонымен қатар мұнда газ жүйесі іске қосылмағандықтан, қысы суық деуге болады. Өйткені Жапонияда көмір мен газ жоқ. Әр қыста жаурап ұйықтағым келмейді. Сол уақытта Қазақстанның өте бай, молшылықта өмір сүретін ел екенін түсіндім", – деді отандасымыз Ақниет.
Айта кетсек, Жапонияда тұратын тағы бір отандасымыз Мадина әлеуметтік желіде жер сілкінісі кезіндегі әрбір қадамын егжей-тегжейлі көрсететін күнделікті видео шолу жариялаған еді. Автор 4 миллионнан аса қаралым жинаған видеода тек қажет заттарды алып, тыныштық сақтау керегін айтқан.