Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл блогер Daricorn-ды баланы буллингке ұшыратты деп айыптады

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева блогердің жарнамасына түсіп, буллингке ұшыраған 9 жасар балаға қатысты мәлімдеме жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Әлеуметтік желіден

Бұл жағдай блогер Дариға Нұркееваның (Daricorn) Qatty Tatty кофеханасына арналған жарнамалық бейнеролигінен кейін болған.

Закиева балалардың суреттері мен видеолары түрлі мақсаттарда пайдаланылған кезде олардың құқықтарының өрескел бұзылатынын атап өтті. Оның айтуынша, ересектер мұндай әрекеттері арқылы балалардың психологиясына қандай зақым келтіретінін ойламайды.

"Жеке мақсаттардың артынан қуып, адамгершілікті ұмытып кетеді. Өкінішке қарай, мұны жасаған ересектерде баладан кешірім сұрап, жағдайды түзетуге тырысатын ар-ұят болмаған", — деді Закиева.

Уәкілдің айтуынша, алдағы уақытта балалардың бейнелерін пайдалану бойынша жазаны күшейтетін түзетулер үкіметке ұсынылады.

Оқу-ағарту министрлігі жанындағы балалар құқықтарын қорғау комитеті де оқиғаға қатысты пікір білдірді. Ведомствоның мәліметінше, комитет төрайымы Насымжан Оспанова баланың анасымен тікелей байланысқа шыққан. Отбасына психологиялық және заңгерлік көмек ұсынылды.

"Сот тергеуі басталған жағдайда комитет баланың құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін ресми түрде араласуға дайын", – дейді жауапты мекеме өкілдері.

Сонымен қатар комитет өкілдері азаматтық кодекстің 145-бабына сәйкес, кез келген адамның, соның ішінде баланың бейнесін оның немесе оның заңды өкілінің келісімінсіз пайдалануға жол берілмейтінін атап өтті.

Жеке деректер және оларды қорғау туралы заңға сәйкес, кәмелетке толмаған баланың бейнесі қолжетімділігі шектеулі жеке деректер санатына жатады және заңмен қорғалады.

"Комитет блогерлергер, инфлюенсерлерге және бүкіл медиа кеңістігі өкілдеріне заңнаманы және әрбір баланың құқығын қатаң сақтаудың маңыздылығын ескертеді. Әрбір бала – шынайы өмірде де, цифрлық ортада да – құрметке, қорғауға және қауіпсіздікке құқылы", – делінген комитет хабарламасында.

Еске салсақ, бұған дейін 9 жастағы баланың анасы Ольга Колузанова ұлын Qatty Tatty кофеханасына арналған жарнамалық бейнероликке рұқсатсыз түсіріп алғанын айтып, шағымданған еді. Қазіргі уақытта қазақстандықтар блогердің кофеханасына жаппай бойкот жариялауда.

Талқылау