Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Депутат Алматы облысында экс-әкімнің ұлы қала аумағындай жерге иелік ететінін айтты

видеодан скрин

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Алматы облысындағы жер телімдерін заңсыз үлестіру мәселесіне қатысты күресін жалғастыруда. Осыған орай, ол Бас прокурор Берік Нұрғалиевтің атына ресми депутаттық сауал жолдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Депутат ең алдымен Қапшағай су қоймасы мен Іле өзенінің жағалауында орналасқан 81 жер теліміне тоқталды. Бұл аумақтар су қорғау аймағына жататындықтан, жеке меншікке берілуге тиіс емес еді. Алайда Қонаев қаласының әкімдігі бұл жерлерді заңға қайшы түрде жеке меншікке және жалға рәсімдеп жіберген. Жүргізілген тексеріс нәтижесінде осы телімдердің 50-інде жер заңнамасының айтарлықтай бұзылғаны анықталған.

Базарбектің айтуынша, жер телімдері қарапайым азаматтарға емес, танымал тұлғаларға берілген. Тізімде – елдің тұңғыш президентінің туыстары, бұрын жоғары лауазымды қызмет атқарған шенеуніктер мен Forbes рейтингіне енген кәсіпкерлер бар.

Сонымен қатар депутат заңсыз жер бөлу деректерін тексеруге келген мемлекеттік инспекторларға бизнес элита мен ықпалды лауазымды тұлғалар тарапынан қысым көрсетіліп жатқанын да атап өтті.

Бұдан бөлек, Базарбектің қолына Іле ауданындағы заңсыз жер бөлуге қатысты жаңа деректер түскен. Аудан тұрғындарының айтуынша, бұл өңірді 14 жыл басқарған экс-әкім Николай Логутов өз өкілеттігін пайдаланып, жерлерді жақын туыстарының атына рәсімдеген.
Қазіргі таңда бұл жер телімдерінің көпшілігі бұрынғы әкімнің ұлы – Константин Логутовтың иелігінде екені белгілі болды. Жалпы көлемі 10 мың гектардан асатын аумақ оның атына тіркелген. Жерлер "Монтажник", Dala Invest Group, Billboards Empire және Al-Agro Group компаниялары арқылы рәсімделген. Салыстырмалы түрде алғанда, бұл – Қонаев қаласының жалпы аумағынан да үлкен.

"Кезінде көпшілікке белгісіз болған әкімдердің балалары бүгінде аса ірі жер иелеріне айналды", – деді Базарбек.

Оның сөзінше, қазіргі кезде ауыл тұрғындары бұл жерлерді мал жаюға немесе егін егуге пайдалана алмай отыр. Көптеген учаскелер бос күйінде қалып, кейін жоғары бағамен қайта сатылып жатқан көрінеді. Оған қоса, кейбір телімдер "қызыл сызық" шегінде және ерекше қорғалатын табиғи аймақтарда орналасқан.

Осыған байланысты депутат Бас прокуратурадан бұл істі жеке бақылауға алуды және Логутовқа облыстық прокуратура тарапынан қандай да бір қамқорлық жасалған-жасалмағанын тексеруді сұрады.

Айта кетейік, бұған дейін Бақытжан Базарбек Қапшағай маңындағы жерлердің нақты иелерін жария ететінін мәлімдеген болатын.
 

Айнұр Мұхади
Сәрсенбі, 24 Қыркүйек, 2025 18:49
Талқылау