"Қазатомөнеркәсіп” желіде тараған қауесетке жауап берді
БАҚ өкілдері Түркістан облысының Отырар ауданында орналасқан "Заречное" АҚ кенішіне барды. Желіде бұл жерде өндіріс кезінде уран шикізатынан қалған зиянды ерітінділер төгіліп жатыр деген ақпарат тараған болатын. "Қазатомөнеркәсіп” компаниясы бұл қауесетке жауап беріп, технологиялық ерітінділердің қараусыз қалмайтынын, олардың үлкен бақылаумен жойылатынын көрсетті.

Журналисттер “Заречное” БК" АҚ өндірістік нысандарын көрді. Ұлттық компания ресми түсініктеме беріп кәсіпорындағы уран шикізаты өндірісінің барлық қалдықтары түріне қарай бөлінетінін жеткізді. Ережеге сәйкес қалдықтар арнайы бөлінген алаңдар мен жинақтағышта уақытша орналастырылады. Бұл қоршаған ортаға ықтимал әсерді барынша азайтады екен.

Компания сонымен қатар бұрғылау және жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу үшін қажетті барлық зумпфтар мен шұңқырлар соңынан босатылып тазартылатынын жеткізді. Техникалық ақаулыққа байланысты күкірт қышқылының төгілуі сияқты оқиғалар болған жағдайда, төгілген сұйықтықты оқшаулау және жинау арқылы ластанған учаскенің одан әрі таралуына жол бермеу үшін жедел шаралар қабылданады. Қышқылданған топырақ бейтараптандырылып, зертханалық тексеру жүргізілгеннен кейін экологияға қауіп төндірместен орнына қайтарылады екен.

"Өз қызметінің ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз ететін кәсіпорын қауіпсіздік пен қоршаған ортаны қорғаудың жоғары стандарттарын сақтай отырып, уран өндіреді. Заңнама талаптарына сәйкес, кен орнындағы жұмыстар аяқталғаннан кейін учаске мемлекетке бастапқы түрінде қайтарылады. Оны арнайы комиссия растайды. Бұдан басқа, заңнаманың талабы бойынша Қазатомөнеркәсіп кәсіпорындарында тарату қорлары құрылған. Онда жұмыстар аяқталғаннан кейін аумақты қалпына келтіру және толық қалпына келтіру үшін қаржы қаражаты жинақталады", - деп атап өтті "Қазатомөнеркәсіп" ҰАК" АҚ өндірістік қауіпсіздік департаментінің директоры Манас Ысқақов.

Сондай-ақ журналистерге уақытша сақтаудың арнайы жабық алаңында жиналып сақталатын төмен радиоактивті қалдықтарды жіктеу рәсімі көрсетілді. Жинақталғаннан кейін олар компанияның аймағынан алыс орналасқан көму орындарына жіберіледі. Бейтараптандырудан өтетін қышқылданған топырақты уақытша орналастыру үшін кәсіпорында жеке алаң да қарастырылған.

"Заречное" БК" АҚ - Отырар ауданындағы жергілікті тұрғындарды жұмыс орындарымен қамтамасыз етіп отыр. Ол жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартқа сәйкес өңірдің негізгі салық төлеушісі болып саналатын, жалғыз өндірістік кәсіпорын. Компания халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға және өңірдің әлеуметтік-инфрақұрылымдық дамуын қолдауға бағытталған көптеген бастамаларды іске асыруда. Сонымен қатар, қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне ерекше назар аударады. Компания өндірістік учаскелерде экологиялық бақылау, тұтыну қалдықтарын басқару, биоәртүрлілікті сақтау және табиғатқа теріс әсерді азайту бойынша іс-шараларды тұрақты түрде өткізуде.
Қазақстан әйелдерінің үйдегі тегін еңбегінің құны қанша: Есептеп көрдік