Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бағлан Әбдрайымовқа казиноны жарнамалау үшін қомақты қаржы ұсынғаны белгілі болды

Отандық әнші, “Жігіттер” квартетінің мүшесі Бағлан Әбдрайымов өзіне құмар ойынды жарнамалау туралы ұсыныс түскенін жасырмай айтты деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Nur.kz сайтына сілтеме жасап.

Құмар ойын туралы кино түсірген отандық шоу-бизнес өкілі қомақты қаржыдан не себепті бас тартқанын түсіндірді.

“Қапшағайдағы казинолардың бірінде ресейлік менеджерлер Қазақстан шоу-бизнесінің нарығын зерттеген екен. Бұл тақырыпты қозғап, кино түсіргендіктен, көздері маған түссе керек. Бастапқыда 30 миллион теңге ұсынды. Бірақ бірден бас тартып, 100 миллион теңге ұсынса да, одан қомақты сома берсе де, келіспейтінімді айттым. Себебі құмар ойынның артында қаншама қазақтың тағдыры, қаншама қазақтың көз жасы мен өмірі жатыр”, – дейді әнші ұсыныстан үзілді-кесілді бас тартқанын айтып.

Құмар ойынның құлдырау екенін кино арқылы жеткізгісі келген өнер иесі өз миссиясын қалтқысыз орындады деп санайды.

“"Zero" фильмі арқылы 30 жігіттің бетін бері қараттым деп айта аламын. Олар маған әлеуметтік желіде кері байланыс берді. 30 жігітті құтқару 30 отбасын құтқарумен тең. Сондықтан адами тұрғыда өз миссиямды орындадым деп есептеймін. Өзім ойлансам, құмар ойынға кетуіме ортам да, қаржылық сауаттылықтың жоқтығы да әсер еткендей. Көбірек ақша да тапқым келген шығар. Өнер әлемінде қалыптасып, концерт пен тойға үзбей барған соң мастанып кеттім бе деп те ойлаймын. Жалпы жастарды тек жақсы ортада жүруге шақырамын”, – дейді Бағлан Әбдрайымов.

Еске салайық, бұған дейін әншінің екініш фильмнің түсірілімін бастап кеткені туралы жазған болатынбыз.

Талқылау