Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бағанашылдағы даудан кейін орнынан кеткен шенеунік қайтадан басшылық қызметке тағайындалды

Фото: gov.kz

Алматы облысында Тілдерді дамыту басқармасының жаңа басшысы болып Салтанат Беспаева тағайындалды. Ол бұған дейін Бағанашылдағы балалар үйіндегі даудан соң лауазымды қызметінен кеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Облыс әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Салтанат Беспаева Қазақ ауыл шаруашылығы институтын, Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін және Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетін бітірген.

Еңбек жолын 2000 жылы Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектепте қазақ тілі пәнінің мұғалімі болып бастаған. Кейіннен ұйымдастырушы педагог, тәрбие ісі жөніндегі директордың орынбасары, сондай-ақ Мұхтар Әуезов атындағы мектептің директоры қызметтерін атқарған.

2022 жылдың шілде айынан бастап Салтанат Беспаева Алматы облысының білім басқармасын басқарды. Биыл тамыз айында оның қызметінен босатылғаны туралы ақпарат әлеуметтік желіде тарады. Кейін бұл ақпарат расталып, оның орнына Арайлым Төлеубекова тағайындалды.



Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы Бағанашыл балалар үйінің тәрбиеленушілерін Қонаевқа еркінен тыс көшіру қоғамда наразылық тудырды. Қоғам белсендісі Аружан Саин бұл әрекетті заңға және Бала құқықтары туралы БҰҰ Конвенциясына қайшы деп атап өтті.

Кейін Тоқаев Алматыдағы балалар үйінің тәрбиеленушілерін Қонаев қаласына көшіру туралы шешімді тоқтатуды тапсырғаны мәлім болды. Президент Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдыға оқушылардың оңтүстік астанада білім алуын жалғастыру үшін балалар үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізуді және бұл нысанды қаланың балансына алуды тапсырды.

Гүлсезім Мұхатай
Сейсенбі, 21 Қазан, 2025 14:51
Талқылау