Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бағанашылдағы балалар үйіне қатысты дау: Президент тапсырмасынан кейін Алматыда тексеріс басталды

Комиссия мүшелері балалармен сөйлесіп отырФото: Президент әкімшілігі

Бағанашылдағы балалар үйіне қатысты жағдайды жан-жақты және объективті тексеру үшін Алматыға Президент әкімшілігінен комиссия келді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Президент әкімшілігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, комиссия мүшелері балалар үйінің тәрбиеленушілерімен, мекеме ұжымымен және білім беру жүйесінің өкілдерімен кездесті.

Тексеру аясында Президент әкімшілігі өкілдері балалар үйіндегі тұрмыс және тәрбие жағдайымен танысып, іргелес жатқан инфрақұрылым ғимараттарын аралап көрді.

"Қазір балалар үйін көшіру туралы шешімге қатысты құжаттарды жинау және талдау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жетім балаларға қатысты заңнамада көзделген барлық әлеуметтік және құқықтық кепілдіктің сақталуына ерекше назар аударылады. Тексеру балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға басымдық бере отырып жүргізіліп жатыр", – делінген хабарламада.

Еске салайық, бұған дейінгі Алматыдағы Бағанашыл балалар үйінің тәрбиеленушілерін Қонаевқа еркінен тыс көшіру туралы шешім қоғамда наразылық туғызды. Қоғам белсендісі Аружан Саин бұл әрекетті заңға және Бала құқықтары туралы БҰҰ Конвенциясына қайшы екенін атап өтті.

Кейін Тоқаев Алматыдағы балалар үйінің тәрбиеленушілерін Қонаев қаласына көшіру туралы шешімді тоқтатуды тапсырғаны мәлім болды. Президент Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдыға оқушылардың оңтүстік астанада білім алуын жалғастыру үшін балалар үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізуді және бұл нысанды қаланың балансына алуды тапсырды.

Аида Тақабаева
Сейсенбі, 22 Шілде, 2025 15:02
Талқылау