Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бағанашыл" балалар үйіндегі балалар уақытша Алматыға көшірілмек

бағанашыл

Фото: Алматы қаласы өңірлік коммуникациялар қызметі

Алматы қаласы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясында қала әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков Бағанашылдағы балалар үйіне жөндеу жүргізілетінін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жөндеу аяқталғанша балалар Торайғыров көшесіндегі №1 мектеп-интернатына уақытша орналасады. Ондағы ғимараттың жалпы аумағы – 1 113,1 шаршы метр.

Қазіргі таңда Бағанашыл шағын ауданында орналасқан №2 балаларды қолдау орталығында 100 бала тұрады, оның ішінде 13 мектеп жасына дейінгі және 87 мектеп оқушысы. Бұған дейін БАҚ балаларды облысқа көшіру мүмкін екенін талқылағанымен, балалардың барлығы Алматыда қалады деген шешім қабылданды.

"Президенттің тапсырмасына сәйкес орталық ғимараты толық жөндеуден өтеді. "Интегра" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өз бизнесінің әлеуметтік жауапкершілігін мойындап, балаларды көшіруді бастауға дайын", – деді Азамат Қалдыбеков.

Сондай-ақ 2025 жылдың 20 қыркүйегінде Алматыда жаңа мамандандырылған "Жанұя" кешені ашылғаны айтылды. Ол BI Group құрылыс компаниясының 6 миллиард теңге қаржысына салынды. 

Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы Бағанашыл балалар үйінің тәрбиеленушілерін Қонаевқа еркінен тыс көшіру қоғамда наразылық тудырды. Қоғам белсендісі Аружан Саин бұл әрекетті заңға және Бала құқықтары туралы БҰҰ Конвенциясына қайшы деп атап өтті. 

Кейін Тоқаев Алматыдағы балалар үйінің тәрбиеленушілерін Қонаев қаласына көшіру туралы шешімді тоқтатуды тапсырғаны мәлім болды. Президент Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдыға оқушылардың оңтүстік астанада білім алуын жалғастыру үшін балалар үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізуді және бұл нысанды қаланың балансына алуды тапсырды.

Қырмызы Скендирова
Сәрсенбі, 08 Қазан, 2025 22:42
Талқылау