Азия ойындары-2025: Хоккейден әйелдер құрамасы күміс жүлде ұтты
Қытайдың Харбин қаласында өтіп жатқан 2025 жылғы қысқы Азия ойындарында хоккейден Қазақстан әйелдер құрамасы күміс медаль жеңіп алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: olympic.kz
Қазақстан құрамасы соңғы айналымда Оңтүстік Корея спортшыларымен кездесті.
Бұл ойында алғашқы шайбаны Малика Алдабергенова соқты. Екінші айналымда қос команда да қақпаға тура соққылар бағыттағанымен, таблода есеп өзгермеді. Ал үшінші кезеңде Юлия Буторина есепті еселеді. Ойын аяқталар тұста Дария Молдабай ашық қалған қарсылас қақпасына шайбаны тура бағыттады. Қорытынды есеп 3:0. Қазақстан құрамасы жеңіске жетті.
Соңғы ойынында Жапония арулары Қытай құрамасын 8:1 есебімен жеңді. Нәтижесінде Күншығыс елінің арулары 2025 жылғы шайбалы хоккейден Азияның чемпиондары атанды. Ал осы жеңістің арқасында Қазақстан құрамасы күміс медальды олжалады. Қытай қолаға қол созды.
Бұл – шайбалы хоккейден қысқы Азия ойындары тарихындағы Қазақстан құрамасының алғашқы күміс жүлдесі. Бұған дейін аруларымыз дүбірлі додада 3 алтын және 3 қола медаль иеленген еді.