Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Азия даму банкі Қызылорда – Жезқазған автожолын салуға 300 миллион доллар құймақ

Мемлекет басшысы Азия даму банкінің президенті Масацугу Асакаваны қабылдады. Кездесуде Масацугу Асакава Қазақстанмен тығыз ынтымақтастықты жалғастырып, ірі жобалар жасауға дайын екенін жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Ақордадан

Ақорданың мәліметінше, Азия даму банкінің президенті Астанаға  Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастығы бағдарламасының 23-ші министрлік конференциясына қатысу үшін келген.

“Мемлекет басшысы мәртебелі мейманды Қазақстан мен Азия даму банкінің нәтижелі қарым-қатынасының 30 жылдығымен құттықтады. Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз қаржы институтымен өзара ықпалдастықтың стратегиялық сипатын, сондай-ақ банктің ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға және ұлттық қаржы жүйесін нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалайтынын айтты”, – делінген хабарламада. 

Деректерге сүйенсек, Азия даму банкі 1994-2024 жылдар аралығында Қазақстанда жалпы сомасы 7 миллиард долларға жуық жобаларды қаржыландырды. Атап айтқанда, банк Батыс Қытай – Батыс Еуропа халықаралық көлік дәлізін салуға, сондай-ақ Ақтөбе – Қандыағаш жолын қайта жөндеуге қатысқан.

“Мемлекет басшысы Қазақстанда экономиканы ырықтандыру, инвестициялық ахуалды жақсарту және еліміздің экономикалық әлеуетін арттыру үшін қажетті жағдай жасау жұмыстары жалғасып жатқанын жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканы декарбонизациялау өзара іс-қимылдың перспективті салаларының бірі екеніне тоқталды.



Ал Масацугу Асакава еліміздің экономикалық реформалары мен орнықты даму жолындағы табысын оң бағалады. Сонымен қатар банктің Қазақстанмен тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға, соның ішінде инфрақұрылымды жаңғырту, әлеуметтік саланы жетілдіру және инвестициялық ахуалды нығайту бағытындағы ірі жобаларға қатысуға дайын екенін растады”, – делінген хабарламада.

Азия даму банкі президентінің сапары аясында жалпы құны 300 миллион доллардан асатын "Қызылорда – Жезқазған" автожолының құрылысын қаржыландыру туралы келісімге қол қою жоспарланып отыр. 

Талқылау