Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әзірге компромистік нұсқа жоқ". Путиннің Кремльдегі АҚШ елшілерімен кездесуі қалай өтті

Ақш елшісі Уиткофф пен Владимир ПутинФото: Alexander Kazakov/Russian Presidential Press and Information Office/TASS

АҚШ президентінің арнайы елшісі Стив Уиткофф пен Дональд Трамптың күйеу балаcы Джаред Кушнер Мәскеуге келіп, Украинадағы соғысты аяқтау жоспарын Владимир Путинмен талқылады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC.com басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Бұған дейін Владимир Зеленский бұл кездесуден "бәрі тәуелді" екенін айтса, Путин тағы да әскери риторикасын жариялады. Енді тек Украинаға ғана емес, Еуропаға да бағытталған. Бұл Уиткоффтың Ресей президентімен алтыншы кездесуі болып отыр. Алдыңғы бес кездесу сияқты айтарлықтай нәтиже бермеген.

Путиннің Уиткофф пен Кушнермен кездесуі шамамен бес сағатқа созылып, Мәскеу уақыты бойынша 00:30-да аяқталды. Кездесу 19:30-да басталды, себебі алдын ала жарияланған уақытына қарағанда үш сағатқа кешікті.

Ресейлік БАҚтың мәліметінше, Путинмен кездесуден кейін Уиткофф АҚШ-тың Мәскеудегі елшілігіне барған. Онда бір сағаттан аз уақыт болып, кейін Внуково әуежайынан ұшып кеткен. Ресей тарапынан кездесуге Путиннен басқа президенттің көмекшісі Юрий Ушаков пен РФПИ басшысы Кирилл Дмитриев қатысты. Кездесуден кейін Дмитриев Х желісінде бір сөзбен "өнімді" деген жазба қалдырды

"Әзірге территориялық мәселеге қатысты компромистік нұсқа табылған жоқ, бірақ америкалықтар жағынан ұсыныстар айтылды. (Ресей украин әскерін Донецк облысының барлық аумағынан шығаруын талап етеді, ал Украина мен оның еуропалық одақтастары бұл талапты қабылдамайды). Біз даулы мәселені шешуге де, жақындауға да қол жеткізе алған жоқпыз. Алда жұмыс көп", – деп жазады ТАСС Ушаковтың сөзінен.

Ушаковтың айтуынша, Украина дағдарысын реттеу жөніндегі кейбір американ ұсыныстары Путиннің сынына ұшырады, бірақ кейбіріне ол келісім білдірді.

Ресей мен АҚШ байланыстарды жалғастыруға келісті, Владимир Путиннің Дональд Трамппен кездесуі олардың көмекшілері мен сыртқы істер министрліктерінің жұмысына байланысты болады.

"Ресей 27 тармақтан тұратын Трамп жоспарын қарады, кейін тағы 4 құжат алынды, бәрі сейсенбі күнгі кездесуде талқыланды. Сөйте тура, "бейбіт жоспардың нақты формулировкалары" талқыланбаған, әңгіме "мазмұны" жөнінде болды", –деп хабарлайды ТАСС. 

АҚШ пен Ресей келіссөздер егжей-тегжейін жарияламайтынына келісті. Америкалық делегация бұл келісімді орындап, Мәскеуге сапарынан кейін ешқандай мәлімдеме жасамады. АҚШ президенті Дональд Трамп та, Украина президенті Владимир Зеленский де әлі Кремльдегі кездесуге пікір білдірген жоқ.

Айта кетейік, таяуда АҚШ делегациясы Уиткофф, Кушнер және мемлекеттік хатшы Марко Рубио Ресейге келмес бұрын, әуелі, Флоридада украин өкілдерімен кездескен еді. Олар соғысты аяқтау жоспарын талқылауды жалғастырған. Кейін бұл делегация Мәскеуге барып, Путинмен сөйлесті. Мәскеуден соң Еуропаға барып, Зеленскиймен кездесіп, Путинмен өткен әңгіме туралы хабарлайтыны айтылды.

Мәскеудің ұстанымы берік екені байқалды. Ресей үш мәселе бойынша ешқашан келісімге бармайтынын айтқан:

1.    Бүкіл Донбасты алу;
2.    Украина армиясының санын шектеу;
3.    АҚШ пен Еуропаның Ресей аннексиялаған аумақтарды мойындауы.

Алайда бұл мәселелер Украина үшін де "қызыл сызық" болып қалып отыр.
Путиннің өзін ұстауы да соғысты тоқтатуға ниеті жоқ екенін көрсетеді. Ол бір күнде келіссөз өткізіп, әскери формада генералдармен сөйлесті.

Ресейдің екі жолы бар екенін байқатады дейді басылымдар.
•    соғыс арқылы мақсатқа жету;
•    дипломатияны пайдалану. Бірақ дипломатия арқылы шын бейбітшілік орнату емес, АҚШ-ты Украинадан алыстату, Киевті "кінәлі жақ" ретінде көрсету болып отыр.
Егер АҚШ Украинаға қысым жасап, нашар келісімге көндірсе, бұл Ресейге тиімді. Бірақ АҚШ тек арағайын болып қалса да, Кремльге ол да жарай береді дейді сарапшылар.

Зеленский әзірге оптимистік көңілде, бірақ үш негізгі мәселе әлі шешілмегенін мойындады. Олар территориялар, қауіпсіздік кепілдіктері жəне Еуропадағы Ресейдің мұздатылған активтері болып отыр. Бұған дейін ұсынылған "бейбіт жоспардың" алғашқы нұсқасы Ресейге өте тиімді болғандықтан, Украина мен Еуропа оны қатты қайта өңдеген. Қазір жоспардың соңғы нұсқасы әлі толық аяқталған жоқ.
Жалпы, келіссөздер өткенмен, соғыстың бітетіні байқалмайды. Ресей бұрынғыдай қатал талаптарын қойып отыр, ал Путиннің соңғы мәлімдемелері де жағдайды жұмсартпайды.

Айта кетейік, Уиткофф биыл алты рет Мәскеуге келген. Ал Кушнер, CNN арнасының дерегінше, Трамп оны мәмілелерді шешетін маман деп санайды.


"Нақты келісімшарт жобасы емес, сұрақтар жиынтығы": Путин АҚШ-тың Украинадағы соғысты тоқтату жоспары туралы айтты


Украина Трамптың бейбітшілік жоспарына келісім берді


Еске салайық, бұған дейін бұған дейін Украинадағы соғысқа байланысты халықаралық қауымдастық қақтығысты бейбіт жолмен реттеу үшін дипломатиялық келіссөздерді күшейтіп отырғанын жаздық. АҚШ өз тарапынан арнайы бейбіт жоспар ұсынып, оны Еуроодақ пен Украинамен талқылауда. Киев ұлттық делегация құрып, келіссөз процесіне дайын екенін білдірсе, Ресей бейбіт диалогқа ашық екенін мәлімдегенімен, Зеленскиймен тікелей келіссөзге қатысуды әзірге жоққа шығарып отыр.

STAN.KZ
Сәрсенбі, 03 Желтоқсан, 2025 14:54