Азық-түлікті екі есе қымбатқа алған: Қарағандыда әлеуметтік орталықтар мүгедектердің зейнетақысы мен жәрдемақысын ретсіз жұмсаған
Қарағанды облысында әлеуметтік орталықтардағы мүгедектігі бар адамдардың зейнетақысы мен жәрдемақысы ретсіз жұмсалғаны анықталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Pixabay.com
Қарағандыдағы жергілікті прокурорлар ерекше қажеттігі бар адамдарға берілетін қаржы ретсіз жұмсалатынын анықтады. Әлеуметтік орталықтар азық-түлік пен киім-кешектерді жоғары бағамен сатып алатын болып шықты.
Ережеге сәйкес, қамқоршылықтағы азаматтардың табысының 70%-ы мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаға сәйкес жұмсалады. Қалған 30%-ын комиссияның шешімі негізінде қорғаншы жұмсайды.
“Қамқорлықтағылардың зейнетақысы мен жәрдемақысы ретсіз және қисынсыз жұмсалған. Азық-түлік нарық бағасынан екі есе жоғары бағаға сатып алынды. Өтінішті қарау нәтижелері бойынша мүдделі мемлекеттік органдар бекіткен қолданыстағы қағидаларға өзгерістер енгізу бойынша шаралар қабылданды. Бұл шаралар бүкіл ел бойынша әрекетке қабілетсіз адамдардың мүліктік құқықтары мен мүдделерін қорғауға мүмкіндік береді”, – деді Қарағанды облысының прокуроры Сымбат Кәкенбаев.