Әжесінен айырылған Жігер Ауыпбаев желіде жантебірентерлік жазба қалдырды
Жуырда ғана “Меломен” тобының экс-әншісі Жігер Ауыпбаев 93 жастағы әжесін қажылық сапарға жіберген еді. Арманы орындалған әнші күтіп алған сәтінде әжесінің аяғын сүйіп, жұртты сүйсіндірді. Күні кеше әнші сүйікті әжесінен айырылып қалғанын жеткізді, деп жазады Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі.
“Қаладан ауылға жол түскенде ең бірінші әулетіміздің қара шаңырағына ат басын бұруға асығатынмын. Асығуымның себебі, әулетіміздің қазынасы, атам Әуіпбайдан бері салынған тариxи жолды көзімен көріп, құлағымен естіп, бойына сіңірген тірі шежіре, асыл әжемнің біз үшін сандығына сары майдай сақтап қойған сарқыттарынан ауыз тиіп, жайлаудай жайылған етегіне бір аунап сағынышымды басу еді.
Бірақ әр барған сайын әжемнің жүзінен “шебер тағдырдың” ойып тұрып салған жаңа әжімдерін көріп көңілім құлазитын. Ауылдан қайтарда әжем батасын беріп:
“Менің қанша уақытым қалды дейсің, анау өмірге қол көтеріп тұрмын ғой. Сен келесі келемін дегенше мен бармын ба? Жоқпын ба? Бір Құдай біледі.Аман бол қарағым”, – деп көзіне жас алып дарбазаның сыртына дейін қимай-қимай шығарып салатын.
Бұл жолы қара xалық болып көзімізге еріксіз жас алып асыл әжемізді, қажы әжемізді қимай-қимай мәңгілік өмірге шығарып салдық.
Әрине, өте қиын… Әрі қимастық сезім… Бірақ ақылға салып қарасақ мәңгілік өмір “бұл дүние” емес “арғы дүние” ғой. Бәріміз сол жаққа қайтарыламыз.
Жаназа намазы оқылып, әжемізді жер қойынына тапсыруға мазарға қарай бет алып бара жатқан жолда орналасқан қай үйдің жанынан өтеміз, сол үйдің әтештері шақыра бастағанын естідім.
«Әтеш шақырғанын естісеңдер, Аллаһ Тағаланың кеңшілігін тілеңдер! Себебі, ол періштені көрді (яғни, періштені көрсе – шақырады)…(Муслим) – деген xадисті оқығаным бар еді.(Бұл да жақсылықтың белгісі шығар) Бір Алла біледі.
Кейін қабір басына келіп әжемді жерге тапсырып жатқанда тас төбеге бір шөкім бұлт үйіріліп келіп көлеңкелеп тұрды.Қабірдің бетін жауып имам құран оқып бастағанда жұмсақ,майда жаңбыр себелеп жауа бастады.Бұл құбылысты бәрі байқады.”Жаңбырдың әрбір тамшысын бір періште жерге алып түседі. Жаңбыр жауғанда тілеген дұға қабыл болады” – деген xадисті де оқыған едім.
Иа Раббым! Егер бұл белгілер расыменде мен ойлағандай жақсылықтың нышаны болса әжемнің жанын Жәннәттық қылғайсың.
Ауылдан қалаға қайтар жолда орналасқан Ақбейітте жатқан әруақтарға құран бағыштап,дұға жасап өтуші едім… Енді дұғамның ішіне тағы бір жан қосылды”, – дейді Жігер.
Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.