Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ажалы жетті" деген не сөз": Адвокат Шерзаттың әкесі мен туыстарын кінәлаған сотталушылар мен олардың ата-анасына шүйлікті

Тікелей эфирден скриншот

Шерзат Полаттың қазасына қатысты сотта жарыссөз өтіп жатыр. Жарыссөз кезінде жәбірленушілердің адвокаты Мейірман Шекеев сотталушылар мен олардың ата-анасына наразылығын жеткізді.

Мейірман Шекеев жәбірленуші тарапты кінәлап жатқан, марқұмға қатысты жағымсыз сөз айтқан сотталушылар мен олардың ата-аналарына ескерту жасады.

“Айыпталушылар Қаржаубайды кінәлап жатыр, ал сіздер келмегенде, төбелес болар ма еді? Бұл іс – екі тарап арасындағы жай сот емес, қоғамның күнделікті бетбұрысқа, әділдікке әрекеті, жаңа қадамы. Шерзат – 16 жасар ғана бала. Ол топқа емес, біреуіңізге де қарсы шыға алмас еді. Біреуіңізден де өкініш көрмедім. Арада "тәрбиесі дұрыс емес болды" дегендер табылды. Біз – аға буынбыз, әр сөзімізге жауап беруіміз керек. Шерзат пышаққа өзі барып соғылған жоқ. Адам өлгені факт. Тәуке хан кезінде "қанға қан, жанға жан" деген болған. Ешкім сіздерді кінәсізден кінәсіз босқа соттайын деп тұрған жоқ. Қаржаубайдың мақсаты – сіздерді соттату емес, ол баласын жоқтап жүр. Бірақ бұған жауап болмаса, қылмыс жалғаса береді”, – деді адвокат.

Қорғаушы “болашағыма балта шаппаңыздар” деген сотталушыға жауап берді. Әрі кінәларын мойындамай отырғандарын сынға алды.

“Түптеп келгенде сіздер өз болашақтарыңызды өздеріңіз қорғауларыңыз керек. Әр істеріңізге жауапкершілік алуларыңыз қажет. Қараңыздаршы, Шерзаттың өмір сүруге құқысы бар еді. Журналистер "Неге олар мойындамайды?" деп сұрап жатыр. “Әлі мойындауға мүмкіндігі бар, мойындайтын шығар” деп үміттендік. “9 см-лік бәкі 12 см кірді” деген “пышақ бар күшімен кірді” деген сөз. Пышақты араларыңыздан біреу сұққанын мойындап тұрсыздар, бірақ әрқайсыңыз “мен емес” дейсіздер. Онда неге бір-бірлеріңізді қорғайсыздар? Араларыңыздан біреу екен біліп тұрсыздар”, – деді Шекеев.

Сөзінше, Дархан адам шақырмаса, мұндай жағдай мүлдем болмас еді.

“Онда неге Қаржаубайды кінәлайсыздар? Егер ешкім жауапкершілік алмаса, мұндай жағдай тағы болады. Ата-аналары “балаларымызды ең жаман адам қылып отыр” деп ренжиді. Ал сіздер өзіңізді кінәламайсыздар ма? “Шерзаттың ажалы жетті” деген не сөз? Ата-ана осылай айтса, баласы не айтпайды? Баланы ата-ана көзінше өлтіріп жатса, жалғыз жүргенде қалай болады?”, – деді ол.

Еске салсақ, сотталушылардың бірі Қаржаубай Нұрымовтың үстінен қылмыстық іс қозғауды талап еткен еді.

Қырмызы Скендирова
Сейсенбі, 03 Маусым, 2025 11:14
Талқылау