АҚШ билігі "Азаттық радиосын" қайта қаржыландырмақ
АҚШ-тың USAGM әлемдік медиа агенттігі "Азаттық радиосы" медиакорпорациясына грант беруді жалғастыратын болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: “Азаттық радиосы"
USAGM-нің грантты тоқтату туралы шешімінің күшін жойғаны және қаржыландыруды қалпына келтіргені туралы хабарлама "Азаттық радиосы" президенті және бас атқарушы директоры Стивен Капустың атына жіберілген.
Бұл құжатқа уақытша бас директор Кари Лейк қол қойған және кейінірек "Азаттық радиосы/Азат Еуропа радиосы" тарапынан берілген қарсы талап арыз бойынша сот материалдарында жарияланған.
"2025 жылғы 15 наурызда сіздің гранттық келісіміңізді тоқтату туралы жолданған хаттың күші жойылғанын хабарлаймыз. Осыған байланысты гранттық келісім қайтадан күшіне енеді", – делінген құжатта.
Алайда USAGM болашақта бұл келісімді бұзу құқығын өзінде қалдыратынын атап өтті.
"Бұл күшін жою шешімі USAGM-нің грантты болашақта тоқтату өкілеттігін шектемейді", – делінген ақпаратта.
Еске салсақ, бұған дейін Илон Маск АҚШ қаржыландыратын "Азаттық Радиосы" мен "Америка дауысы" радиостанцияларын жабуды ұсынған еді. Кейіннен Трамп "Азаттық радиосы" мен "Америка дауысы" да бар жеті агенттікте қысқарту жүргізу туралы жарлыққа қол қойды.