Әзірбайжан ұшағының апаты кезінде Ресейдің әуе кеңістігі жабылған, АҚШ пен Израиль Йемен астанасына шабуыл жасады: Әлем жаңалықтарына шолу
Осы аптада әлемде көптеген саяси өзгерістер орын алды. Әзірбайжан парламентінің депутаты Ақтау маңында апатқа ұшыраған ұшақты ресейлік зымырандар атып түсірілгенін айтып, Ресейден кешірім сұрауды талап етті. Әзірге Ресей тарапынан ешқандай түсініктеме болған жоқ. Алайда бұл Ресей мен Әзірбайжан арасында достық қатынасты ушықтыруы ықтимал. Ал Түркия Сирияға елді қалпына келтіруге көмектесетінін мәлімдеген. Оған қоса АҚШ пен Израиль Йемен астанасына әуе шабуылдарын жасаған. Stan.kz тілшісі осы және өзге де әлем жаңалықтарына апталық шолу ұсынады.
“Әзірбайжандық ұшақты Ресейлік зымырандар атып түсірген”
Фото: Қазақстан ТЖД
25 желтоқсан күні Бакуден Ресейдің Грозный қаласына ұшқан Әзірбайжан әуе жолдары компаниясына тиесілі Embraer E190AR ұшағы Ақтау қаласындағы әуежай маңында апатқа ұшыраған еді. Бортта 67 адам болған. 38 жолаушы қаза тауып, 29 адам Маңғыстау облыстық ауруханасына жатқызылды. Қазір Қазақстан апатқа қатысты тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қазақстан билігі әуе апатына қатысты сот-медициналық сараптамаға ресейлік және әзірбайжандық сарапшыларды араластырмайтынын, бірақ жалпы тергеуге қатыстысуға рұқсат беретінін мәлімдеді.
Бастапқыда апаттың алдын ала себебі ұшақтың құстарға соғылуы екені айтылған еді. Алайда 26 желтоқсан күні шетелдік бірнеше басылым әзірбайжандық дереккөздерге сілтеме жасап, ұшақты ресейлік зымырандар атып түсірді ақпарат таратты.
Euronews мәліметінше, Бакуден Грозныйға ұшқан 8432 рейсін орындау барысында Грозный қаласының әуе кеңістігі жабылып, әуе қорғаныс жүйесі жұмыс істеп тұрған.
Euronews дереккөзінің мәліметінше, әуе қорғаныс жүйесінің зымыраны ұшаққа жақын жерде жарылып, оның сынықтары жолаушылар мен экипаж мүшелеріне тиген. Ұшқыштар ұшақты дереу қондыруға тырысқан. Алайда Ресейдің ешбір әуежайы ұшақтың қонуына рұқсат бермеген. Сондай-ақ диспетчерлер экипажға Каспий теңізі арқылы Ақтау қаласына ұшуға бұйрық берген. Ұшақтың GPS навигациялық жүйелері теңіз үстінде ұшу барысында толықтай бұғатталғаны белгілі болды.
Ал германиялық BILD басылымы ұшақты Ресей күштері шатасып атқан болуы мүмкін екенін хабарлады.
Әзірбайжандық депутат: Ресей кешірім сұрамаса екі ел арасындағы қарым-қатынас жаңа деңгейге шығады
Фото: ТЖД
Бұл ақпараттардың артынан Reuters агенттігі Ресейдің әуе қорғаныс күштері Қазақстанда құлаған ұшақты атып түсіргенін Әзірбайжан үкіметіндегі төрт дереккөзіне сілтеме жасап хабарлады.
Әзірбайжанның апатқа қатысты тергеуінен хабардар әзірбайжандық дереккөздердің бірі алдын ала нәтижелер ұшаққа ресейлік Pantsir-S әуе қорғаныс жүйесі соққы бергенін көрсеткенін айтты. Дереккөздердің бірінің айтуынша, ұшақ бортындағы байланыс жүйесі "электронды соғыс жүйелерінің әсерінен" істен шыққан.
"Ешкім бұл әдейі жасалды деп айтып жатқан жоқ. Алайда Баку Ресейдің Әзірбайжан ұшағын атып түсіргенін мойындағанын күтіп отыр", – дейді Reuters агенттігіне сұхбат берген дереккөз.
Әзірбайжандық тергеудің осындай алдын ала қорытындыға келгенін тағы үш дереккөз растады.
Фото: azal.az
Ал Ресей бұл ақпаратқа қатысты пікір білдіруден бас тартқан.
"Тергеу қорытындысы шықпай тұрып гипотеза құру дұрыс емес", – деді Кремль баспасөз хатшысы Дмитрий Песков.
Бұл ақпараттардың артынан Әзірбайжан парламентінің депутаты Расим Мұсабеков Баку – Грозный бағытындағы ұшақты атып түсіргені үшін Ресей Федерациясының кешірім сұрауын талап етті.
"Ұшақ Ресей аумағында, Грозный аспанында атып түсірілді, мұны жоққа шығару мүмкін емес. Егер ресейлік тарап кешірім сұрамаса, Баку мен Мәскеу арасындағы қарым-қатынас басқа деңгейге көтеріледі. Ресейде әлдекімдер апаттың іздерін жасыруға тырысып жатыр”, – деді ол.
Ресей билігі ұшақ апаты болған күні Грозный аспаны жабық болғанын растады
Ресей билігі ұшақ апатына қатысты қайғылы оқиғадан 2 күн өткеннен кейін ғана ресми мәлімдеме жасады. Росавиция басшысы Дмитрий Ядров 25 желтоқсанда Ақтау маңында Әзірбайжан әуе жолдарының ұшағы құлаған уақытта Грозный аспаны жабық болғанын растады.
Ядровтың айтуынша, Ресей тарапы апаттан кейін дереу қазақстандық және әзірбайжандық әріптестеріне қайғылы оқиғаны тергеуде ынтымақтастыққа дайын екендігі туралы хабарлапты.
"Сол күні және сол сағаттарда Грозный әуежайы аймағында жағдай өте қиын болғанын атап өткім келеді. Осы уақытта Украинаның әскери дрондары Грозный және Владикавказ қалаларындағы азаматтық инфрақұрылымға шабуылдар жасады. Осыған байланысты Грозный әуежайы аймағында барлық ұшақтардың аталған аумақтан дереу кетуін көздейтін "Кілем" (Ковер) режимі енгізілді", - дейді Росавиция басшысы.
Ядровтың айтуынша, сол күні Грозный әуежайы аймағында қалың тұман болған, 500 метр биіктікте ештеңе көрінбеген.
"Әуе кемесінің командирі ұшақты Грозныйға қондыруға екі рет әрекет жасағанымен, барлығы сәтсіз аяқталды. Командирге басқа әуежайлар ұсынылды. Ол Ақтау әуежайына баруды таңдады", - дейді Ядров.
Ал әлемдік БАҚ жарыса жазған “ұшақты Ресейдің әуе қорғаныс жүйесі атып түсірді” деген нұсқаға қатысты Росавиция басшысы пікір білдірмеді. Ақпаратты растаған да, жоққа шығарған да жоқ.
Әзірбайжан әуе жолдары Ресейдің жеті қаласына рейстерін тоқтатты
Әзірбайжан әуе жолдары (AZAL) 28 желтоқсаннан бастап Ресейдің жеті қаласына – Минеральные воды, Сочи, Волгоград, Уфа, Самара, Грозный және Махачкалаға рейстерін тоқтатты.
Әуе компаниясы Мәскеу, Санкт-Петербург, Қазан, Астрахан, Екатеринбург және Новосибирск қалаларына рейстерді жалғастыратынын атап өтті.
Ресей қалаларына ұшуды тоқтату туралы шешімді Әзірбайжанның мемлекеттік авиация агенттігі қабылдағанын атап өтеді.
"Осы қалаларға ұшуға шектеулер Embraer 190 ұшағы апатына қатысты алдын ала тергеу аяқталғанға дейін күшінде болады", – делінген хабарламада.
Израиль билігі Ирандағы ХАМАС жетекшісінің өлтірілуіне қатысы барын мойындады
Фото: Getty Images
Израиль қорғаныс министрі Кац палестиналық ХАМАС тобының Ирандағы саяси бюросының басшысы Исмаил Ханияны Израиль әскері өлтіргенін мойындады.
"Біз хуситтердің стратегиялық нысандарына соққы жасап, басшыларын залалсыздандырып келеміз. Осыған дейін Тегеранда, Газада және Ливанда өлтірілген Хания, Синвар және Насралла сияқты, Ходейда мен Санадағы хуситтерге қарсы да әрекет етеміз. Қазір хуситтер Израильге шабуылдап жатыр. Олар біздің ХАМАС пен Хезболланы жеңіп, Сириядағы Асад режимін құлатқанымызды ұмытпасын. Біз Йемендегі лаңкестік топтарға ауыр соққы жасаймыз", – деді ол.
Еске салсақ, ХАМАС ұйымының Ирандағы саяси бюросының басшысы Исмаил Хания шілде айының соңында өлтірілген еді. Артынша Израиль әскері Газа секторында Ханияның ізбасары Яхья Синварды да өлтірді.
Қыркүйек айының соңында Израиль әуе күштері Хезболла ұйымының орталық штабы орналасқан Бейрут қаласының оңтүстік шетіндегі аудандарға әуеден соққы жасады. Бұл шабуылдың нәтижесінде қозғалыстың бас хатшысы Хасан Насралла қаза тапты.
АҚШ пен Израиль Йемен астанасына әуе шабуылдарын жасады
Фото: vlasti.io
АҚШ мен Израильдің жойғыш ұшақтары Йемен астанасы Санадағы шииттік "Ансар Аллах" қозғалысының әскери позицияларына үш соққы жасады.
Пентагонның орталық қолбасшылығы АҚШ-тың Йемен астанасындағы соққыларының нысанасы зымыран қоймасы мен хусилердің операциялық орталығы болғанын айтты.
Израиль Йемен астанасындағы әуежайға соққы жасады
Израиль әскерилері Йемен астанасындағы халықаралық әуежайға әуеден соққы жасады. Шабуыл кезінде әуежайдағы бірнеше ұшақ зақымданған.
Кейбір мәліметтер бойынша Сана әуежайының бақылау мұнарасының қирағанын хабарланды. Сонымен қатар Израиль әуе күштері Йеменнің Ходейда қаласына да шабуыл жасаған. Әуе соққысы Йемендегі хуситтер қозғалысының жетекшісі Абдул Малик әл-Хоусидің теледидар арқылы сөз сөйлеп жатқан кезде жасалды.
Еске салсақ, өткен сенбіде Йеменнен ұшырылған баллистикалық зымыран Тель-Авивтің оңтүстігіндегі қоғамдық саябақта жарылған еді. Дәрігерлер 16 адамның, оның ішінде үш жасар қыздың жарақат алғанын мәлімдеді. Шабуылға қатысты мәлімдеме жасаған хуситтер Израильдің ірі қалаларына шабуыл жасау үшін қару-жараққа ие екеніндерін айтқан болатын.
ДДСҰ басшысы Израильдің соққылары кезінде Йемен әуежайында болған
Фото: Getty Images
Израильдің Йеменнің Сана халықаралық әуежайына әуе шабуылы кезінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Адханом Гебрейюс пен БҰҰ-ның басқа қызметкерлері әуежайда болған.
Хусилер басқаратын Саба ақпарат агенттігі әуежайда үш адам қаза тауып, 30 адам жараланғанын хабарлады. Басылымның мәліметінше, Ходейда провинциясында тағы үш адам қаза тауып, 10 адам жараланған.
"Біз екі сағат бұрын Санадан ұшайын деп жатқанда, әуежай әуеден бомбаланды. Біздің ұшағымыздың экипаж мүшелерінің бірі жарақат алды. Әуежайда екі адамның қаза тапқаны хабарланды. Ұшу-қону жолағы зақымданған", – деп жазды ДДСҰ-ның бас хатшысы желідегі парақшасында.
Түркия министрліктері Сирияның жаңа билігіне елді қалпына келтіруге көмектеспек
Фото: Reuters
Түрік президенті барлық министрліктерге Сирияның жаңа әкімшілігіне елдегі жағдайды қалпына келтіруге көмектесу тапсырмасын берді.
Атап айтқанда, Түркияның ішкі істер министрлігі Сирия билігімен байланыс орнату және босқындардың елдеріне оралуына жағдай жасау мақсатында Түркияның Сириядағы дипломатиялық өкілдіктерінде бөлімдер ашуды жоспарлап отыр. Артынша Сирияның ішкі істер министрлігі қайта құрылғаннан кейін түрік тарапы халық санағы, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, төлқұжаттарды беруге көмектесетін болады.
Әскери салада Түркияның қорғаныс министрлігі Сирияның жаңа билігіне терроризмге қарсы операцияларда оқыту мен ынтымақтастық ұсынбақ.
Түркияның сауда министрлігі елге оралған босқындар өздерімен бірге алып кететін заттарды кедергісіз тасымалдауды қамтамасыз етеді. Ал көлік министрлігі 18 желтоқсаннан бері тек ішкі рейстерге ғана жұмыс істейтін Дамаск халықаралық әуежайының жұмысын ұйымдастыруға, сондай-ақ елдің теміржол желілерін қайта қосуды жоспарлап отыр. Бөлім мамандары Сирияның негізгі автомобиль жолдарын жөндеуге қолдау көрсетпек.
Бұған қоса Түркия Дамаскке телекоммуникациялық инфрақұрылымды, денсаулық сақтауды, білім беруді, туризмді және мәдениетті қалпына келтіруге көмектеседі.
Түркиядан Сирияға 25 мың босқын қайтарылды
Башар Асад режимі құлағаннан кейін Түркиядан 25 мыңнан астам босқын Сирияға оралған. Бұл туралы Түркия ішкі істер министрі Али Ерликая мәлімдеді.
"Соңғы 15 күнде Сирияға оралғандардың саны 25 мыңнан асты", –деді Ерликая.
Оның айтуынша, Дамаскіде және Сирияның басқа қалаларында Түркияның дипломатиялық өкілдіктерінде көші-қон бөлімдері ашылады, олар босқындардың одан әрі өз елдеріне оралуына жағдай жасайды.
2011 жылы Сириядағы қақтығыс басталғаннан бері миллиондаған сириялық Түркия шекарасын кесіп өткен. Қазір Түркияда шамамен 3 миллион сириялық босқын бар.
Еске салсақ, 14 желтоқсанда Түркия елшілігі 2012 жылдан бергі ұзақ үзілістен кейін Сириядағы жұмысын қайта бастады.
Ердоған: Сирияның солтүстігіндегі лаңкестерді залалсыздандыратын уақыты келді
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Түркия күрд топтарынан көріп отырған қауіпті жою үшін Анкара Сирияның солтүстігіндегі жағдайға тікелей араласа алатынын айтты.
"Сирияда әрекет ететін лаңкестік ұйымдарды залалсыздандыратын уақыт келді. Біз мұны шекарамыздағы қауіп-қатердің алдын алу үшін жасаймыз", – деді Ердоған.
Оның айтуынша, Сириямен шекарадағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету Күрдістан жұмысшы партиясының (ПКК) жаңа жауынгерлер дайындауын тоқтатуы қажет.
Түркия қорғаныс министрі Яшар Гүлер сириялық қарулы оппозицияның күрд бөлімшелері басып алған Сирия аумақтарын бақылауға алатынына сенім білдірді.
"Біз Сирияның жаңа басшылығы мен Сирияның ұлттық армиясы лаңкестік ұйымдар басып алған аумақтарды азат етеді деп сенеміз", – деді ол.
Ол түрік әскерилерінің лаңкестік қауіп-қатерді азайту үшін қажетті шараларды қабылданатынын айтты.
Түркия сыртқы істер министрі Хакан Фидан да Сирия басшылығы күрд жасақтарының мәселесімен айналыспаса, Анкара барлық қажетті шараларды қабылдайтынын мәлімдеді.
Ол АҚШ-тың Сириядағы әскери контингентін көбейту туралы шешімін дұрыс деп санамайтынын атап өтті.
1 желтоқсан күні Сирияның солтүстігінде қауіпсіздікті қалпына келтіру мақсатында Түркия "Бостандық таңы" операциясын бастады. Атап айтқанда, Алеппоның солтүстігіндегі Тел-Рифаат қаласынан Күрдістан жұмыс партиясы (PKK) күштерінің жасақтарын аумақтан қуып шықты.
Айта кетейік Күрдістан жұмысшы партиясы Түркия, АҚШ және ЕО елдерінде террористік ұйым ретінде танылған.
Түркиядағы қару-жарақ зауытындағы жарылыс
Фото: trthaber.com
Түркияның Балыкесир провинциясында жарылғыш заттар шығаратын зауытта жарылыс болды. Жарылыстан 12 адам қаза тауып, 4 адам жараланған. Бұл туралы Түркияның ішкі істер министрі Али Йерликая мәлімдеді.
Губернатор Исмаил Устаоғлының айтуынша, жарылыс капсула шығаратын цехта орын алып, ғимарат құлаған.
Куәгерлердің айтуынша, жарылыс қатты болғаны сонша, оны көрші ауылдың тұрғындары да сезген. Жарылыстан кейін ғимараттың шатыры опырылып түскен.
Жарылыстың себебі әзірге белгісіз. Прокуратура тергеуді бастады.
Компанияның сайтында айтылғандай, зауыт оқ-дәрілерді, соның ішінде аңшылық пен спортқа арналған оқ-дәрілерді, азаматтық мақсаттағы жарылғыш заттарды шығарған.
Оңтүстік Корея парламенті президент міндетін уақытша атқарушыға импичмент жариялады
Оңтүстік Корея парламенті жұма күні ел президентінің міндетін уақытша атқарушы, премьер-министр Хан Деок Суды биліктен босатуға дауыс берді.
Президенттің міндетін атқарушы Хан Деок Суға соғыс жағдайын енгізгені үшін импичмент жарияланған президент Юн Сок Ёлдан кейін уақытша билікке келген. Екі аптадан кейін парламент оған да импичмент жариялады.
Бұл туралы шешімге 300 орындық парламенттің 192 депутаты түгел жақтап дауыс берді. Процедурадан кейін Хак Деок Су парламенттің шешімін құрметтейтінін, бірақ конституциялық соттың шешімді күшінде қалдыру-қолдамау туралы соңғы үкімін күтуге ниетті екенін айтты.
Импичмент туралы ұсынысты бұған дейін парламенттегі Оңтүстік Кореяның негізгі оппозициялық Демократиялық партиясы ұсынған болатын.
Енді Оңтүстік Корея президентінің міндетін премьер-министрдің экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Чой Санг Мок атқарады.
АҚШ билігі америкалықтарды Беларусьтен кетуге шақырды
Фото: pixabay.com
Америка Құрама Штаттарының мемлекеттік департаменті АҚШ азаматтарын Беларусь республикасына барудан бас тартуға, ал ондағыларды "елден дереу кетуге" шақырды.
"АҚШ азаматтары төтенше жағдай туындаған жағдайда ықтимал кету жоспарларын жүйелі түрде қарап шығуы керек. Көрші елдермен шекаралық өткелдер кейде алдын ала ескертусіз жабылады. Беларусьтің Литва, Польша, Латвия және Украинамен шекарасындағы өткізу пункттерін жабуы мүмкін", – делінген АҚШ мемлекеттік департамент хабарламасында.
Минскідегі АҚШ елшілігінің жұмысы 2022 жылдың 28 ақпанында ресми түрде тоқтатылған. Мемлекеттік департаменттің бұйрығымен оның қызметкерлері эвакуацияланып, қызмет көрсету, соның ішінде төтенше жағдайлар қызметі тоқтатылды. Көмекке мұқтаж АҚШ азаматтары тек көрші елдердегі АҚШ елшіліктері мен консулдықтарына хабарласа алады.