Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Азаматтар ақша жинап болғанша, пәтер қымбаттап кетеді": Отбасы банк басшысы сынға жауап берді

Қазақстандықтар “Отбасы банкте” ақша жинап жүргенде, пәтер бағасы тез өсіп кетеді деп жиі шағымданады. Сынға банк басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ибрагимованың айтуынша, жүйенің тиімділігін оның нәтижесі арқылы бағалауға болады.

“Тек нәтижелермен жауап бере аламын. Өткен жылы 77 800 несие берілді. Бұл тұрғын үйге ақша жинауға мүмкіндік беретін жалғыз жүйе. “Наурыз” бағдарламасы аясында құрылыс компаниялары 2 051 пәтер ұсынды. Біз бағаны келісеміз, бұл процесс құрылыс компанияларына әрдайым ұнай бермейді. Олар мұны реттеу деп санайды. Бірақ біз салымшылардың мүддесін қорғап отырмыз”, – деді Ибрагимова.

Оның сөзінше, құрылыс компаниялары порталға пәтер орналастырғаннан кейін 6–12 ай бойы бағаны көтере алмайды.

“Олар бағаны тек төмендете алады, бірақ көтеруге болмайды”, – деді банк басшысы.


Қазақстанда алдағы жылдары баспана бағасы төмендемейді – Отбасы банк басшысы


"Банктер ипотека бермейді": Премьер-министр Бектенов мұның кімге қатысы барын айтып, шарттарды атады


Сонымен қатар ол тұрғын үй де кез келген тауар сияқты инфляцияға тәуелді екенін мойындады.

“Әрине, кез келген тауар сияқты тұрғын үй бағасына да инфляция әсер етеді. Бірақ жүйеге деген сенім жоғары. Биыл 335 мың балалар депозиті мемлекеттік сыйақы алды. Болашақта отбасылар бұл қаражатты біріктіріп, баспана сатып ала алады”, – деді Ибрагимова.

Ал өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Қазақстанда пәтер бағасы төмендеуі мүмкін бе деген сауалға жауап берді. Министрдің айтуынша, тұрғын үй бағасы бірнеше факторға байланысты.

“Пәтер бағасы жалақы деңгейіне, құрылыс материалдарының құнына, логистикаға байланысты. Қазақстанда құрылыс материалдарының өндірісін дамыту қажет. Қазір осы бағытта ондаған жоба жүзеге асырылып жатыр. Біздің міндет бұл шаралар жағдайды жақсартып, бір шаршы метрдің бағасына әсер етуі”, – деді Нағаспаев.

Айта кетейік, бұған дейін Елімізде қолжетімді коммерциялық ипотека көлемі артатынын жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Сейсенбі, 10 Наурыз, 2026 12:44