Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ұрысқандарын көрген емеспін": Сотта Айзат Жұманованың енесі сөз сөйледі

Фото: Ашық дереккөзден

Талдықорғанда күйеуінің қолынан қаза тапқан Айзат Жұманованың өліміне қатысты сот жалғасуда. Бүгінгі сот отырысында күдіктінің анасы Алма Бекшайымова ерлі-зайыптылар арасында ешқашан келіспеушілік байқамағанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Әйелдің айтуынша, үш жылдық отбасылық өмірлерінде ұлының Айзатқа дөрекілік көрсеткенін естімеген. Сонымен қатар өзі де келінімен әрдайым жақсы қарым-қатынаста болғанын атап өтті.

“Мен оның Айзатпен ұрысып жатқанын ешқашан көрген емеспін. Айзат өте жақсы келін болды. Кешкі астан кейін оған әрдайым: “Ыдысты өзім жуамын, сен барып демал” деп айтатынмын. Оған ешқашан сиыр сауғызған емеспін. Ол біздің үйдегі жалғыз келін еді, сондықтан оны барынша қорғадық. Таңертең де ерте тұрғызған жоқпын. Кіші қызымызға жүрекке ота жасалған, сондықтан Айзатқа: “Сен дәрігерсің, қызды мұқият бақылап отыруың керек” дейтінмін. Ол ешқашан ұлыма шағымданған емес”, – деді күдіктінің анасы.

Айзат Жұманованың күйеуі әкесінің көлігінде асылып қалмақ болған

"Қызғануға себеп болған жоқ": Күйеуінің қолынан қаза тапқан Айзат Жұманованың анасы күдіктінің үйленбей тұрып, қол көтергенін айтты


 

Сондай-ақ Алма Бекшайымова оқиға болған күнді еске алды. Әйел сол күні күйеуі, ұлы және көршісімен бірге келінін ауруханаға қалай апарғандарын айтып берді.

“Айбар қатты жылады. Мен одан Айзатқа не болғанын сұрадым, ол “ұшып кетті… құлап кетті” деп жауап берді. Мен: “Қалай ұшып кетті? Нені айтып тұрсың?” деп сұрадым. Басым айналып, оның не айтқанын түсінбей қалдым. Түн болатын, балалар жылап жатты. Жедел жәрдем шақыру ойымызға да келмеді, абдырап қалдық. Ауруханаға 15–20 минуттық жол, сондықтан өзіміз апарайық деп шештік. Жолға шықтық. Ауруханада жөндеу жүріп жатқанын білмедік. Бізге онда ешкім жоқ деді. Қалаға баруға шешім қабылдадық. Барған соң, Айзатты ішке алып кірді. Тек жарықта тұрған кезде ғана келінімнің жүзін көрдім. Сол сәтте жылап жібердім, қан қысымым көтеріліп кетті”, – деді әйел.

Еске салсақ, 2025 жылдың маусым айында Жетісу облысы Ақсу ауданы Баласаз ауылында 32 жастағы Айзат Жұманова қаза тапты. Әйелді өлтірді деген күдікпен күйеуі Айбар Жанболат қамауға алынды. Марқұмның туыстырының айтуынша, ер адам әйелді 2 жасар қызының көзінше айуандықпен ұрып-соғып, кейін далаға шығарып, аттың жалына байлап сүйреген көрінеді. Ал күдікті ер адам әйелі селфи жасап жатқан кезде екінші қабаттың терезесінен құлап кетті деп ақталған.

27 қарашада сотта прокурор Айзат Жұманованың өлімінің хронологиясын жариялаған еді. 

Дана Русланқызы
Жұма, 12 Желтоқсан, 2025 20:03