Кәсіпкерлер “Айша-Бибі” кесенесінің маңындағы ғимаратты заңсыз иемденіп алған
“Ежелгі Тараз ескерткіштері” тарихи-мәдени қорық-музейі ғимаратта заңсыз сауда жасаған кәсіпкерлерді сотқа берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Сentralasia-adventures.com
Тарихи-мәдени қорық-музейі Жамбыл облысының бес тұрғынының үстінен жерді пайдаланудағы кедергілерді жою туралы сотқа талап қоюмен жүгінген.
Музей-қорықтың иелігінде “Айша-Бибі” кесенесі бар, оған 2 гектар жер учаскесі тұрақты жер пайдалану құқығы берілген. Бұл участок сауықтыру, рекреациялық және тарихи-мәдени мақсаттарға арналған ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға жатады.
Мұнда бірнеше техникалық бөлме салынған. Алайда бес кәсіпкер ғимараттарды заңсыз иемденіп, коммерциялық қызметпен айналысып жатыр.
“Музей-қорық сотқа жүгініп, кәсіпкерлерден тұрып жатқан ғимараттарды босатуды талап етті. Өйткені кәсіпкерлердің сауда жасауға рұқсаттары, бұл үй-жайларды кәсіпкерлік үшін пайдалану құқығы мен құжаттары жоқ. Төрт жауапкер талапты мойындамаған. Кәсіпкерлердің бірі ғимараттарды 2010 жылы өз қаражатына салып, кейін оларға сауда жасау үшін тегін бергенін мәлімдеген. Бесінші жауапкер талапты мойындаған”, – делінген хабарламада.
Музейге жауапты адам "Ежелгі Тараз ескерткіштері" тарихи-мәдени қорық-музейінің аумағында сауда жасауға тыйым салынғанын атап өтті.
Жамбыл аудандық соты кәсіпкерлер қорық-музейге тиесілі ғимараттарды заңсыз иемденген деген қорытындыға келді. Сот кәсіпкерлерге заңсыз иеленген үй-жайды босатуды міндеттеді.
Жауапкерлер бұл шешімге апелляциялық шағым түсірген. Алайда Жамбыл облыстық соты шешімді өзгеріссіз қалдырды.