Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Айсәуле Бақытбек: Өмірімді қауіпке тігіп, перзентханаға барайын ба әлде үйде босанайын ба деп ойладым

Айсәуле Бақытбек елдегі тәртіпсіздіктерден кейін алғаш рет байланысқа шықты. Ай-күні жақындап, тұңғышын күтіп жүрген ол соңғы күндердің оңай тимегенін айтты. "Бүлік кезінде босанып қалсам, қайда барамын?" деген ой Айсәулені түндер бойы мазалаған. Ол алаңдаушылық білдірген көпшілікке алғыс білдірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

"Осы күндері бірдеңе айтқым, жазғым келді. Бірақ әлі де сөзім жоқ. Құдай жүкті әйелдерді әрқашан естиді дейді ғой, бөбегім әлі ішімде, сондықтан тілегімді білдірейін.

Өз үйімізде енді қауіп сезінбейікші! Алдағы уақытта көзімнің жасын көл қылып, асығыста өзімнің, күйеуімнің, баламның өмірін чемоданға салып, 15 минутта көшуге мәжбүр болмаймын деп үміттенемін. 

Өмірімді қауіпке тігіп, перзентханаға барсам ба әлде өмірімді қауіпке тігіп, үйде босансам ба деген қорқынышты ойлардың жетегінде ұйқысыз түндер өткізбеймін деп үміттенемін", – деп жазды Айсәуле.

Ол осы күндері зардап шеккен барлық отбасыларға көңіл айтты. Осыны өткеру үшін күш пен қайрат тіледі. Сондай-ақ болған оқиғаға кімнің кінәлі екенін жеткізді. 

"Басқалардың қажеттілігіне мән бермеу, шенеуніктердің көп жылдарға жалғасқан тойымсыздығы осыған әкеледі. Барлығын, тіпті оныншы тоқалдарының алыс туыстарына дейін тойдырды. Ал халықты және өз міндеттерін ұмытты. Ішектің созылғаны сонша, иек астындағы бүлікті байқамады. Басқаларды естімеді.



Үкіметтің отставкаға кетуінің астарында орыннан орынға ауыстыру жатқан екен. Ал халықтың алдына шыға алмаған, батып бара жатқан қайықтан қашып тығылған әкімдер орындарында қалды. Бірақ мен бізге және жарқын болашағымызға сенемін. Біздің күшіміз қазір расымен де бірлікте. Соғыс емес, махаббат пен балалар жасайықшы. Менің Қазақстаным", –  деп түйіндеді сөзін ол. 

 

 

Талқылау