Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ең көбі 5 000 теңгелік банкноталар": Ұлттық банк айналымда жүрген жалған ақшаларға қатысты үндеу жасады

жалған 5000 теңге банкноталарФото: depositphotos.com

Ұлттық банк пен екінші деңгейлі банктер 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында 465 150 теңгенің 96 жалған ақша белгісін анықтаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Олардың ішінде 93-і – жалған банкноттар болса, ал үшеуі – тиындар. Көбіне 5 000 теңгелік номинал қолдан жасалған, мұндай 85 дана банкнота тәркіленген, бұл анықталған жалған ақшалардың 88,5%-ын құрады. Одан бөлек 5 дана – 2 000 теңгелік, 3 дана – 10 000 теңгелік жалған банкноталар анықталған.

Ұлттық банк шынайы банкноталарды қолдан жасалған ақшадан өз бетінше ажыратуға көмектесетін қарапайым ережелерді еске салды. 

Жалған банкноталар, әдетте, кәдімгі офсеттік қағазға түрлі түсті принтер арқылы және компьютерлік техниканың көмегімен жасалады.

Жалған банкноталарда сутамғы белгісі болмайды.

Сондай-ақ, патч элементінің көлемді бейнесі жоқ және кәдімгі бояумен басылған, күн белгісі сәулесінің жан-жаққа шашыраған голографиялық әсері мен номиналдың цифрлық кескінінен ою-өрнекке ауысу әсері болмайды.

Қорғаныш жібі динамикалық және түсін өзгерте алатын әсерден ада, әрі жарыққа тосып қарағанда тұтастығы байқалмайды.

Ұлттық банк азаматтарды қолма-қол ақшаны пайдаланған кезде мұқият әрі сақ болуға шақырады. Егер шынайы ақша белгілеріне ұқсас күмәнді банкноталар кезігетін болса, дереу құқық қорғау органдарына жүгінген жөн.

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 21 Шілде, 2025 23:03
Талқылау