Айналым 3,5 миллиард теңгеден асқан: Қазақстанда қылмыстық кірістерді заңдастырумен айналысқан топ әшкереленді

Қаржы мониторинг агенттігі Ақтөбе облыстық прокуратурасымен бірлесіп ұйымдасқан қылмыстық топ құру және басқару дерегі бойынша тергеу жүргізіп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Агенттік мәліметінше, іс бойынша бес күдіктіге цифрлық активтер айналымы саласында заңсыз кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырды, сондай-ақ қылмыстық кірістерді заңдастырды деген айып тағылған.
“Ұйымдастырушы міндетті тіркеусіз және лицензиясыз қамтамасыз етілмеген цифрлық активтермен операциялардан табыс табу схемасын ұйымдастырған. Схеманы іске асыру үшін рөлдері нақты бөлінген, иерархиясы бар тұрақты топ құрылған. Қатысушылар дропперлерді іздеумен, олардың атына банк карталары мен криптовалюта биржаларында аккаунттар рәсімдеумен, қаржылық операциялар жүргізумен және кейін қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырумен айналысқан”, – делінген агенттік хабарламасында.
Агенттік мәліметінше, 150-ден астам дроппердің банк карталарына түскен қаражатбиржадағы криптоәмияндарға аударылған. Қаражатты заңды етіп көрсету үшін дропперлер мен байланысы бар ЖШС арасында жалған қарыз шарттары рәсімделіп, кейін қаражат криптовалютаға айырбасталып, OKX биржасындағы криптоәмияндарға жіберілген.
“Қаражатты айырбастау және шығару үшін бақылаудағы айырбастау пункті пайдаланылып, қаражат шетел валютасына конвертацияланған. Нәтижесінде цифрлық активтерді өткізу бойынша операциялар сомасы 3,5 миллиард теңгеден асқан. Тінту барысында 46 ұялы телефон, 92 банк картасы, сондай-ақ 25 463 USDT көлеміндегі криптоактивтер тәркіленді”, – делінген хабарламада.
Іс бойынша бес күдікті де қамауға алынған. Тергеу жалғасуда.
"Бәрі бір сәтте мәнсіз болып қалды": Таяу Шығыста қиын жағдайға тап болған қазақстандықтар көргендерін айтып берді