Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Семейде бұған дейін айыппұл арқалаған зейнеткер полицияның екі бірдей қызметтік көлігін өртеп жіберді

Фото: Видео кадрларынан скрин

Семейде 66 жастағы ер адам қызметтік автокөліктерді өртеді деген күдікпен ұсталды. Деректерге сүйенсек, зейнеткер өзіне айыппұл салған қызметкерлерден осылайша кек алмақ болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Оқиға 25 қаңтар кешкісін Семейде Юность шағын ауданындағы учаскелік полиция пунктінің жанында болған. Абай облысы полиция департаментінің хабарлауынша, күдікті мақсатты түрде ведомство қызметкерлерінің көліктеріне өрт қойған.

Желіде куәгерлер түсірген оқиғаның видеосы тарады. Ресми ақпаратқа қарағанда, жергілікті тұрғын сағат 18:10 шамасында екі полиция көлігін – Chevrolet Cobalt пен Changan-ды өртеген. Әлеуметтік желідегі кадрлардан "жеңіл көліктердің" айтарлықтай зақымданғаны көрінеді.

Полиция оқиғадан соң 66 жастағы Семей тұрғынын ұстады. Белгілі болғандай, ер адам бұған дейін сотталған және қылмыс жасаған сәтте мас күйде болған. Күдікті полицияның үй ауласында тоқтатып, өзіне айыппұл салғанын айтты. Сонымен қатар қызметкерлер оған күш қолданғанын жеткізді. Сол себепті зейнеткер олардың көліктерін өртеу арқылы полицейлерді жазаламақ болған.



Күдіктінің әрекеті бойынша бөтен мүлікті қасақана зақымдау дерегі бойынша тергеу басталды. Ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу мас зейнеткерді полиция көліктерін өртетуге не мәжбүрлегенін анықтап жатыр.

STAN.KZ
Дүйсенбі, 26 Қаңтар, 2026 13:07