Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Айына 250-300 мың төлейміз": Қызылордалық жүк көлігінің жүргізушілері ақылы жолға шағымданды

Қызылордалық жүк көлігінің жүргізушілері ақылы жолға табыстарының жартысынан көбін беретіндеріне шағымданып, "Батыс Европа-Батыс Қытай" автодәлізінің бойында наразылыққа шықты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Астана” арнасына сілтеме жасап. 

Айтуларынша, тапқан табыстарының жартысынан көбін ақылы жолға төлейтін көрінеді. "Кейде дұрыс есептелмей, артық төлем  алады" дейді олар. 

Автобөлшектер де 2 есе қымбаттаған. Жолдың сапасы-бір мәселе, ал қауіпсіздік жайы өз алдына мәселе екенін айтты.

“Отбасымызды осы Камазбен асырап отырмыз. Көпбалалы әкеміз, келіншегім жұмыс істемейді. Дизель қымбат, автобөлшектер қымбат, жол сапасы да көтермейді. Тауып келіп жатқан ақшамыз осы тарифке төлеуге кетіп жатыр”, – дейді көлік жүргізушісі Маралбек Жүсіпбек. 

Негізінен қиыршық тас таситын жүргізушілер қызмет құнын да өсіре алмаймыз дейді. Себебі халықтың қалтасы көтермейді. Ал соңында өзіміздің тақырға отыратын түріміз бар деп отыр. Олардың айтуынша, тариф дұрыс есептелмейді. Сондықтан жүк көліктеріне бір жылға арналған абоненттік төлем енгізуді сұрайды.

“Дұрыс есептелмей жатыр. Әртүрлі шығып жатыр. Мысалы бір балаларға 12 мың, біреуіне 9 мың, біреуіне 8 мың шығып жатыр.  Қалтамызға ауыр тиіп жатыр. Өзіміздің отбасымыз бар. Отбасымызды асыраймыз ба, әлде "Қазавтожолды" асыраймыз ба? Жылына 50 мың теңгелік тариф қойып берсе. Біздің шамамыз соған жетіп тұр”, – дейді жүргізушілердің бірі Нұрлыбек Шілімбетов.  

Жиналғандар бұған дейін де жауапты мекемелердің табалдырығын тоздырған. Талаптарын жазбаша да жолдапты.  Бірақ ешқандай жауап ала алмағандарын айтады. Бүгін олар "Қазавтожол" ұлттық компаниясының өкілдерін сұрақтың астына алды. 

Жауаптылардың айтуынша, жүк көлігі жүргізушілерінің талаптары жақын арада орындалмайды. Оның өзіндік тәртібі бар көрінеді.   

“Бұл кісілердің негізі сұрап тұрғаны абоненттік төлем ғой. Оған әзір абоненттік төлем әзір болмайды. Талап арыздарыңыз жазып, қол қойып беріңіздер. Біз әрі қарай бас офис бар, орталық аппаратта. Соған жеткіземіз. Ол кісілер әрі қарай министрлікке тағы да жібереді”, – дейді “Қазавтожол” ҰҚ Қызылорда облыстық филиалы директорының орынбасары Шанжархан Мырзабай. 

Қызылорда мен Жаңақорғанның арасында тас тасуды кәсіп қылғандар бұнымен тоқтамаймыз дейді. Министрлікке  хат жолдамақ. Ондағылар құлақ аспаса,   күре жолды жабудан басқа амалымыз жоқ дейді. 

Талқылау