Әйелін ұрып мүгедек қылғаны үшін сотталған қазақстандық өтемақы төлеуден бас тартып отыр: Ол сотқа шағым түсірген
Фото: facebook.com/almatyzhan
Астана қалалық сотына тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен бұрынғы әйелінің арызы бойынша сотталған ер адамның апелляциялық шағымы келіп түсті. Жәбірленушінің мүддесін қорғайтын адвокат Жанна Мұхамадидің Facebook желісіндегі парақшасында жазуынша, бұрынғы күйеуі Әсет Аюповтың соққысынан екі баланың анасы, дәрігер Алтынай Нұрсолтанова көптеген дене жарақатын алып, мүгедек болып қалған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұл жағдай 2022 жылғы наурыз айында болған.
"Сол түні бірнеше минутта [...] ол Алтынайды мүгедекке айналдырып, оның бетін біржола деформациялаған. Алтынай жұмыс істеу қабілетінен айырылды, көзі көрмей қалды, бет сүйектері, мұрын және көз сүйектері сынған", – деп жазды қорғаушы.
Шабуыл салдарынан әйелге бас сүйек-ми жарақаты мен миы шайқалған деген де диагноз қойылған. Сараптама жарақаттарды ауыр дене жарақатына жатқызған.
Аюпов алты жылға бас бостандығынан айырылған. Алайда Жанна Мұхамадидің жазуынша, ол шартты түрде мерзімінен бұрын босату, жазасының өтелмеген бөлігін ауыстыру немесе қамауда ұстау жағдайларын жеңілдету туралы "белсенді түрде өтініштер түсіріп жатыр".
"Бір тамшы өкініш жоқ!", – деп жазды Жанна Мұхамади.
Қорғаушының айтуынша, сотталғанның туыстары – әкесі мен ағасы жәбірленушінің ізіне түскен. Оларға қатысты қорғау нұсқамасы шығарылған.
2024 жылғы қазанда жәбірленушіге Оңтүстік Кореяда сегіз сағатқа созылған төртінші қалпына келтіру операциясы жасалған. Алда тағы да операциялар жасалмақ, соның ішінде көру қабілетін қалпына келтіру операциясы бар. Әйел сотта бұрынғы күйеуінен емделуге кеткен шығынды өтеуді талап еткен, бұған дейін сот оның талабын ішінара қанағаттандырған.
Алайда, Жанна Мұхамадидің жазуынша, айыпталушы сот шешімімен келіспей, Астана қалалық сотына апелляциялық шағым түсіріп, өз уәждерінің арасында бұрынғы әйелі "пластикалық ота жасату" үшін қаражат өндіріп алмақ дегенді алға тартқан.
"Бұл неткен арсыздық? Алтынай 30-ға жаңа келген еді, егер оны ұруға болады деп шешкен күйеуі болмаса, оған ешқашан ота қажет болмас еді", – деп жазды қорғаушы.
Жанна Мұхамади қалалық сот шешімді өзгеріссіз қалдырып, клиенті шығындары үшін өтемақы алып, көру қабілетін қалпына келтіру үшін операцияға дайындықты бастайды деп үміттенетінін жазған.

Қазақстандық қыз АҚШ-та бөпелі болып, дипломын қызымен бірге алған: енді ол Стэнфордта докторантура оқымақ
