"Тоқал алғың келе ме, қызыңды да тоқалдыққа бер": Нұрлан имам көп әйел алуға қатысты ойын бөлісті
TikTok арқылы танымал болған имам, теолог Нұрлан Байжігітұлы көп әйел алуға қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Бағдарламадан скриншот
Дін өкілі “Сырласу” бағдарламасында қонақ болып, некелескен жарын жиі қуантқысы келетінін жасырмады.
“Әйелім қымбат сыйлық сыйлағанымды ұнатпайды. Бірде сыйлаған едім, қатты ұрысып берді. Ол кісі өте қарапайым. Сондықтан әйеліме Tiffany сыйламаймын. Әйелің қанағатшыл болса, дүниенің басы құралады екен. Жар таңдауда жолым болды”, – деді имам.
Одан кейін қоғамда қызу талқыланатын көп әйел алуға қатысты да жеке көзқарасын білдірді.
“Көп әйел алуды қолдамаймын. Ондай әңгімені жақтырмаймын. Көп әйел алып, жылатып жүрген еркектер қаншама?! Көп әйелдің бірі болып, жылап жүрген қыз-келіншек қаншама?! Әділдік болуы керек. Құранда да айтылған. Әйелдің ішінде жарылмай жүрген өкпе-реніші болады. Сен тоқал алғың келе ме, қызыңды да тоқалдыққа беруге дайын бол. Көп еркек осы сөзбен келіспейді”, – деп ой бөлісті теолог.
Еске салайық, қазақстандық келіншектер өзге діни ағымды ұстанатындар қалай көп әйел алатынын айтқан еді.