"Әйелдер көп күйеу алады, ерлер бетін жауып жүреді": Қыз-келіншектердің мәртебесі жоғары елдер туралы білесіз бе

Менталитетімізде қыз балаға “ұят болады”, “қатты күлме”, “қырық үйден тыю” деген шектеулер жиі айтылса, әлемнің кей жерлерінде керісінше, бұл ер адамдарға айтылады. Ерлер әйел алдында бетін жауып жүріп, әйелдер көп күйеу ала алады дегенге сенесіз бе? Ал кей отбасылар дүниеге ұл емес, қыз келсе әулеттің жалғасы деп қуанады. Әйел құқықтарының деңгейі әртүрлі әлемде бізге таңсық, таңғаларлық ұстанымдары бар қоғам аз емес. Stan.kz тілшісі осындай елдерге шолу жасап көрді.
“Әйелдердің алдында ерлер бетін жауып, орамал тағып, қызмет етеді”
Туарегтер – Африкадағы ең жұмбақ халықтардың бірі. Олар – бүгінге дейін көшпелі өмір салтын сақтап қалған. Туарегтер – мұсылман. Бірақ олардың діни дәстүрлері өзгеше. Ең басты ерекшелігі – олардың қоғамындағы матриархат дәстүрі. Мұнда ежелден ер адам бетін ашпау керек деген қағида бар. Ер адамдар кәмелет жасқа толған соң міндетті түрде бетін жабатын арнайы орамал тағады. Ер адам оны далада да, үйде де шешпейді, тіпті тамақ ішкенде және ұйықтағанда да бетін жауып жүреді. Оны өмір бақи шешпейді. Мысалы, болашақ қалыңдық алдында немесе некеден кейін енесі алдында ашық жүру әдепсіздік саналады.
Бұл халықта әйелдердің мәртебесі ерлерге қарағанда жоғары. Қыздардың өмір салтына қоғамда түсіністікпен қарайды. Әйелдер беттерін жаппайды. Орамалдары қысқа, тек басына салады, беттерін жауып жүрмейді. Қыздар шамамен 20 жасында тұрмысқа шығады. Ал оған дейін бірнеше жігітпен қарым-қатынас жасауға рұқсат етіледі. Қалыңдықтың пәктігі маңызды емес. Ал еркекті әйеліне дөрекілік көрсеткені үшін ауыр жазалайды. Әйел күйеуімен ажырасуға өтініш беріп, тіпті күйеуін үйінен қуып шығуға құқылы. Сол себепті туарегтерді ұзақ уақыт "исламдағы матриархат" мысалы деп санаған. Жұбайларды көбіне ата-аналары таңдап береді, әрі олар жиі туыстар арасында үйлендіреді екен. Алайда әйелдердің ата-анасының таңдауына қарсы шығуыға және олар таңдаған адамға тұрмысқа шықпауға құқығы бар. Ерлер бірнеше әйел алмаған.
Туарегтерде тұқым жолы анадан беріледі, мүлік әйелге тиесілі болады. Сондықтан үй (көшпелі шатыр) әйелге тиесілі, ол неке кезінде әйелдің құндылығы ретінде беріледі. Ажырасса, әйел өз шатырында қалады, ал күйеуі кетеді. Әйелдер экономикалық тәуелсіз, еркін саяхаттай алады. Сондай-ақ ер адамдар арасында әйелін ұру – “масқара іс” деп саналады. Туарег еркегі әйеліне агрессия көрсетпеуі керек. Алайда ондай жағдай болса, әйел шағым түсіре алады. Шағым түссе күйеуін беделді ер адамдардың алдына шақырып, күйеуіне айыппұл салынады.
“Мұнда әйелдер көп күйеу ала алады”
Әйелдердің құқығы тең емес, тіпті басым ел – Қытайдағы Моссо тайпасы. Матриархат сақталып қалған аз тайпада 50 мың адам тұрады. Олар Тибет бөлігінің таулы аймағында өмір сүреді. Мосо тілінде "әке", "әйел мен күйеу" деген сөздер жоқ. Мұнда отбасы мен қоғамдағы барлық негізгі шешімдерді әйелдер қабылдайды. Олар мүлікті басқарып, ненің, қашан шешілетінін өздері реттейді. Ер адамдар шешетін жалғыз сала – жерлеу рәсімдері. Ал қалғанының бәрі әйелдердің қолында.
Мұнда әйелдер өздерінің анасынан қалған мүлік пен отбасыда өмір сүреді. Ең таңқаларлығы – бұл тайпада әйелдер бірнеше күйеумен отбасын құра алады. Мұнда бәрі “қонақ неке” негізінде өмір сүреді. Жігіт ұнаса ол күйеу ретінде тек түнде қонуға келеді де, таңертең өз анасының үйіне барады. Кейін қызға өзге ер адамдар ұнаса да ол күйеуі ретінде қабылдап өз үйіне шақыра алады. Ал жігіттерге көбіне бас тартпағаны дұрыс. Одан бөлек, әйелдер туған балаларына әкесінің кім екенін ешқашан айтпайды. Балалар анасының қолында өмір сүреді. Егер қыз болса, ол сол әулетке басшылық етіп, мүлкін басқарады. Ал ұл бала туылса жиендерін асырап, бағуға міндетті. Дегенмен түнде әйелінің үіне қонуға рұқсат етіледі. Мұнда жұптың ортақ мүлкі болмайды және әр ер адам әр таң сайын анасының отбасына оралады.
Қазір Мосо халқында мобильді телефондар мен спутник антенналары пайда болуда. Жастар тайпадан шығып, үлкен қалаларға көше бастаған. Онда жұмыс тауып, дәстүрлі отбасын құрып бастаған. Ал қалғандары өздерінің бұрынғы өмір салтын сақтауды жалғастыруда немесе туристерге арналған ойын-сауықтарды ұйымдастырады. Тайпа әйелдері бірнеше онжылдықтан соң, бұл салт-дәстүрлер жойылып, заманауи өркениетке айналуы мүмкін екенін айтады.
“Бұл жерде дүниеге қыз келсе қуанады: Әулеттің жалғасын сақтайтын әйелдер”
Матриархат сақталып қалған тағы бір тайпа – Үндістандағы қаси тайпасы. Олар Мегхалая штатында тұрады. Бұл тайпа аналық желі бойынша мұрагерлік берілетін тайпалардың бірі. Яғни мүлік тек әйелдер арқылы өтеді. Бұл аймақта бұрын ер адамдар жиі соғысқа кеткен. Ал әйелдер жалғыз қалып, тайпаны басқаруды өз қолдарына алуға мәжбүр болған. Осы кезден бастап әйелдердің үстемдігі басым бола түскен.
Қазір ер адамдар соғысқа бармаса да жұмыс істеп, барлық табысын әйелдеріне береді. Әйелдер үй шаруасын және тұрмысты бақылайды. Кейбір әйелдер де жұмыс істейді. Сол кезде балалары олармен бірге жүреді. Ерлердің өз мүлкі жоқ және олар әйелінің үйінде тұрады. Көп жағдайда тайпа әйелдері еркектерді басқа тайпалардан таңдайды.
Мұнда қыз бала дүниеге келуі үлкен бақыт саналады. Қыздың тууын асыға күтеді. Өйткені дәл қыз есім мен мүлікті мұра етеді және әулеттің жалғасын сақтайды. Мұнда дүниеге келген балаға анасының тегі беріледі. Алайда жаңа заманда қазір ер адамдар өздерінің құқығын қорғауды талап етіп, өздерінің арасында ұйымдар құрған.
“Жігіттер гүл сыйлап, есік ашып берсе күлкіге қалады: Әйелдері әскерге баратын ел”
Әлемде әйелдердің теңдік мәртебесі басым елдер бар. Солардың бірі – Норвегия. Мұнда ер адамдар әйелдерден 41 мыңға көп. Дегенмен соған қарамастан, көптеген шетелдіктер мұндағы ерлерді кейде басқа ғаламшарлықтай көріп жатады. Бұған себеп, олар көбіне үй шаруасын, бала күтімін әйелдермен бірдей істейді. Тіпті көбіне тұрмыс-тіршілікте бастаманы ер адамдар көтереді. Бұл елдің ер азаматтары шкафындағы киімдерінің жинақылығынан бастап барлық жердегі ұқыптылыққа аса мән береді.
Ал әйелдер мұнда саясатта, бизнесте, ғылымда еркін жұмыс істейді. Тіпті әйелдер де әскерге барады. Одан бөлек, бұл жақта әйелдер ер адамдардың алдында сұлу көріну үшін сәнденіп, әрленбейді. Олар шаш сәндеу, биік өкшелі аяқ киім киюді бос уақыт кетіру санайды. Олар жел мен таулы аумақта жүруге ыңғайлы киініп, еш бояусыз сәнденбей, табиғи сұлулықпен өмір сүреді. Себебі олар өзгелердің сырт келбетке байланысты пікіріне пысқырып қарамайды. Сонымен қатар, Норвегида әйелдер де алькоголді ішімдік ішкенде ерлерден қалыспайды. Олар еркін күліп, қалжыңдап, дауыстарын көтеріп, қалағанынша эмоцияларын шығара алады. Мұнда “қыз бала нәзік болуы керек, ұят болады” деген ұстаным мүлде жоқ. Керісінше бұл ұстаным әйелдердің ашуын келтіруі мүмкін.
Ал ерлер мен әйелдер кездесуі мүлде бөлек көрініс. Мұнда гендерлік теңдіктің дамығаны соншалық, ерлер гүл сыйлап, көліктен түскенде қол ұсынбайды, есікті айқара ашып бермейді, артынан есікті ұстап тұрмайды. Себебі мұнда "джентльмендік" қылықтар құптала бермейді. Ер адам ауыр чемоданды көтерісуге асықпауы мүмкін. Өйткені мұндай әрекеттер кейде "ер адам әйелден жоғары" деген ишара ретінде қабылдануы мүмкін.
Сондай-ақ шетелдік ер адамдар норвегиялық әйелмен кездессе, бүкіл есепті өзім төлеймін деп қателеспеуі керек. Себебі мұнда әйел өзін тәуелсіз тұлға санайды. Норвегиядағы қарым-қатынас моделі – романтикалық салттан гөрі серіктестікке негізделген. Мұнда махаббат "қамқорлық" арқылы емес, теңдік арқылы көрінеді.
“Жігіт ұнаса кездесуге бірінші шақырады: Не қаласа, ойын ашық айтады”
Әйелдердің құқығы жақсы қорғалған тағы бір ел – Дания. Бұл әлемдегі “халқы ең бақытты өмір сүреді” деп мойындалған ел. Дат әйелдерінің ең таңғаларлық қасиеттерінің бірі — олардың өз қалағанындай өмір сүруге толық еркіндігі бар. Әлемде "бұл дұрыс емес" немесе "жұрт не дейді?" деген сөздер жиі айтылса, дат әйелдері жай ғана өздеріне ұнайтын өмірді таңдайды. Мысалы, компания басшысы, мемлекеттік қызмет немесе одан да басқа кез келген жұмыстарда еш қиындықсыз істей алады. Бұл елде де қыздар сырт келбетке аса бас ауыртпайды. Мұнда әйелдер табиғи сұлулықты ерекше бағалайды.
Ал отбасын құрғысы келсе, жігіттерге барып бірінші ұсыныс жасайды. Яғни бұл елде “бірінші қадамды ер адам жасау керек” деген ұстаным мүлде жоқ. Қыздар жігітті көріп, ұнатса, барып кездесуге шақырып, қадамды өзі жасайды. Одан бөлек, қарым-қатынаста қалауларын еш астарсыз тіке айтады. Дат әйелдері ана атана сала, жұмысы мен өз істеріне бірден араласып кетуі мүмкін. Мұндағы әйелдерде “балалы болған соң өміріңді, соған арнау, үйде отыра тұру” деген түсінік жоқ. Сол себепті көшеде арбада сәбиін сүйреп жүрген әкелерді көрсе ешкім таңғалмайды. Мұнда әйел мен ер теңдей декреттік демалысқа шығады.
Одан бөлек мұнда әйелдер үшін белгілі бір жас шектеуі жоқ. Олар үшін 40 жаста жаңа мамандықты игеріп бастау, 50 жаста университетке түсу немесе 60 жаста әлемді аралау –норма. Тіпті тұрмыс құратын жас деген түсінік жоқ.
“Бұл елде 14 жыл әйелдер президент болған”
14 жыл бойы әйел президент басқарған ел – Ирландия. Бұл елде әйелдер саясатта өте белсенді, ал кейбір тарихи оқиғалар бүкіл әлемнің назарын аударған. Мысалы, Ирландияда бір емес, екі рет қатарынан әйел президенттер сайланған. Алдымен 1990 жылы Мэри Робинсон, кейін Мэри Макалис президент болған. Осылайша Ирландияда 14 жыл бойы елді әйел президенттер басқарды. Бұл әлем саясатында сирек кездесетін жағдай. Бұл елде әйелдер саясатқа еркін араласып, парламентте әйел депутаттардың саны жыл сайын көбейіп келеді.
Тағы бір қызық ерекшелік – ирландиялық әйелдер әзілдегенді жақсы көреді. Олар ашық әзілдеуге, қатты күлуге ұялмайды. Отбасында көбіне ақшаны әйелдер ұстайды. Ал бұл елде де декретке шыққан әйелге еркек теңдей көмек беруге тиіс. Яғни ерлер де декретке қатар шыға алады.
“480 күндік декреттік демалыс, фемицид пен ажырасқанда әйелге алимент төлейді”
Әйел теңдігі жақсы қорғалған елдер шебінде – Италия, Канада, Швеция да бар. Мәселен, Канадада әйелдер мен ерлерге бірдей қарамау, әйелдерді кемсіту немесе олардың құқықтарын шектеуге қарсы қатаң заңдар бар. Егер әйелдер қысым көрсе немесе әділетсіздікке тап болса, олар полицияға немесе сотқа шағымдана алады. Мұндай жағдайда оларды қорғайтын арнайы бағдарламалар жұмыс істейді. Сондай-ақ үкімет әйелдер мен ерлердің тең құқықта болуын қолдау үшін тұрақты бағдарламалар жүргізеді.
Ал Швецияда ата-аналарға 480 күндік декреттік демалыс беріледі. Оны әке мен ана бөлісіп ала алады. Балабақшалар мемлекет тарапынан қолжетімді. Сондықтан әйелдер жұмысын жалғастыра алады. Үйдегі зорлық-зомбылыққа қарсы арнайы заңдар мен орталықтар бар. Италия әйел теңдігі үшін әлі күнге дейін күресіп келе жатқан елдердің бірі. Ал Италияда ер адамдар егер ажырасса, ортада бала болса да болмаса да экс-жұбайына алимент төлеуге міндеттеледі. Ал балалары болса, әйеліне бөлек төлейді.