"Әйелдердің кеудесін ашқан, жыныстық қатынас көріністері бар": TikTok балаларға порнография ұсынған
Фото: Ru.freepik.com
Адам құқықтарын қорғау ұйымының жаңа есебіне сәйкес, TikTok алгоритмі балалардың аккаунттарына порнография мен шамадан тыс сексуалдандырылған контентті ұсынып отырған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС-ге сілтеме жасап хабарлайды.
Зерттеушілер балалар аккаунттарын қолдан құрып, қауіпсіздік параметрлерін қосқанымен, TikTok бәрібір жыныстық сипаттағы контент ұсынған. Ұсынылған материалдарда сексуалдандырылған контент, оның ішінде ашық жыныстық қатынас көрсетілген бейнероликтер де бар.
Платформа өз тарапынан балаларға қауіпсіз әрі жас ерекшелігіне сай тәжірибе ұсынуға ұмтылатынын және мәселе туралы білген бойда дереу шара қолданғанын мәлімдеді.
Шілде айының соңында және тамыз айының басында Global Witness құқық қорғау ұйымының зерттеушілері өздерін 13 жастағы жасөспірімдер ретінде көрсетіп, TikTok-та төрт аккаунт ашқан. Олар туған күндері туралы жалған ақпарат көрсеткен және платформа жеке басын растау үшін қандай да бір қосымша ақпарат сұрамаған.
Зерттеушілер TikTok-тың “шектеу режимін” де қосқан. Осылайша, платформа пайдаланушыларға “ересектерге арналған немесе күрделі тақырыптарды, соның ішінде жыныстық сипаттағы контентті” ұсынбайды. Алайда пайдаланушылар ешқандай видео іздемесе де, олар қосымшаның “Сізге ұнауы мүмкін” бөлімінен ашық сексуалдандырылған контент шығарған.
“Бейнероликтерде әйелдер мастурбация жасаған етіп көрсетеді. Енді бірінде әйелдер қоғамдық орында іш киіммен жүріп, кеудесін ашып жүрген. Ең сорақысы, олардың ішінде ашық порнографиялық фильмдер, жыныстық қатынас көріністері болған”, – деп жазды басылым.
Global Witness ұйымының өкілі Ава Лидің айтуынша, зерттеу нәтижелері зерттеушілердің жағасын ұстатты.
“TikTok балаларды қажетсіз контенттен қорғап қана қоймайды, ол оны аккаунт ашылған сәттен бастап өздері ұсынып отыр”, – деді ол.
Global Witness – әдетте ірі технологиялық компаниялардың адам құқықтары, демократия және климаттың өзгеруі туралы пікірталастарға қалай ықпал ететінін зерттейтін белсенді ұйым.

2026 жылы жаңа Салық кодексі қабылданғаннан кейін бизнеске не болады?
