Әйелдер ерлерге қарағанда ұзағырақ өмір сүреді: Қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығы артқан

Қазақстанда орташа өмір сүру ұзақтығы 75,97 жасқа жетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2025 жылы Қазақстандағы халықтың туғандағы күтілетін орташа өмір сүру ұзақтығы 75,97 жасты құрады.
Ер адамдардың орташа өмір сүру ұзақтығы 72,19 жас болса, әйелдердікі 79,80 жасты құрайды. Жыныстар арасындағы айырмашылық 7,6 жылдан асады. Сондай-ақ есепте қала тұрғындары (76,63 жас) ауыл тұрғындарына (74,81 жас) қарағанда ұзақ өмір сүретіні көрсетілген.
Ең ұзақ өмір сүру ұзақтығы Алматы қаласында тіркелді – 78,83 жас. Ал ең төменгі көрсеткіш Ұлытау облысында – 73,56 жас.
Бұрынғы жылдармен салыстырғанда елдегі орташа өмір сүру ұзақтығы біртіндеп өсіп келеді. 2020 жылы пандемия салдарынан бұл көрсеткіш ең төменгі деңгейге дейін түскен еді, содан кейін қалпына келе бастады. 2025 жылы да әйелдер ерлерге қарағанда едәуір ұзақ өмір сүреді.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстан халқының саны 20,5 миллион адамнан асқаны туралы жазған едік.
Жаңа салық кодексі әлеуметтік кәсіпкерлерді жеңілдіктерден айырды – Тапсырыс жоқ, қарыз көбейді