Әйел салмағы жеті килограмм сәбиді дүниеге әкелді
Дүниеге жеті килограмм болып келген нәресте Ұлыбританиядағы үшінші ірі сәби болды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Sun басылымының хабарлауынша, 31 жастағы Черрала Митчелл жүктілікке қарсы спираль болғанына қарамастан, аяғы ауыр болған. Әйел жүктілік кезінде іші үлкен болғанын, бірақ аса ауыр салмақ білінбегенін айтады. Ол дүниеге келген сәбиінің салмағын білгенде таңғалғанын жасырмайды.
"Балам бұндай үлкен болады деп ойламадым. Тіпті, ішімнің қай бөлігіне жасырынғанын да білмеймін", – деді Черпала.
Әйелді кесарь тілігі арқылы босандыру үшін екі акушердің көмегі қажет болған. Өйткені нәресте соншалықты үлкен болады деп ешкім күтпеген.
Айта кетсек, жаңа туған сәби – отбасындағы үшінші бала. Ол 28 қазанда жүктіліктің 38-ші аптасында дүниеге келді. Дәрігерлер нәресте ананың гестациялық қант диабетіне байланысты үлкен болып туылды деп болжайды. Жүктілік кезінде алғаш рет қанда глюкоза деңгейінің жоғарылауы байқалған. Бірақ "қант диабеті" диагнозын қоюға жеткілікті деңгейде анықталмады.
Үлкен сәби жансақтау бөлімінде жатыр. Оны неонатологтар бақылауда ұстайды.