Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әйел екі баласын терезеден лақтырып жіберді: Отбасы туралы көршілер айтты

Әйел екі баласын терезеден лақтырып жіберді: Отбасы туралы көршілер айттыФото: Видеодан скрин

Таразда 36 жастағы келіншек туған балаларын бесінші қабаттағы терезеден лақтырып жіберді. 5 және 3 жастағы бала қазір ауруханада ауыр жағдайда жатыр. Көршілері ерлі-зайыптының жанжалдасқанын бұрын-соңды көрген емеспіз деп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Тұрындардың айтуынша, 16 метр биіктіктен тасталған қос бүлдіршіннің жан даусы шыққан. Куәгерлер артынша келіншектің өзі де секірмек болғанын айтады. Бірақ кейін ойынан айнып, балаларын құтқармақ болыпты. Алдын ала болжам бойынша, 36 жастағы әйел бұл қадамға жолдасымен жанжалдасып қалған соң барған.

“Артқы терезеден біреу лақтырып жіберіпті. Кім екен дедім. Содан кейін қыздарым “құрылыс материалдарында істейтіндер” деді. Сол әйел лақтырып жіберген ғой. Екі баласын, біреуі 5-те, екіншісі 2-де дейді. Күйеуін көргенмін құрылыс материалында істегенімде. Жақсы отбасы еді”, – дейді тұрғындардың бірі Рахима Байтөлиева.

Отбасы қала маңындағы бес қабатты жатақхананы жалдап тұрған. Әйел жұмыссыз, ал күйеуі құрылыс материалын сататын дүкенде еңбек еткен. Көршілері бұл отбасының бұрын-соңды ұрысқанын, сырт көзге оғаш қылықтарын көрмедік деп отыр. Ал ауруханада жатқан науқастардың жағдайы ауыр.

“Екі бала да жедел түрде жансақтау бөліміне жатқызылып, лабораторлық диагностикалық іс-шаралар арнайы қызметкерлердің қаралуынан өтті. Қызға бас ми жарақаты, оң аяғының сүйегінің сынуы, төменгі жақтың сынуы диагнозы қойылған. Ұлдың миы қатты ісінген, бас ми жарақатын алған”, – дейді Жамбыл облыстық көпбейінді балалар ауруханасының бас дәрігері Мәулім Кенжалы.



Ал балаларын лақтырып жіберген ана қамауға алынды. Қазір полиция "кәмелет жасына толмаған балаларды өлтіруге оқталу" бабы бойынша тергеу жүргізіп жатыр.

“Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Күдікті анықталып, ұсталды және уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Қазір қажет кешенді тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр”, – деді Жамбыл облысы полиция департаментінің ресми өкілі Құндыз Бөгенбаева.

Бұған дейін 36 жастағы әйелдің өз үйінің терезесінен 5 жастағы қыз бен 3 жастағы ұлын лақтырып жібергені туралы жазған едік. Екі бала да бас миының жарақатын алып, олардан ми ісігі анықталды. Қыз баланың жамбас сүйегі сынып кеткен. Дәрігерлер оған ота жасалатынын айтты.

Айым Болатқызы
Сейсенбі, 10 Ақпан, 2026 08:22