Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әйел 66 жасында оныншы баласын дүниеге әкелді

Германияда зейнеткер әйел экстракорпоралдық ұрықтандыру (ЭКО) көмегінсіз бала көтеріп, дүниеге сәби әкелді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Bild басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Charles Yunck

19 наурызда 66 жастағы Александра Хильдербрандт Берлиннің Шарите ауруханасында Филипп есімді ұлын дүниеге әкелді. Сәби кесарь тілігі арқылы туылып, салмағы 3,5 килограмм болды. Хильдербрандттың айтуынша, ұлы табиғи жолмен өмірге келген. Әйел мүлдем гормондық дәрілерді қабылдамаған және жүкті болуда қиындық көрмеген.

Филипп – Хильдербрандттың оныншы баласы. Әйелдің ең үлкен қызы Светланаға – 46 жас, ал ең кішісі Катаринаға – 2 жыл. Сонымен қатар 66 жастағы әйел соңғы 12 жылда 8 рет босанған, яғни 54 жастан асқан соң көпбалалы ана атанған.

"Үлкен отбасы – бұл тек бақыт емес, сонымен қатар балаларды дұрыс тәрбиелеу үшін маңызды", – деді Хильдербрандт. 
Әйел шылым шекпейтінін, ішімдік ішпейтінін және мүлдем контрацепция құралдарын пайдаланбағанын айтты. Бұдан бөлек әйел салауатты өмір салтын ұстанатынын, жүзумен айналысатынын және күн сайын бірнеше сағат жаяу жүретінін мәлімдеді.

Журналистердің "Жасыңыздағы жүктілік туралы жақындарыңыз алаңдады ма?" деген сұрағына Хильдербрандт тек қолдау көргенін айтты.

Әйелдің акушер-гинекологы Вольфганг Генрих жүктіліктің негізінен асқынусыз өткенін хабарлады.

Алайда АҚШ-тағы бедеулік маманы Брайан Левин 66 жаста табиғи жолмен бала көтеру өте сирек кездесетін жағдай екенін айтты. Дәрігердің сөзінше, бұл ана мен бала үшін қауіпті. Мысалы, егер әйел поликистозды аналық без синдромымен ауырса, менопауза кешігіп, жүкті болу ықтималдығы сақталуы мүмкін.



Еске салайық, бұған дейін Ұлыбританияның Ливерпуль қаласында әйел түсік тастау үшін инъекция жасаса да, босанған. Ол алты айдан кейін әжетханада босанған. Лиан Хеншоудың айтуынша, мұның бәрі 2024 жылдың қазанында болған. Ол кезде күйеуі Пол және үш қызымен Африкадан жаңа ғана оралған. Әйел іші ауырып жатқанына етеккір ауруы деп ойлаған, содан сағат төрттер шамасында оянған. Ол не болып жатқанын сезбей, дәретханаға барса, баланың басы шығып тұрғанын байқайды. 43 жастағы Хеншоудың кенеттен толғағы басталған.

Талқылау