Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Менің күнім атама дәрет суын дайындаудан басталады. Жақсы келін атанудың 7 қағидасы

Жуырда Өскемен қаласында «Аяулы жас келін» байқауы ұйымдастырылып, қазақтың салт-дәстүрлерін берік ұстанып, ұлттық тағамдарды шебер әзірлейтін нағыз келіндер сайысқа түсті.

келін

Шығыс Қазақстан облысының әр ауданынан келген ең үздік келіндер алдымен өздерін таныстырып, кейін өнер көрсетіп, артынан салт-дәстүр туралы сұрақтарға жауап беріп, қазақтың ұлттық тағамдарын әзірлеген-ді. Сондай-ақ, қатысушылар «келіннің бір күндік өмірі» тақырыбында видеоролик ұсынған.

20160922120248

«Аяулы жас келін» байқауында Үржар ауданының тумасы Алтынай Қожбанова топ жарды. 23 жастағы екі баланың анасы Stan.kz тілшісіне сұхбат берген еді.

e793d7be-9360-4f9b-b7b3-a58a9115d4a0

Назарларыңызға, жеңімпаздың жас келіндерге берген 7 түрлі кеңесін ұсынамыз:

  1. Бойжеткендер үлкен өмірге қадам басар кезде «Барған жерімде бақытты боламын деп емес, бақытты қыламын» деп баруы тиіс;
  2. Қазақтың келіндері сыпайы, ізетті, ибалы, инабатты болуы керек;
  3. Ерінің айтқанын бұлжытпай орындаса, отбасының берекесін сақтап қалады;
  4. Үй шаруасы, ас әзірлеу, бала тәрбиелеу… Мұның бәрі кез-келген келіннің міндеттері!
  5. Қазақтың салт-дәстүрлерін, ұлттық тағамдарын жетік білуі тиіс;
  6. Ең бастысы – сабырлылық керек. Жақсы келін ұрыс-керіс шығармайды, өзінің сүйіп қосылған жары үшін бәріне де шыдайды;
  7. Ата-енеге, үлкенге барынша құрмет көрсетіп, кішіге үлгі бола білуі тиіс.

«Ас әзірлеу кезеңінде үйден ашытып апарған қамырдан бауырсақ пісірдік, ұмыт болып бара жатқан қазақтың ұлттық тағамын істеп апардық. Менің жасаған тамағым – «әсіп» деп аталады. Оны әзірлеу үшін – бауырды, бүйректі, етті майдалап турап, татымына қарай тұзын, бұрышын қосады. Түс беру үшін өзім сәбіз де қостым. Ыңғайлы ыдыста 40-50 минуттай суда пісіреді. Бұл тағамды әзірлеуді әжем үйретті. Сол себепті таңсық дүние деп айта алмаймын. Аталмыш байқаудың арқасында «Жаужүрек» деп аталатын тағам түрін бірінші рет естідім. Қалай жасалатынын білетін адамдардан сұрастырып алдым. Сөйтсем, ол кәдімгі біздің жеп жүрген кәуәбымызға ұқсас келеді екен. Сол сияқты жұрт біле бермейтін сүт тағамдары да жетерлік», – дейді Алтынай.

fe4a7acf-5865-4c1b-b843-28d53c20018f

decb191e-4a4f-4e7e-93c4-26d16beea888

23 жастағы жас келін бүгінде бір қыз бен бір ұлдың анасы, бір үйдің отанасы. 18 жасында тұрмыс құрған ол жуырда кітапханаға жұмысқа тұрған. Айтуынша, заманауи қазақтың келіндері бәріне де үлгеруі тиіс.

3330e71c-3340-4d9e-950a-0ad248d683a0

Алтынайдың пайымдауынша, қазылар алқасы оның «Келіннің бір күндік жұмысы» атты видеоролигін жоғары бағалаған. Төрешілердің шешіміне әсер еткен де осы видео болса керек-ті.

«Ата-енеммен бірге тұратындықтан, видеоролик те сол кісілердің қатысуымен түсірілді. Атам – қажы, бес уақыт намазын оқиды. Менің күнім атама дәрет суын дайындап беруден басталады. Әрі қарай сиыр сауып, таңғы ас әзірлеймін. Отбасымды оятамын. Шәй беріп болған соң, күйеуімді жұмысқа шығарып саламын, одан кейін өзім де жұмысқа әзірленемін. Одан бөлек, үйде үлкен кісілер болғандықтан, қонақ көп келеді. Қонақты дұрыс күтудің жолдарын ұсындым. Мақсатым – «келін бәріне де үлгеруі тиіс» дегенді жеткізу болды», – дейді жеңімпаз-келін.

«Қазақтың келіндері сыпайы, инабатты, кішіпейіл болуы керек. «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» деген қағиданы берік ұстануы тиіс» – дейтін Алтынай байқау шарттарын орындау қиынға соқпағанын айтты. Айтуынша, келін сүйіп қосылған өмірлік серігі үшін өмірдің бар соқпақтарына мойымай, шыдауы тиіс.

«Ең бастысы сабырлылық керек. Өзіңнің сүйіп қосылған жарың, ешкім күштеп үйлендірген жоқ. Сол себепті бәріне де шыдау керек», – дейді ол.

Жеңімпаздың айтуынша, қазақ халқының салт-дәстүрін, ұмыт болып бара жатқан ұлттық тағамдарын насихаттап, қайта жаңғыртатын аталмыш байқаудың тәрбиелік маңызы зор.

Айта кетейік, ШҚО-да облыстық «Аяулы жас келін» байқауы бірнеше жыл қатарынан ұйымдастырылуда. Ал байқауды ұйымдастырушылардың айтуынша, «Аяулы жас келінге» қатысу үшін ниет білдіретін әйелдердің қатары жыл санап артып келеді.

Жүлделі екінші орын Абай ауданының келіні Эльмира Биргамитоваға бұйырса, үшінші орынды Глубоковский ауданының тумасы Мәдина Көпенова жеңіп алды. Жеңімпаздарға ШҚО ішкі саясат басқармасы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етті.

Жіберіп алмаңыз: 

“Мерейлі отбасы” ұлттық байқауының бас жүлдесін ақтөбелік Нұсқабаевтар иеленді (фото)

Әр аймақтағы қазақтың салт-дәстүріндегі өзіндік ерекшеліктер

Польшалық жұп үйлену тойларына қазақтың ұлттық киімдерін киіп шықты (фото)

Жас дизайнер әйелдер қауымын ұлттық нақыштағы киімдерді киюге шақырды (фото)

Талқылау