Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Аяқтары тілінген, тістері сынған": Алматыда 20 жастағы келіншектің өліміне қатысты жаңа деректер шықты

9 наурызда "Асыл арман" тұрғын үй кешенінде 20 жастағы Ажар Тәуекелқызы алтыншы қабаттан құлап, көз жұмды. Ресми мәліметке сәйкес, ол өзіне-өзі қол жұмсаған. Алайда марқұмның туыстары бұл нұсқамен келіспейді және оның зорлық-зомбылық құрбаны болғанына сенімді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: КТК

Оқиға куәгерлері бір күн бұрын марқұмның пәтерінен қатты айқай-шу шыққанын, үйде қонақтар болып, ішімдік ішілгенін айтады. Қайғылы жағдай болған кезде көршілер қатты соққы дыбысын естіген. 

"Бір зат түскендей дүрс ете қалды. Қызым жүгіріп барып қараса, бір қыз бюстгалтер, трикомен жатыр. Өліп қалған. Біз жедел дәрдем шақыр деп айғайладық. Сол кезде бір ер кісінің дауысы шықты, жылаған. Бір күн бұрын түнде айқай-шу, қонақтар болды. Боқтады бір-бірін, арақ ішкен. Бізге сондай дыбыс естілді", – деді көршісі Тасбике Тұрымтаева.

Кейбірі балконнан екі адамның төмен қарап тұрғанын көрген, бірақ бұл видеолардың кейін жойылғаны айтылып жатыр.

Ажардың өліміне қатысты бір аптадан бері 105-бап, яғни өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу бойынша тергеу жүріп жатыр. Бірақ марқұмның жақындары "өзі секіріп кетті" деген нұсқамен келіспейді. Себебі мәйітті көрген кезде жағасын ұстап шошыған.

"Кішкентай немеремнің киімін алуға қарындасым кірген. Қараса, қан, тіс жатқан. Кәдімгі үш түбірі бар тіс көрдім дейді. Балконнан төрге дейін аққан қанның ізі бар", – деді марқұмның әкесі Тәуекел Жекебай.

Туыстары сол күні пәтерде күйеуі мен енесінен бөлек, тағы екі адамның болғанына сенімді. Тойлап, ішіп, араларында жанжал шығып, арты төбелеске ұласқан дейді әкесі. 

Марқұмның әкесі мен туыстары мәйітте ауыр жарақаттар болғанын, атап айтқанда, денесінде көгерген жерлер, аяқтарында тілінген іздер, сынған тістер мен қан іздері табылғанын мәлімдеді. Олар қызының күйеуі Надырбек, оның анасы Миуагүл және сол түні пәтерде болған екі адам – Әкежан мен Айымды күдікті ретінде қарастыруды талап етіп отыр.

"Қызым бір күні жылап, сурет жіберді. "Мама, Надырбек мені сабады" деді. Біз соны естідік те, сол күні билет жазғызып, ертеңіне қызымызды алғызып алдық. Кінәлі адам — Надырбек күйеуі, оның енесі — Миуагүл, сол кезде соның үйінде болған досы — Әкежан, оның жанына ілесіп келген қыз — Айым. Осы төрт адам қызымды зорлық-зомбылықпен өлтіріп, балконнан лақтырып жіберген", – деді марқұмның анасы.

Ажар осыдан үш жыл бұрын сыныптасына тұрмысқа шыққан, бірақ тұрмыста үнемі таяқ жегенін жақындары растап отыр. Ол бірнеше рет ата-анасының үйіне қашып барған, алайда күйеуінің кешірім сұрап, қайта алып кететін әдеті болған. Анасының айтуынша, қызы бұған дейін де күйеуі ұрып-соғып, жарақаттағанын дәлелдейтін суреттер жіберген.

Қазір полиция бұл іске қатысты қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізіп жатыр. Марқұм Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде үшінші курста оқыпты. Қазақ тілінің мұғалімі боламын деп армандаған. Марқұмның артында бір жастан асқан ұлы қалды. Бүлдіршіннің туу туралы куәлігінде әкесінің аты көрсетілмегендіктен, бала заңды түрде нағашыларының тәрбиесінде қалатын болды.



Еске салайық, бұған дейін Алматы облысында жас келіншек 6-қабаттан құлап, мерт болғанын жаздық. Қайғылы оқиға 9 наурыз күні Қарасай ауданындағы "Асыл арман" тұрғын үй кешенінде болған. Марқұмның соңында бір жасар баласы қалды. 

Талқылау