"Шетелдіктер 4250 теңге төлеп, отандастармен тең құқылы қызмет алады": Қазақстандықтар сырттан келгендердің медициналық көмекті тегін алатынына наразы

Фото: Денсаулық сақтау министрлігі
Қазақстандықтар шетелден келіп, Қазақстанда тұруға ықтиярхат алып елімізде тегіннен-тегін емделіп жүрген шетелдіктердің МӘМС-ке ұзақ жылдар бойы ақша салып, ем ала алмай жүрген отандастармен тең құқылы екеніне наразылық білдірді. Халыққа жетпей жатқан медициналық көмектің шетелдіктерге қолжетімді болуы отандастарымыздың ашуын туғызды. Осы тұста Stan.kz тілшісі Денсаулық сақтау министрлігінен кей шетел азаматтарының неге тегін медицианлық қызмет алатынын сұрап білді.
Қазақстандық медицина қызметкері әлеуметтік желіде шетелдіктердің елімізде тегін қызмет алатынын, ал өз отандастарымыз медициналық көмекке жете алмай жүргенін жазды.
“Ұлтаралық араздық емес. Бірақ Ресей азаматтары ықтиярхат алып, біздің елде тегіннен -тегін кез-келген медициналық мекемеге тіркеліп, тегін қаралып, яғни ақысыз анализ тапсырып, тегін мамандардың кеңесін алып, оны қойш, тегін порталмен ауруханаға емделуге жата алады екен. Оларды дәрігер Д-есепке алса, тегін дәрі ала алады. Үнемдегіш Міндетті медициналық сақтандыру қоры қайдасыздар? Неге өз халқымызға жетпей жатқан медициналық көмек оларға қолжетімді”, – деп жазды желі қолданушысы.
Желі қолданушылар заңнамаға өзгерістер енгізуді талап етті.
“Біз заңнамаға өзгерістер енгізуді талап етеміз”, “Неге сонша сорлы халықпыз, өзімізге 1045 қағаз алдыртады”, “Жүкті әйелдер невропотолагқа қарала алмайды”, “Онкологиялық науқастар барлық қызметтерді ала алмайды”, “Өз елімізде өзіміз сорлымыз”, “Шетелдіктерге шұғыл көмек те тегін көрсетіледі”, “Мұндай үкіметпен жау да керек емес”, – деп жарыса жазды желідегілер.
Оның бұл сұрақтарына Денсаулық сақтау министрлігі жауап берді.
Ықтиярхаты бар шетелдіктер тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне жүгінуге құқылы.
Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанда тұруға ықтиярхаты бар шетелдіктердің тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне жүгінуге құқылы екенін жеткізді. Сондай-ақ олар Қазақстан азаматтарымен бірдей міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне жарналарды төлеуге міндетті.
“Ықтиярхаты бар шетелдіктер “сақтандырылған” мәртебесін алу үшін 12 ай қатарынан жарна төлеу керек. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерден, атап айтқанда Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресейден келген еңбек мигранттары Қазақстан азаматтары секілді медициналық қызмет алуға құқылы.
Ал тұрақты тұруға рұқсаты жоқ шетелдіктер МӘМС жүйесіне кірмейді. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерінен жұмыскерлер үшін жұмыс беруші төлем жасаған айдан бастап “сақтандырылған” деген мәртебе пайда болады. Бірақ жұмысқа тұруға дейінгі кезеңдегі қарыздарды өтеу қажет. Ол үшін еңбек келісімшарты, “жұмыс” мақсатымен уақытша тұруға рұқсат және жеке куәліктерді қорға жолдайды”, – делінген министрліктен келген ресми жауапта.
Ал уақытша жүрген шетелдіктер мен олардың отбасылары халықаралық келісімдерде көзделген жағдайларда ғана МӘМС қызметтерін ала алады. Бұл құқық та заңда көрсетілген.
Қазақстан аумағында жүрген шетелдіктер қауіпті аурулар кезінде тегін медициналық көмек алуға құқылы.
Ал Ресейде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің азаматтары, оның ішінде Қазақстан азаматтары да бар, міндетті медициналық сақтандыру полисін рәсімдей алады. Бұл құжат Ресей Федерациясы аумағында тегін медициналық көмек алуға мүмкіндік береді және медициналық ұйымдарға жүгінген кезде қажет. Полис алу үшін паспорттың нотариалды расталған аудармасы, міндетті зейнетақы сақтандыруының куәлігі, тіркеу және әрекет ететін еңбек шарты керек.
ЕАЭО елдерінің азаматтары, оның ішінде Қазақстан азаматтары да бар ауру, жазатайым оқиға, жарақат, улану, жүктілік немесе босану жағдайларында Одақтың кез келген мемлекетінде жедел және шұғыл мамандандырылған медициналық көмекке жүгіне алады. Сонымен қатар жедел медициналық көмекке егер ол шұғыл немесе төтенше жағдайларда көрсетілсе жоғары технологиялық медициналық көмек те кіреді.
Министрліктің мәліметінше, тұрақты тұруға рұқсаты бар шетелдіктер емханаға Қазақстанның азаматтары секілді ЖСН арқылы тіркеледі. Уақытша жүрген шетелдіктер МӘМС қызметтерін алу үшін емханаға тек:
- Ерікті медициналық сақтандыру;
- Жүктелген медициналық сақтандыру шарттары:;
- Қауіпті аурулар кезінде кепілдендірілген тегін медициналық көмек;
- Халықаралық келісімдерде көзделген жағдайда тіркеледі.
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерден келген еңбек мигранттары емханаға медициналық ұйым басшысына өтініш беріп, төлқұжат пен медициналық сақтандыру немесе жүктелген медициналық сақтандыру келісімшартын ұсыну арқылы тіркеледі, тіркелу мерзімі келісімшарт мерзімімен сәйкес болады.
Шетелдіктер МӘМС-ке қанша жарна төлейді?
Қазақстанда тұрақты тұратын шетелдік азаматтар МӘМС жүйесіне Қазақстан азаматтарымен бірге қатысады. Оларға арналған жарналар мөлшері мен төлеу тәртібі толықтай сол санаттағы қазақстандықтарға белгіленген талаптармен бірдей. Бұл келесі себепке байланысты:
Елде тұруға рұқсаты бар шетелдіктер жарналарды төлеу міндеттері мен медициналық көмек алу құқықтары бойынша ел азаматтарына теңестірілген. Яғни, олар МӘМС жүйесіне сол санаттағы Қазақстанның азаматтары сияқты міндетті төлемдер төлейді.
Шетелдік азаматтар үшін жарналарды төлеу ережелері:
- Еңбекке қабілетті жұмыс істейтін шетелдіктер. Жұмыс берушілер олардың атынан Қазақстан азаматтары секілді екі түрлі төлем жасайды:
Аударымдар – кірістің 3%-ы (жұмыс беруші есебінен). Төлемнің шекті мөлшері 2025 жылы – 25 500 теңге (10 ЕТЖ-ның 3%-ы).
Жарналар – кірістің 2%-ы (жалақыдан ұсталады). Мұнда шекті мөлшер 2025 жылы – 17 000 теңге (10 ЕТЖ-ның 2%-ы, ЕТЖ мөлшері 85 000 теңге).
Бұл ереже тараптар арасындағы азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімдер бойынша табыс табатын тұлғаларға да қолданылады.
- Жеке кәсіпкерлер мен жеке практикамен айналысатын тұлғалар белгіленген тұрақты жарна төлейді – 1,4 ЕТЖ-ның 5%-ы, 2025 жылы бұл 5 950 теңге.
- Жеңілдік санатындағы еңбекке қабілетсіз шетелдіктер. Атап айтқанда, балалар, студенттер, мүмкіндігі шектеулі жандар, жүкті әйелдер, 3 жасқа дейінгі баланы күтіп отырған тұлғалар, тіркелген жұмыссыздар және т.б. Олардың жарналары мемлекет есебінен МӘМС жүйесіне аударылады, сол арқылы олар тегін медициналық көмек алады, себебі олардың қатысуын мемлекет қаржыландырады.
- Еңбекке қабілетті шетелдіктер – жарналарды өздері төлейді. Яғни, ай сайынғы ең төменгі жалақының 5%-ы, биыл 4 250 теңге.
МӘМС жүйесінде медициналық қызмет алу азаматтығына қарамастан, жарналарды төлеу фактісіне байланысты жүзеге асады.Тұрақты тұруға рұқсаты бар шетелдіктер толық көлемде жарна төлейді, бұл олардың медициналық көмек алу бойынша құқығын шектемейді.
Шетелдіктер қандай медициналық көмекті тегін ала алады
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Қазақстан тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар, сондай-ақ қандастар Қазақстан азаматтарымен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі құқықтарды тең дәрежеде пайдаланады және міндеттерді атқарады.
”Егер заңдарда немесе халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстанда уақытша жүрген шетелдіктер мен олардың отбасы мүшелері міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі құқықтарды Қазақстан ратификациялаған халықаралық шарттың талаптарына сәйкес, Қазақстан азаматтарымен тең дәрежеде пайдаланады және міндеттерді атқарады. Шетелдіктердің бірге тұратын жұбайы және балалары – олардың отбасы мүшелері”, – делінген жауапта.
ТМД елдерінің азаматтарына тек өміріне немесе денсаулыққа қауіп төніп тұрған жағдайда ғана жедел көмек тегін көрсетіледі, яғни апаттар, шұғыл жағдайлар, жарақаттар, босану және т.б. Ал қауіп жойылған соң одан әрі медициналық көмек ақылы түрде жүргізіледі.
Шетел азаматтарына көрсетілген медициналық қызметтерге медициналық ұйымдардың шығыны, тиісінше, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде немесе МӘМС аясында өтеледі.
МӘМС жүйесіне жарналар мен аударымдардың мөлшері МӘМС туралы заңмен бекітілген. Шетел азаматтары үшін МӘМС-ке жарналар мен аударымдардың мөлшерін ұлғайту мәселесі қарастырылмайды.
Конституцияға сәйкес, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар Конституция, заңдар немесе халықаралық келісімдер басқаша көздемесе, Қазақстанда азаматтарға берілген құқықтар мен бостандықтарды пайдалана алады және азаматтарға белгіленген міндеттерді атқарады.
Стационарлық науқастардың электрондық регистрінің деректері бойынша, 2024 жылы 200 шетел азаматы жалпы сомасы 47 миллион теңгеге МӘМС қаражаты есебінен стационарда емделген (стационарларға бөлінген қаржы көлемі – 803 миллиард теңге). 2023 жылы 62 адам жалпы сомасы 10 миллион теңгеге емделген (бөлінген қаржы көлемі – 717 миллиард теңге).
"Бәлкім біреуді суға батырып жіберсе не болады": Оқу-ағарту министрлігі 2026 жылдан бастап жүзу сабағы қалай енгізілетінін айтты