"Автобустың ішінде қарсы алдық": Гүлмира Ақүрпекова жаңа жыл қарсаңында қызық оқиғасын айтып, көпшілікті күлдірді
“Тамды аруы”, “Шырқа, гитара” әнімен ел ықыласына бөленген әнші Гүлмира Ақүрпекова жаңа жыл қарсаңында қызық оқиғасын Stan.kz тілшісіне айтып берді.
Фото: https://www.instagram.com/gulmira_akurpekova/
Өнер иесі студент кезінде жаңа жылды жолда қарсы алғанын есіне түсірді.
“1 курсқа оқуға түскен кезім. Каспий университетінде оқыдым. Ол кезде ауылды қатты сағынасың. Әке-шеше мен бауырды, ауыл адамдарына жетуге асығатын едік. Қалаға үйренісе алмай, жатырқап жүрміз. 3 курста оқитын Бауыржан ағама “Жаңа жылға ауылға барайық” деп айтып қойғанмын. Ол да келіскендей болған. Содан 31 желтоқсан күні мемлекеттік емтиханнан шығып тұрсам, ағам келіп: “Гүлмира, ауылға бармай-ақ қояйықшы. Мен қыздармен қыдыратын едім” дейді. Мен жыламсырап, ағамның көңіліне қарап тұрған жоқпын. Жалғыз өзім кете берем деп бой бермеймін. Ол мені жалғыз жібергісі келіп тұрған жоқ. Бір кезде екеуміз автовокзалға барып, билет іздедік. Түсте барғаннан билет кешкі 8-де бір-ақ табылды. Содан мініп кеттік. Ағам “бәрібір үлгермейміз” деп барғысы келмей тұрды. Айтқаны орындалып, Луговойға жеткенде жаңа жыл кірді. Бәріміз автобустың ішінде бір-бірімізді құттықтап, ауылға аман-есен жеткенбіз”, – деді эстрада жұлдызы.
-
Қазақстандық өнер жұлдыздары 2024 жыл несімен есте қалғанын айтып берді
-
2024 жылы қазақстандықтар қандай танымал тұлғалардан айырылып қалды
Бұған дейін эстрада жұлдызының әріптесі Бағдат Сәмединова қызық оқиғасын айтып берген еді.
“Сахна сыртында үлкен жарық беретін экранның жоғарыға ілінген тогы істен шыққан. Содан 10 шақты күн бұрын ұзын әдемі құндыз тон алған едім. Соның жағасы жанып жатыр. Жұрт жаңа жылды тойлап, жыл келгеніне қуанып жатса, мен мына жақта өрт сөндіріп жүрмін. Сол жерде жүрген жігіттер де көмекке келіп, бәріміз жабылып сөндірдік. Егер жағам үлкен болмағанда шашым бәрі жанып кететін еді. Кейін құндыз тонымның жағасын алып тастап, өзгертіп алдым”, – деген еді мәдениет қайраткері.