Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Автобус жолаушысы жүргізушіні ұрған: Алматыдағы жол апатына қатысты жаңа деректер пайда болды

Алматыда автобустың бір топ жаяу жүргіншіні қағып кеткен жол апатына қатысты тың деректер пайда болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото әлеуметтік желіден

Алматы полиция департаментінің мәліметінше, жол апаты кешкі сағат 18:15-те болған.

"Жанжалдың салдарынан 47-бағыттағы автобустың жолаушысы жүргізуші әйелді ұрған, жүргізуші есінен танып, көлікті басқара алмай қалған. Басқарудан шығып кеткен автобус аялдама маңындағы бір топ адамды қағып, сонымен қатар төрт көлікпен соқтығысты. Оқиға салдарынан үш адам қаза тауып, тағы төрт адам жарақат алып, ауруханаға жатқызылды”, – делінген полиция хабарламасында. 

Автобус жүргізушісін ұрған ер адам ұсталды.

"Бұл дерек қылмыстық кодекстің 345-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді", – делінген хабарламада.

Жол апатына қатысты қалалық денсаулық сақтау басқармасы да мәлімдеме жасады. 

“Жол апаты салдарынан 7 адам зардап шеккен. Жедел жәрдем келгенше үшеуі қайтыс болды. Үш ересек адам жабық бассүйек-ми жарақатымен, бас миының шайқалуымен, сол жақ жамбас сүйегінің сынығымен №7 қалалық клиникалық ауруханаға жатқызылды. Төртінші зардап шегуші 15 жастағы бала сол жақ аяқ сүйектерінің сынуы диагнозымен №2 қалалық балалар клиникалық ауруханасына жатқызылды. Барлық зардап шеккендерге қажетті медициналық көмек толық көлемде көрсетіледі”, – делінген хабарламада.

Сараптама тағайындалды. Оқиғаның мән-жайлары анықталуда.

Еске салсақ, бұған дейін Алматыда автобус аялдамада тұрған бір топ жаяу жүргіншіні қағып кетіп, үш адам қаза тапқаны туралы жазған болатынбыз.

Талқылау