Сарапшылар авиаотын бағасы түскенде әуе билеттері арзандайтынына күмән келтірді

Қазақстанда авиаотынның құны төмендеп, әуе билеттері арзандайды деген жаңалық шықты. Айтуларынша, елдің транзит әлеуетін арттыру және әуекомпаниялар үшін ұшуды тиімді ету мақсатында әуежайларда авиаотын бағасы кезең-кезеңімен төмендетіліп жатыр. Дегенмен елдегі ең басты әуе компаниялардың бірі Air Astana билеттер арзандамайтынын айтып, сауалымызға жауап берді. Ал авиасарапшылар биліктің бұл шешімін құптамады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевтың айтуынша, бізде отынның құны 1200–1300 доллардан 940 долларға дейін түсті. Алдағы уақытта 890 долларға дейін төмендету жоспарланып отыр. Ол отынның арзандауы әуе билеттері мен жүк тасымалы құнының төмендеуіне, жаңа әуекомпаниялардың келуіне және Қазақстанның авиациялық хаб ретіндегі позициясын нығайтуға мүмкіндік береді дейді.
"Авиаотынды тікелей мұнай өңдеу зауытынан сатып алатындықтан, бұл операциялық шығынға тікелей әсер етпейді"
Осы орайда Stan.kz ақпарат агенттігі AirAstana компаниялар тобына сауал жолдап, жауап алды. Компанияның бізге берген мәліметінше, жарияланған шаралар елдегі әуежайларда авиациялық отынның құнын төмендетуге бағытталған және әуежайлардан тікелей отын сатып алатын әуекомпанияларға қатысты.
"Air Astana компаниялар тобы авиациялық отынды тікелей мұнай өңдеу зауытынан сатып алатындықтан, аталған шаралар компанияның операциялық шығындарына тікелей әсер етпейді. Дегенмен Air Astana операциялық ортаны бағалау үшін авиациялық отын нарығын мұқият бақылай береді. Шаралар іске асырудың бастапқы кезеңінде болғандықтан, олардың ықтимал әсері туралы айту әлі ерте", – деп жауап берді Air Astana компаниялар тобының баспасөз қызметі.
"Әуе билеттері шынымен арзандауы үшін бізде сау, әділ бәсеке болуы керек"
Дегенмен біз сарапшылардын әуеотынның арзандауы билет құнын төмендете ала ма, жалпы мұндай шешім неге тиімсіз екенін сұрап көрдік. Азаматтық авиация комитеті төрағасының экс-орынбасары Серік Мұхтыбаевтың пікірінше, барлық әуежайда авиаотын құюды бір ғана компания жүзеге асырсын деген мәселе белсенді түрде астыртын жүзеге асып жатыр. Ол айтылып отырған авиаотын отандық компания ұшақтарына құйылып жатқанын іс жүзінде көрсетсін дейді.
"Қазақстанда жыл сайын отын тапшылығы бар, шамамен 300–500 мың тонна. Оны біз Қазақстаннан тыс жерден сатып аламыз. Нарықтық бағамен аламыз. Яғни, біздің мұнай өңдеу зауыттарында өндірілетін отын қолданыстағы тасымал көлемін толық қамтамасыз етуге жетпейді. Олай болса, олардағы арзан отын қайдан шығып жатқаны түсініксіз. Ол қандай есеппен арзандатылып отыр, бұл да белгісіз. Отын тапшылығы қалай жабылады, бұл да үлкен сұрақ. Үшіншіден, осы бағамен бөлінетін қандай да бір шағын квота болуы мүмкін. Бірақ сол квотаның нақты тұтынушысы кім болатынын айта алмаймын. Баға бір тоннасына 980 долларға дейін төмендетіледі деп жарияланды. Ендеше, осы әуеотынды жолаушылар тасымалдайтын отандық әуе компаниясының нақты түрде құйып жатқанын іс жүзінде көрсетсін. Мәселе мынада: қазір барлық әуежайларда авиаотын құюды бір ғана компания жүзеге асырсын деген мәселе белсенді түрде астыртын жүзеге асып жатыр", – деп пікір білдірді сарапшы.
Серік Мұхтыбаевтың сөзінше, бағалар төмендейтініне үміттене бермеу керек. Себебі ол үшін елде сау әрі әділ бәсеке жоқ дейді ол.
"Өздеріңіз білесіздер, нарықтың шамамен 60–70%-ын Air Astana компаниялар тобы бақылап отыр. Яғни, іс жүзінде бұл – монополия. Ал монополист билет бағасын өзі белгілей алады. Бағалар міндетті түрде төмендейді деп айту қиын. Әуе билеттерінің бағасы шынымен арзандауы үшін бізде сау, әділ бәсеке болуы керек. Лоукостерлер болуы қажет, А нүктесінен В нүктесіне 20 доллармен ұшуға мүмкіндік болғаны жөн. Бұл ұсыныс пен сұраныс көп болған жағдайда ғана мүмкін. Ал бізде монополия сақталып тұрған кезде меніңше, жағдай өзгермейді. Себебі азаматтық авиацияны 25 жыл бойы белсенді дамытқанымызбен, бар болғаны 5 компания ғана болды. Қазір негізінен екі компания – Air Astana мен SCAT. Бірақ жаңа әуе компаниялары пайда болған жоқ. Неге пайда болмады? Себебі мемлекет мұндай компаниялардың құрылуына мүдделі жағдай жасамай отыр", – дейді ол.
"Елімізге жүк ұшақтары қонсын деп отынды оңды-солды жұмсау – өте даулы іс"
Ал экономиканы шолушы Денис Кривошеев мұндай жағдайлардың бәрін авиация саласында кәсіби емес адамдар отырғанымен түсіндірді.
"Мен мұның бәрін еліміздегі авиацияның, авиацияны басқарудың және осы салаға қатыстының барлығының өте кәсіби емес адамдардың қолында болуымен ғана түсіндіремін. Бұл адамдар осы бизнестің құрылымын мүлде түсінбейді. Елімізді авиациялық орталыққа айналдыру деген бір идея бар екені байқалады. Алайда картаға мұқият қарасақ, Қазақстан негізгі әуе маршруттарынан сәл шеткері орналасқан. Флайрадарды ашып қараңыз, жүк бағыттары Ыстамбұл арқылы өтеді. Бұл аса маңызды үш бағыт – құрлық, теңіз және әуенің тоғысқан жері болғандықтан әлемдегі ең жүктемесі жоғары авиациялық қалалардың бірі. Жүк рейстері негізінен оңтүстіктен, Оңтүстік Еуропа арқылы ұшады. Сол бағытпен, Қара теңізді, Жерорта теңізін айналып өтіп, Еуропа аумағына кіреді. Біз үміт артып отырған қытайлықтар да Оңтүстік-Шығыс Азиядан ұшатын рейстерге қосылуы мүмкін. Бірақ бұл тек оларға осында арзан отын уәде етілген жағдайда ғана", – дейді экономиканы шолушы.
Денис Кривошеев өзімізге аса құнды отынды "жүк ұшақтары бізге қонсын" деп оңды-солды жұмсауды сынады.
"Өзімізге аса тапшы, өте құнды ресурс – авиациялық отынды, тек номиналды түрде "елімізге қандай да бір жүк ұшақтары қонсын" деп оңды-солды тарату – меніңше, өте даулы іс. Екіншіден, бұл қазақстандық әуе компанияларына айтарлықтай әсер етпейді. Себебі олар, тағы да қайталап айтамын, әуеотынды бұрыннан өздері тікелей қанатына құйып, өз бетінше алып келген. Оларда бұл отынды ашық нарықтан сатып алу мүмкіндігі болды. Жалпы, бұл мүмкіндік енді ғана кеңейе бастайды. Ал егер біз қандай да бір жолмен өз отынымызды – белгілі бір табыс әкелуі тиіс отынды шығынға немесе, айталық, маржасыз сатуға мәжбүрлейтін болсақ, бұл да өте ойланбай жасалған қадам болып көрінеді. Яғни, біз ең алдымен нарықтың өзі шешуге тиіс қажетсіз міндетті әкімшілік тәсілмен шешуге тырысып отырмыз. Ал мұның ең бастысы – экономикалық тұрғыдан ешқандай нәтиже бермейді", – деп есептейді ол.
Шолушының сөзінше, Қазақстанда жұртты қызықтыратындай жүк көлемі де жоқ.
"Бізде еуропалықтарды қызықтыратындай және соншалықты жылдам жеткізуді талап ететін жүк көлемі жоқ. Оған қоса Еуропа мен Азия үшін бірдей қызық болатын, елімізге жеткізілетін ондай ауқымды жүк те жоқ. Ал егер техникалық қуаттар мен мүмкіндіктер жеткілікті болса, мұның бәрі қосымша энергетикалық "қоректендірусіз-ақ" қозғала беруге тиіс. Қолдан "үрлендірілген" нәрсенің бәрі ерте ме, кеш пе жойылады", – деп түйіндеді экономиканы шолушы Денис Кривошеев.
Сарапшылар авиаотын бағасы түскенде әуе билеттері арзандайтынына күмән келтірді