Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ауырмайтын жол ізде": Созылмалы аурулар мен қатерлі ісікке себеп болатын денедегі мына 10 өзгеріске мұқият болыңыз

Адам өзінің ағзасындағы өзгерістерге қарап, кейбір созылмалы аурулардың алдын ала алады. Үй жағдайында денеге мұқият қарап, денсаулық күнделігін жазып, дене мүшеңіздің қаншалықты жиі ауыратынын есептеуге мүмкіндік бар. Одан соң маманның көмегіне жүгініп, дер кезінде шара қолдана аласыз. Stan.kz денсаулыққа қатысты мына 10 өзгеріске мұқият болуға кеңес береді. 

Фото: unsplash.com

Фото: unsplash.com

Артериялық қысым

Lifekacker.ru мәліметінше, артериялық қысымның 120/80 немесе одан төмен көрсеткіші қалыпты болып саналады. Егер жоғарғы көрсеткіш (систолалық қысым) 120-дан 129-ға дейінгі аралықта болса, онда қысым жоғарылаған деген сөз. Бұл жағдайда абай болу керек. Себебі мұндай көрсеткіш көбіне гипертонияға айналып кетеді. Ал ол атеросклероз, жүрек ұстамасы және инсульттің дамуына ұласуы мүмкін.

Гипертонияның белгілері басында байқалмайды. Ал өзгерісті уақытында байқау үшін қан қысымын үнемі өлшеп тұру маңызды. Егер қысым көтерілсе, дәрігерге барыңыз, кейінге қалдырмаңыз. Ал қан қысымы 180/120 нормасынан асып, кеуде қуысының ауыруы, тыныс алудың қиындауы, тілі байлануы, әлсіздік, көру және сөйлеуге қиналу сияқты белгілерді байқасаңыз, дереу медицина көмегіне жүгініңіз.

Егер қан тобыңыз II, III немесе IV болса, қан қысымыңызды мұқият бақылаған жөн. Зерттеулер осы қан топтары жүрек-қан тамырлары ауруларына жиі ұшырайтынын көрсеткен. Жалпы қан тобын біліп жүру керек. Мысалы, қан құю қажет жағдайлар болады.

Холестерин деңгейі

Дене жасушаларын және басқа да маңызды процестерді біріктіру үшін холестериннің маңызы үлкен. Бірақ ол тым көп болса, қауіпті. Содан күретамырда холестериннің түйіншектері пайда бола бастайды, бұл атеросклерозға әкеледі.

Холестерин деңгейін тексеру үшін жылына бір рет анализден өту қажет. "Зиянды" (LDL) және "зиянсыз" (HDL) холестерин деңгейін бақылап отырыңыз. Біріншісі 2,6 ммоль/л (100 мг/дл) мөлшерінен аспауы, ал екіншісі 1 ммоль/л-дан (40 мг/дл) кем болмауы керек.

Триглицерид деңгейі

Бұл – жүрек-қан тамырлары ауруларының даму қаупін бақылау кезінде ескерілетін үшінші фактор. Триглицеридтер, “зиянды” холестериндер секілді күретамырдағы түйіншектердің пайда болу қатеріне және атеросклероздың дамуына байланысты қауіпті. 

Сондықтан үнемі тексеруден өтіп, дәрігермен кеңесіңіз. Көп адамға мұны бес жыл сайын жасау кеңес етіледі, бірақ қант диабеті немесе жүрек ауруы болса, жиірек тексеріп тұру керек. 

Қалқанша безі гормондарының деңгейі

Қалқанша безі гормондары ағзаның көп жүйесіне, соның ішінде метаболизмге әсер етеді. Қалқанша безі гормондарының деңгейі төмендесе, түрлі жағымсыз белгілер пайда болуы мүмкін. Мысалы, салмақ тастау қиындайды, энергия жоғалады, сана бұлыңғырланады, ұмытшақтық, қалтырау байқалады. Сонымен қатар бұл гормондардың төмен деңгейі жүрек-қан тамырлары ауруларының қаупін арттырып, өлімге әкеледі. Сондықтан оларды жылына бір рет тексеріп, нәтижесін терапевтке немесе эндокринологқа көрсетіңіз.

Тістің жағдайы

Тістегі бактерияларды жүректегі қан тамырының жеткіліксіздігімен байланыстырады. Олардың болуы қан тамырын тромбоцит түйіршіктерімен бітеп, жүрек клапандарының қабынуын тудыруы мүмкін.

Пародонтпен ауыратын адамдар (тістерді қоршап тұрған тін) жүрек соғысы мен инсульттан жиі зардап шегеді. Сонымен қатар пародонтит қант диабетін нашарлатуы мүмкін екені туралы дәлелдер бар. Әсіресе темекі шегетін адамдар арасында Түйіншектердің жиналуын азайту үшін тісіңізді күніне екі рет мұқият жуыңыз. Ауыз шайғыштар мен жіптерді қолданыңыз және жылына бір рет тіс дәрігеріне баруды ұмытпаңыз. Қант диабетімен ауырсаңыз, әр 3-6 ай сайын қаралған дұрыс.

Денедегі қалдың түсі мен көлемі

Адамда қал неғұрлым көп болса, олардың бірінде қатерлі ісіктің өсу қаупі соғұрлым жоғары болады. Айына бір рет денеңізді мұқият қарап, жаңа өсінділерге, қалдың түсінің немесе пішінінің өзгеруіне немесе олардың мөлшерінің ұлғаюына назар аударыңыз.

Үш аптада жазылмайтын немесе үнемі қышитын, қабыршақтанып немесе қан кетіп тұрған жараны байқасаңыз, абай болу керек. Мұндайда дереу дерматологқа хабарласыңыз.

Омыртқаның иілуі

Омыртқа қисайып кеткен-кетпегенін тексеру керек. Бәлкім ол қазір аз ғана қисайған, сондықтан қолайсыздық тудырмайды. Бірақ уақыт өте ол созылмалы арқа ауруы мен қозғалғанда қиналу проблемаларына әкелуі мүмкін. Жақын адамыңыздан омыртқаңызды қарауын сұраңыз. Еңкейіп, еденге қолыңызды созыңыз да, жақыныңызға кеуде қуысының бір жағы жоғары тұрған-тұрмағанын және санның симметриялы орналасқанын тексертіңіз.

Сол позада тұрып, сүйек симметриясына да назар аударыңыз. Екі иық пен екі жауырын бір деңгейде болуы керек. Ал арқа еңкейгенде тым дөңгелек болмауы керек. Егер қисайғанын байқасаңыз, дәрігермен кеңесіңіз. Ол омыртқаның деформациясының дәрежесін анықтайды және емдеу әдістерін қарастырады.

Бас ауруының күшеюі

Бас ауруы жеңіл тітіркендіріп тұратын деңгейден мүлдем төзгісіз жағдайға дейін өзгереді. Егер бас ауруы басқа белгілермен бірге жүрсе, мидың қатерлі ісігі, жоғары қан қысымы немесе инсульт сияқты проблемаларды білдіруі мүмкін.

Қай кезде басыңыз ауыратынын және ол қалай күшейетінін бақылаңыз. Кәдімгі блокнотқа немесе арнайы қолданбаға ауырсыну жиілігі мен қарқынын, ұзақтығын, бастың қай аймағы ауыратынын, тағы қандай белгілер байқалатынын жазып жүріңіз. Бірте-бірте ауырсыну неден екенін байқай бастайсыз және оны азайту үшін өмір салтыңызға өзгеріс енгізесіз.

Егер бас аптасына бір реттен артық ауырса, себебін анықтау үшін дәрігерге барыңыз. Егер бас ауруымен бірге көздің көруі нашарласа, беттің нерв жүйесіне зақым келсе, қол немесе аяқ әлсіресе, сөйлеу немесе түсіну қиындаса, дереу медицина көмегіне жүгініңіз.

Қандағы қант мөлшері

Қандағы глюкозаның жоғарылауы (гипергликемия) денеде қабынудың пайда болуына ықпал етеді. Ол сонымен қатар қан тамырларын зақымдайды. Уақыт өте келе бұл жүрек-қан тамырлары ауруларына және басқа да проблемаларға әкелуі мүмкін.

3,5–5,5 ммоль/л (60–100 мг/дл) көрсеткіштері қалыпты болып саналады. 11 ммоль/л (200 мг/дл) және одан жоғары болса, бұл – қазірдің өзінде 2-типті қант диабетінің бар екенінің белгісі.

Қауіп факторына жататын адамдар (45 жастан асқан, қозғалыссыз өмір салтын ұстанатын, артық салмағы бар, отбасында қант диабеті немесе гипертония бар) жылына бір рет қандағы қант деңгейін тексертіп отыруы керек. Басқа жағдайда үш жылда бір рет қаралу жеткілікті. Сонымен қатар емханада тестілеуден өтуге немесе глюкометр сатып алып, қант деңгейін үйде тексеруге болады. Егер нәтиже 6 ммоль/л-ден жоғары болса, дәрігермен кеңесуді ұмытпаңыз. Бұл кез келген жастағы адамдарға, соның ішінде балаларға да қатысты.

Омыраудың жағдайы

Омыраудың жағдайы әйелдер үшін маңызды. Оны әйелдер айына бір рет өзі тексеріп тұруы керек. Барлық сүт бездерінің құрылымы майлы, талшықты және сүт өндіруші тіндердің, сүт түтіктерінің ерекше орналасуына байланысты сәл түйіршіктелген болады. Омырауда май көп болса ол жұмсақ әрі біркелкі сезіледі. Ал лактогенді тіндері көп және майы азырақ болса, тығызырақ және біркелкі емес келеді. Әйелдің сүт бездерінің тығыздығы біркелкі емес немесе өте тығыз болса, қатерлі ісіктерді анықтау қиынырақ. Егер қатерлі ісікке күдік болса, маммографиядан басқа ультрадыбысты диагностикадан өту керек.

Үйде өзіңіз тексерген кезде омыраудың нығыздығына және сыртқы өзгерістеріне (түсі, пішіні, терідегі орнына) назар аударыңыз. Егер сүт безіңіздің тіндерінде қандай да өзгеріс байқасаңыз дәрігерге көрсеткен дұрыс. Сондай-ақ етеккір циклін және омырауыңыздың өзіңізге біртүрлі көрінген тұсын еске сақтап алыңыз. Оны келесі апталарда тағы бақылап көріңіз. Бірақ қарқынды өзгеріс байқасаңыз (терінің қызаруы, жара пайда болуы, емізік ішке қарай тартылуы) дәрігерге баруға асығыңыз.

Сүт безінің қатерлі ісігі ерлерде сирек кездеседі, сондықтан өзіңізді жиі тексерудің қажеті жоқ. Бірақ жоғарыда сипатталған белгілерді байқасаңыз (терідегі шұңқырлар, тұрақты қызару, қалыңдау, бөлініс) дәрігерге барған жөн.

Талқылау